Қаратау уран кенішінде 862 млн теңге жымқырылған—Антикор
Қаратау кенішіндегі уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту кезінде 862 млн теңге жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қаратау» ЖШС бұрынғы басшылығына («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ еншілес ұйымы), «Iri building» ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтады.
Мердігер 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені жымқырды деп күдіктелуде. Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және «Қаратау» ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлылық нәтижесінде жасалған.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді. «Iri building» ЖШС-нің нақты иесі іздеуде.
Бұған дейін антикор жоғарыда аталған серіктестіктің иесі ретінде «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы президенті, Қайрат Сатыбалдының туысы Бақтияр Байсейітовке іздеу жариялаған болатын.