Самат Әбіш шартты жазаға кесілді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш кінәлі деп танылып, Қаңтар оқиғалары туралы іс бойынша шартты үкіммен сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Дат газетіне сілтеме жасай отырып. 26 ақпанда жабық сот Самат Әбішті сегіз жылға шартты түрде соттау туралы шешім шығарғаны хабарланды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілген. Осы баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сондай-ақ, жаза мүлікті тәркілеуді және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды қамтуы мүмкін.
Қаңтар оқиғалары кезінде Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін комитетті басқарған Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте өмір бойы еңбек ету құқығынан айырылған.
2022 жылдың маусым айында ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов Самат Әбіштің "тергеу орбитасында” екенін айтқан еді. Кейінірек оның істе куәгер екені де хабарланған.
Алайда ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов сот барысында Қаңтар оқиғасы кезінде Самат Әбіштен бұйрық алғанын мәлімдеген. Бұл мәлімдеме болмағанда Әбіш сол күйі куәгер болып қалар ма еді.
Үлкен мәлімдемеден кейін Ысқақовтың айғақтары құпияланып, "жабайы Арман" мен Қайрат Құдайберген қатысқан іс бойынша сот процесі жабық режимге ауыстырылды.