Президент партия қатарынан не үшін шығып кетті?
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында жоғары лауазымды басшылар мен партиялардың байланысы туралы ой қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі реформалардың мән-мағынасы бойынша Президент елдегі барлық саяси күштерден тысқары тұру керек. Бұл – басты қағидаттың бірі. Сондықтан былтыр Конституциялық реформа аясында Мемлекет басшысы өз өкілеттігін атқаратын мерзімде ешқандай саяси партияның қатарында болмау керек деген ережені енгізу туралы бастаманы көтерді. Содан кейін Президент референдум қорытындысын күтпестен партия қатарынан шығып, төрағалықтан бас тартты. Осылайша Мемлекет басшысы реформаларды жүзеге асыруға табандылығын көрсетті», - деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол енді заң бойынша Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата төрағасы мен мүшелеріне қандай да бір партияның қатарында болуға тыйым салынатынын еске салды.
«Сондай-ақ әкімдер саяси партияның филиалдарында төраға бола алмайды. Осылайша елімізде жаңа саяси мәдениеттің негізі қаланып жатыр», - деді Мемлекеттік кеңесші.