Талақ «заңды неке» ме, зинақорлық па?

Oinet.kz 19-01-2024 486

Қазақтың ғасырлар бойғы сақталып келе атқан дәсүріне, қлттық болмысына қайшы келетін таным--түсініктердің күшейіп келе жатқаны рас. Мұны ұлттық құндылықтарға жасалған шабуыл деп атасақ та болады. Соның бірі талақ мәселесі. Рас, бұған дейін қазақта талақ болмаған деп айтқан дұрыс емес. Бірақ ол бүгінгідей сорақы кейіпте болмағаны айдан анық.

Screenshot_1.jpg

Еліміздің болашағы жастардың қолында деген сөз жиі айтылса да, сол жастардың отбасындағы өз орны мен жауапкершілігін білмеудің салдарынан босағасы берік отбасылардың сиреп бара жатқандығы ащы шындық. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, елімізде ажыррасу фактілері жиілеген. Бұл жағымсыз жағдай жыл санап өзекті болып келеді. 

Некеге тұру, отбасы болу адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр халық отбасылық құндылықтарды, ата-аналық парызды бәрінен жоғары қояды. Алайда соңғы кездері әсіредіншілдердің мұны ойыншыққа айналдырғаны жасырын емес. Теріс ағымдардың жетегіне ергендер, діни ұстаздарының айтқанынан шыға алмағандар талақ арқылы талай жанның тағдыцрын талқандады. Талай шаңырақ шайқалды. Бұған қалай тыйым салуға боалды? Жалпы талақ туралы өзіндік ойы, пікірі бар азаматтар не дейді? "Бүгінгі күннің сауалында" біз осы мәселені талқыға салған едік. 

Screenshot_3.jpg

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары:

Бұл барып тұрған зинақорлық

Хадисте келтірілгендей «Адамның бойында бір борша ет бар. Егер ол дұрыс болса, ағзадағы басқа мүшелер де дұрыс. Егер бүлінсе, барлық ағза мүшелері бүлінеді. Ол борша ет – жүрек ». Сондықтан жүрек түкпірінде бекіген нәрсе ешқашан жоғалып кетпейді. Ол үшін адамды өз сенімінің дұрыс емес екеніне көз жеткізіп, сосын барып ұстанымын өзгертуге болатын шығар. Соңғы жылдары салафиттік бағыт ұстанған азаматтарды райынан қайтарудың қаншалықты ауыр болғандығының бір мысалын осыдан білуге болады. Осы уахабистік жолмен жүретін кісілердің басты айырмашылығы – олар үшін шейхтардың айтқаны заң. Солардың пәтуасымен өмір сүру дағдыларын қалыптастырады. Яғни Құран хадистен гөрі шейхтың не айтқаны бәрінен де маңыздырақ. Жалпы олардың деструктивті ағым ретінде қоғамда көп теріс әсер туғызғаны белгілі. Әсіресе салафиттердің жаға ұстататын тағы бір қылығы – некедегі тұрақсыздықтары. Бүгін біреуге үйленсе, ертесіне онымен ажырасып, басқасын некелеп ала салады. Ал ажырасқан келіншек ортада барынан айырылып, салафиттердің әрқайсысының уақытша қалыңдығы болып жүре береді. Мұның бәрі жоғарыда айтылғандай, діни сенімге байланысты болып тұр. Яғни «уақытша некеге тұруға болады»деген шейхтардың пәтуасына сүйенген салафиттер осылайша жағымсыз әрекеттер жасап жүр. Бұл Батыста заң ретінде бекітілген азаматтық некенің бір түрі сияқты. Міне, салафиттерде неліктен әйел тұрақтамайтынының сыры осында жатыр. Яғни олар болашақ жарды отбасының шырақшысы, балалардың анасы ретінде емес, көбінесе нәпсісін, құмарын қандыратын зат есебінде қарастырады. Отбасын құруды өмірдің ең маңызды белесі деп емес, ойын сияқты жеңіл көреді. Міне бұл діни сенім қазақ қоғамы үшін осыншалықты қатерлі болып тұр. 

Уақытша некелесу жалпы шариғатта жоқ нәрсе. Оны кейбір шейхтар ойдан шығарып алған. Мұнда қалыңдық алған адам мойнына некенің ешқандай жауапкершілігін жүктемейді. Яғни әйелді үймен, тамақпен басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етпейді. Керек кезінде жалдамалы пәтерде немесе қонақүйде жолығып жүре береді. Бұл барып тұрған таза зинақорлық. 

Screenshot_4.jpg

Бахытжан Серманиязов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

Әйел - ол ер-азаматтың аманаты

Ата-бабамызда негізінде талақ айтып, тастап кету деген жоқ. Талақты жалпы қандай кезде айтады? Оның, менің білуімше, бірнеше себебі бар. Соның ішінде, мәселен ерлі-зайыптылардың арасындағы некеге адалдық танытпауы, былайша айтқанда көзге шөп салу болса, тағы бірі – Ислам дінінен бет бұру, яғни басқа сенімге ауысып, «мен мұсылман емеспін» деп жариялау. Осындай жағдайда ғана еркек талақ айтуға құқы бар. Басқа уақытта отбасын сақтауы керек. Әйел – ол ер - азаматтың аманаты. Оған дұрыс қарамаса ертең Алланың алдында сол үшін жауап береді. Сондықтан мен бүгін үйленіп, ертең ажырасып кететін жігіттерді түсінбеймін. Жалпы бұл мәселеге тереңнен қарау керек. Мұнда бірінші кезекте отбасылық тәрбие қажет. Әсіресе бала мен қызға кішкентай кезінен тәрбиені сіңіру керек. Соның ішінде ер балаға жастайынан үйленген соң ол сенің аманатың болады, сол жауапкершілікті соңына дейін көтеруің керексің деп құлағына құйып өсіру қажет. Сондықтан үйлендің бе қанша қиын жағдай болса да, ортада тастап кетпей, бәріне төзе білуге тиіссің. Қыз баласына осындай тәрбие керек. «Қызды қырық үйден тыю» деп ата-бабамыз текке айтпаған.  Сондықтан қызға бірінші кезекте тәрбиені мықты беру керек. Кейде оларды өзіміз құртамыз. Ішіме сыйған сыртыма да сияды деп. Осыны естіп алған қыз сәл қиындық болса кетуді ойлап тұрады. Ал бұрын ол ұят болған. Қайтып келген қыз жаман деп ондайды ата-бабаларымыз ұнатпайтын. Әрине бұл жерде әртүрлі мәселе болуы мүмкін. Дегенмен қазір болмашы нәрсені желеу етіп ажырасып кетіп жатқан жастар көп. Әкенің де тәрбиеде рөлі үлкен. Қыз әкені сыйлап өссе, ертең әкемнен ұят болады деп отбасылық қиындыққа төзе білер еді. Тым еркеліп жібергендіктен де сәл басқа ауыртпалық түссе қыздар қайтып келе салатын болды. Бұл мәселе жігітке де қатысты. Ерлі-зайыптылар арасында қазір көзқарас мүлдем өзгеріп кеткен. Ешкім-ешкімге мойынсынбайды. Әйелдің өзінің, күйеудің өзінің жауапкершілігі бар. Бірақ мұны ескермей тек менікі дұрыс деп кеуде көтере берген дұрыс емес. Талақтың, ажырасудың орын алуына осы мәселелер себеп деп ойлаймын. 

Screenshot_5.jpg

Мәди Бесбаев, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ әлем тарихы және дінтану кафедрасының аға оқытушысы, дінтанушы:

Талаққа жеңіл қарауға болмайды

Отбасы – бұл шағын мемлекет. Қоғамның ажырамас бөлігі болып табылады. Осыған байланысты Ислам дінінде пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу алейһи уа саллам айтады: «Неке менің сүннетім. Үйленіңдер, көбейіңдер, қияметте мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» деген. Отбасы құру жастардың некелесуі. Неке адал, мәңгі болу керек. Қазіргі таңда елімізде некелескендер көбейіп жатыр. Бірақ ажырасқандар да сонымен қатарласып келеді. Некенің бұзылуы көбінесе ерлі-зайыптылардың некенің шартын толық орындамауының салдарынан болады. Соның кесірінен шаңырақ шайқалып, ажырасу фактілері көбірек орын алады. Қазақ дәстүрінде ажырасу үлкен проблемалық мәселе болған. Қазіргі таңда бұл бір үйреншікті халге айналып бара жатыр. Жастардың ерте үйленіп, бір жылдан кейін ажырасуы дәстүріміздің бұзылып жатқанын көрсетеді. Некенің бұзылуы ұлттық құндылықтарымызға да зиянын келтіріп жатқан жағдайы бар. Екі ортада балаға көп психологиялық, материалдық зардап әкеледі. Ертеректе қазақта күрделі мәселенің бірі – жер дауы мен жесір дауы болған. Отбасының бұзылуы мемлекеттің де бүлінуіне алып келеді. Исламда талақ деген бар. Бұл Алла Тағаланың адал еткен ісінің ең жағымсызы.  Сол себепті Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде мейлінше әйеліңмен тату-тәтті болуға шақырып, жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар деп бұйырады. Қазіргі таңда дәстүрлі емес діни топтардың арасында да «бауырластық неке» деген ұғымдар бар. Олардың жамағатындағы бір қызға сол жамағаттағы жігітке үйленуге тапсырма береді. Некені де өздері қияды. Сосын қажеттіліктерін өтеп болған соң «талақ, талақ, талақ» деп ажыраса салады. Неке де, талақ та деструктивті діни ағымдар үшін, былайша айтқанда, ойыншық сияқты. Неке бұл адал, мәңгі болу керек. Оның бір шарты ерлі-зайыпты үйленгендерін жариялайды.  Сол арқылы отау құрғандарын білдіреді. Талаққа жеңіл қарауға болмайды. Оны айтудың да өзіндік талаптары, жауапкершілігі бар.  Мәселен, әйел екіқабат кезде айтылған талақпен ерлі-зайыпты бірден ажырасып кетпейді. Жалпы ажырасатындар көбінесе өздері кезінде толық отбасыдан шықпағандар. 

Screenshot_6.jpg

Мырзахан Тиметов, Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

АХАЖ-да тіркелген неке ғана неке болып саналады

Маған бір әйел келді. Күйеуі «талақ саған, кет» деген, сонымен ол да бұрылған да кетіп қалған. Ол ерлі-зайыптылар діни емес, зайырлылықты ұстанатын адамдар еді. Бірақ біз АХАЖ бөлімінде тіркелмеген некені қарамаймыз. Тіпті оны неке деп санамаймыз. Өз басым жалпы заңды деген сөзді ұнатпаймын. Заңды неке деп жатады. Неке әу баста заңды болмаса, неке бола ма?! Ал үйінде немесе молдаға келіп, болмаса мешітке барып, неке қиған заң тұрғысынан неке болып саналмайды. Оны азаматтық неке қатарына жатқызуға болады. Ал азаматтық неке деген түсінік біздің заңда жоқ. Ол бір көңілдес пен некенің арасындағы нәрсе. Бізге сақал қойған да, хиджап киген де азаматтар ажырасу мәселесімен келеді. Бірақ олар кәдімгі АХАЖ-да тұрған некені бұзуды талап етеді. Егер молдаға некені қидырып ортада бала пайда болса, онда баланың әкесін шешесінің айтуымен жаздырады. Болмаса әкесі келіп мойындап, менен туған бала менің атыма жаз деп айтады. Алайда анасының айтуымен жазылса, баланың әкесінің аты жазылады да тегіне анасының тегі беріледі. Мәселен, күйеуінің аты Жұмабек ал әйелдің тегі Сәрсенбаева болса, туған балаға Жұмабекұлы Сәрсенбаев деген текпен құжатқа жаздырады. Егер әйел айтпаса жаңа туған баланың құжатындағы әкесі деген орын бос қалады. Туу туралы акт жазбасында әкесі көрсетілмеген соң ертең әйел ешкімнен алимент ала алмайды. Ажырасуға негізінен себеп болатын ер-азаматтардың жауапсыздығы дер едім. Қазір қоғамда ойынқұмар, араққа салынып кеткен, есірткі қолданатын ерлер көп.  Шынымен отбасын құруды ойлайтын әйелдер бар. Бірақ күйеулері көп жағдайда жұмыс істемейді. Үйде жатып алады. Сонымен бірге отбасының құлауына түрткі болатын нәрсе неке адалдығының сақталмауы. Небір құпия-сырлар ашылып соның кесірінен ажырасып кетіп жатқандар көп. Оны күнделікті біздің қызметтегі тәжірибеден қарап айтып отырмын. Сондықтан некенің беріктігін сақтаған жөн.


Сайрамда кадрлық тағайындаулар жасалды
Жигули Дайрабаев, Дәулет Тұрлыханов, Берік Уәли Ұлттық құрылтайдан шығарылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу