Дархан Сатыбалдының неге әйел орынбасары жоқ?
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының орынбасарларының ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы 17 аудан, қала әкімдерінің ішінде бір ғана нәзік жанды бар.
Мұндай фактілер Қарақат Әбден бастаған Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының мүшелері гендерлік саясатқа қатысты премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданған депутаттық сауалда келтірілді.
- Гендерлік саясатты іске асыру еліміздегі өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Әрине, қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындауымыз керек. Жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар. Өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бірақ, «бірді көріп «шүкір» айт, бірді көріп «пікір» айт» деген нақыл бар ғой, қазақта. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге мемлекет басшысы баса назар аударды. Мәселен, Президент квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесін 30%-ға арттыруды тапсырған еді. Бірақ, әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7 процентті құрайды. Тіпті «Қазақстан Темір Жолы», «KEGOC», «Қазақтелеком» сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ. Ал халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр. Осы орайда, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладағы жергілікті билік органдары бойынша мәліметтер жинақтады. Мысалы, Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді. Бұл көрініс, басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Нақты сандар өңірлік әкімдіктердегі басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайызды ғана құрайтынын көрсетіп отыр. Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астананың өзінде бір де бір әкім орынбасарлары жоқ, 5 аудан ішінде әйел - әкім тағайындалмаған. Біз заман талаптарына сай болуымыз керек! Дей тұрғанмен, егер, араларымызда, «Әйел бастаған көш оңбайды», «Шашы ұзынның – ақылы қысқа» деген архаикалық, патриархалды ұстанымдағылар болса, келесі фактілерді ескеру қажет: «Әлемдегі ең бақытты елдер» рейтингінде көш бастап тұрған Финляндияның 18 адамнан құралған министрлер кабинетінің 10-ы әйел адам. Ал министрлер кабинетінің тең жартысы қыз-келіншектерден тұратын әлауқаты мықты Исландияның үкіметін әйел адам басқарады екен. Керек десеңіз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білімнің сыналар майданы емес пе?! Орынбасарлық қара жұмыстың бәрін істейтін әйелдер болса, атақтың бәрін алатын бірінші басшы – ер-азаматтар. Осы әділетті ме? Жалпы халықтың 50 пайыздан астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта да 50 пайыз орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Мансап, атақ-абырой... бұл мәртебенің қай-қайсысына да, әйел шындап кіріссе, қол жеткізе алады. Қазақстандық әйелдердің ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға білімі де, біліктілігі де жетеді. Бірақ ұлы мақсат ол емес. Әйелдің ең ұлы миссиясы – ана, жар болу, саналы ұрпақ тәрбиелеу. «Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!» - ғұлама Мәшһүр Жүсіптің сөзі. Сондықтан тас керең болашаққа тас атпайық десек, Домалақ ананың көзіндей болған сауатты, саналы әйелдің бүгінгі үні мінберлерден естілуі тиіс! Көп ойланудың қажеті жоқ. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында біз 30 пайызға жетіп, 50 пайызға ұмтылуымыз керек. Құрметті Әлихан Асханұлы, үкімет те әйелдердің саясатқа араласуына мүдделі болу тиіс. Жүйелі мемлекеттік гендірлік саясатты жүзеге асырудың уақыты келді,-делінген хатта депутаттар әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткішті қосуды, Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламалар даярлауды ұсынып отыр.
Хатқа басқа да партия депутаттары қол қойған.