Саясаткер. Бизнесмен. Стратег

Oinet.kz 17-07-2019 1294

Screenshot_13.jpg

Алдағы аптада  ұлттық саяси элита мен бизнестің жарқын өкілі  Нұрлан Қаппаровтың өмірден өткеніне бір жыл толады. Қысқа ғұмырында елдегі ең жауапты қызметтерді атқарып, іскерлігімен көпшілікті мойындата білген ол көзі тірі болғанда 46 жасқа келер еді... 

Қаппаров – бизнес пен саясатта биік шыңдарды бағындырған ерекше тұлғалардың бірі ретінде мойындалған. Тоқсаныншы жылдардың соңына таман еліміздің саяси элитасын технократтар немесе «жастүркілер» деп аталып кеткен топ менеджерлердің шоғыры толықтырды.  Мұхтар Әбіләзов, Мұхтар Жәкішев, Сауат Мыңбаев, Ораз Жандосов секілді жас та болса азулы топ менеджерлермен қатар бұл тізімнің бел ортасында  Нұрлан Қаппаров та жүрді. Рас, кейінгі жылдарда «жастүркілердің» жолы болыңқырамады. Көбісі Үкіметтегі лауазымды қызметтерінен босап, бірі бизнеске ойысса, енді бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Жастүркілерден» билік эшелонындағы орнын  Сауат Мыңбаев пен Қайрат Келімбетов қана сақтай алды. Саяси аренадан Қаппаров та кеткен болатын. Әйткенмен, оның 10 жылдық ұзақ үзілістен соң 2012 жылы кенет Үкіметке қайта оралуы көптеген сарапшылардың таңданысын тудырды. Былтыр Үкіметтегі ауыс-түйістен соң ол «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметке оны Елбасының өзі, көпшіліктің көзінше ұсынғаны есімізде...Ол соңғы қызметінде жеті ай ғана істеді.

Қаппаров жайлы жылы лебіздерді бүгінде көптеген белгілі саясаткерлер мен бизнесмендер айтуда. Мәселен, «Таң» медиа-холдингінің президенті Арманжан Байтасов өзінің досын былай еске алады: 

«Нұрлан – біздің буынды  - 90-шы жылдардың басында бизнеске жиырма жасында келгендердің  басын біріктіріп тұрған адам еді. Оның айналасына үнемі көп адам шоғырланатын. Алғашқы танысқан сәтімізде мен оған 10 минуттық бір шаруамен кіріп едім, екі сағат бойы әңгімелестік. Сол кездесуден соң айнымас досқа айналдық. Бұдан кейінгі жылдарда да бұл байланысымыз үзілмеді. Ол – адамды өзіне тарта білетін, ұйымдастырушылық қабілеті мықты коммуникатор адам еді. Ол барлығымыздың үлкен мақсаттарды қойып, соған жету жолында біріктіргіні келетін. Сол үшін Қазақстанда Гарвард клубын ашты. Әлемдегі жас көшбасшылардың Young Presidents Organization атты ұйымын  елімізде филиал ашуға көндірді. Осындай қадамдар республикадағы бизнес климаттың әлдеқайда жақсаруына тікелей ықпалын тигізді. Осыдан төрт жыл бұрын Нұрлан мені АҚШ президентінің дәстүрлі дастарқанына ертіп барды. Байқағаным, әлемнің түрлі елдерінен келген танымал азаматтардың көпшілігі Нұрламен амандасып жатты, емен-жарқын әңгімелесті. Барлығы оны өзінің досы санайтын. Ол арамыздан кеткелі айналамыз қаңырап бос қалғандай...».

Ал белгілі бизнесмен,  Astana Group холдингінің президенті Нұрлан Смағұлов марқұм Қаппаровты ерекше дарын иесі  ретінде сипаттайды:

 - Мұндай адамнан айрылу – қатардағы айрылу емес. Оның өмірге құштарлығы, идеялары мен жоспарлары орасан еді. Оңтүстік-Шығыс Азияға, Америкаға, Еуропаға алғаш рет Нұрланмен бірге барғанмын. Бизнеске қатысты жоспарларды бірге құратынбыз, отбасыларымызбен де бірге табиғатқа демалуға   шығатын едік. Ол менен 5 жас кіші болса да, ересек көрінетін. Ақылды болумен қатар романтик, авантюрист, әр жаңа іске ерекше құлшыныспен кірісетін. Ойлау қабілеті өте мықты – көптеген оқиғаларды, қандай-да бастаманың нәтижесін алдын-ала болжай білетін дарын иесі», - дейді Н.Смағұлов. 

-- Қай істі қолға алсын, мінсіз жасайтын. Кезінде «Қазтрансойл» компаниясын табысты компанияға айналдырды. «Қазақойлда» жұмыс істеп жүріп, Қазақстан мұнайының экспортын бірнеше есеге арттырды. Соның арқасында ел қазынасына қомақты қаржы келіп түсе бастады. Ұлттық қорды құруда да Нұрланның үлесі өте зор. Ол осы қорға қатысты жұмыс тобының мүшесі болды. Соның арқасында қорға қаржы келіп түсе бастады. Оның атом өнеркәсібі саласын дамытуға қатысты да жоспарлары көп болатын. «Қазатомпром» компаниясын осы саланың көшбасына шығарғысы келді.», - дейді Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев.

Нұрлан Қаппаров Алматы қаласында дүниеге келген. Бірақ, түп-тамыры Оңтүстікте жатыр. Дәлірегі, оның әкесінің, бабаларының кіндік қаны тамған жер -  Қазығұрт ауданы. Н.Қаппаров Алматы технологиялық институтының түлегі. 2001-2003 жылдар аралығында әйгілі  Гарвард университетінің жанындағы Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін тәмамдап шыққан. Бірақ, Нұрлан Қаппаровқа үлкен бизнес пен саясатқа жолдама берген бірден-бір трамплин оңтүстік астананың университеті мен Гарвард емес,  Алматыдағы республикалық физика-математикалық мектеп. Бұл білім ордасының қасында Гарвардыңыз не, тәйірі? Бұлай деуіміздің  мәнін түсіндіріп өтейік. Ел аузында физмат мектебі деп аталып кеткен бұл элиталық оқу орны өз түлектерін мақтан етеді. Тимур Құлыбаев, Қайрат Келімбетов, Бақыт Сұлтанов, Кәрім Мәсімов... бұлардың барлығы да «физматшылар». Қаппаров та «физматшы».  Осы мектепті бітіргендер бизнесте де, саясатта жүрсе де бірімен-бірі тығыз араласып, қолдау көрсетіп жүруімен ерекшеленеді.

Қаппаров бизнеске жалындаған 20 жасында-ақ белсене араласты. 1990 жылы ол «Акцепт» корпорациясының негізін қалап, қысқа уақыт ішінде талайлардың таңдайын қақтырған табыстарға жетті. Азаттықтың таңы атқан сол жылдарда бизнестің ең мықты түрі - Қытайдан тауар тасу еді. Алғашқы қадамдарын осыдан бастаған «Акцепт» көп ұзамай компьютер бизнесіне де араласты. Табысқа молынан кенелген  компания аспан асты елімен арада тығыз байланыс орнату стратегиясын жүзеге асыруға талпынып, осы мақсатта «Акцепт» фирмасы басшысының орынбасарлығына Қытайдағы Ухань заң  университетін бітірген Кәрім Мәсімов арнайы шақырылды. Мәсімовтің келуімен көрші елден текстиль бұйымдары мен арақ-шарап өнімдері молынан жеткізіле бастады. «Акцепттің» күшейгені сонша, көп ұзамай еліміздегі спирт өнімдерін шығаратын бес зауытты қарамағына өткізіп, нағыз монополиске айналды.  90-шы жылдардың символына айналған «Тараз» бен «Бүркіт» арағы Қаппаровтың басқаруындағы империяның өнімдері.  Әйткенмен, уақыт өте «Акцепт» әлсірей бастады. 

1997 жылы Қаппаровтың саяси карьерасы басталды. Әуелі Қазстрансойл, кейіннен «Қазақойл» компанияларын басқарды. Стратегиялық маңызы бар  мәселелерде Қаппаров мемлекеттің мүддесін қорғауға барын салатынын айтады. Мәселен, зейнетақы мен жалақы бойынша қарыздар көбейген тұста Үкімет «Теңізшевройл» жобасындағы мемлекетке тиесілі 25 пайыздық үлесінің  10 пайызын сатуды ұйғарады. Бірақ, сол кезде «Қазақойлды» басқарып тұрған Қаппаров бұған үзілді-кесілді қарсылық танытады. Себебі, екі жылдан соң Теңізге дейінгі мұнай құбырларының құрылысы аяқталып, сол себепті акциялар күрт қымбаттайтынын алдын-ала болжады. Ал қысқа мерзімді қажеттілікті шешу үшін мемлекет болашақтағы қомақты табысынан айырылатын еді. Алайда, Үкіметке Қаппаровтың позициясы ұнамай, ол отставкаға кетеді. Әйткенмен, Нұрлан Жамбылұлының  еңбегі еш кетпеді. Үкімет акциялар пакетінің 10 пайыз емес, тек 5 пайызын сатты. Сол арқылы Қазақстан маңызды жобадағы бақылаушы ролін сақтап қалды. 

 1999 жылы ол Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары болып бекітіледі. Отызға жетпей орда бұзған Нұрлан Қаппаровтың болашағы жарқын көрінді. Алайда...

2001 жылы Вице-министр қызметінен кетуге мәжбүр болды. Неге? Қаппаровтың саяси карьерасын зерттеушілер мынадай уәж айтады. Энергетика және сауда министрі Владимир Школьник негізінен металлургия саласына көңіл бөліп, мұнай және газ мәселесіне басын аса ауырта бермейтін. Қаппаров осыны тиімді пайдаланды. Сол жылдары Каспий мұнайы үшін шетел алпауыттары арасында қызу бәсекелестік жүріп жатты. Өзге елдерге қарағанда американдықтардың ұпайы түгел болатын. Бірақ, еуропалық компаниялар да қарап жатпай, қазақстандық саяси элита арасынан мүддесін қорғайтын серіктестерін іздеуге кірісті. Италияның мұнай алпауыты «Эни» корпорациясы мен оған қарасты «Аджип» компаниясы сондай серіктесін тапты. Қашаған жобасының негізгі операторы ретінде «Аджип» компаниясының бекітілуі кездейсоқтық болмаған секілді. Білетіндердің айтуынша, мұнда Қаппаровтың ықпалы мейлінше байқалған. Мұнысымен «Қазақойлдың» басшысы әрі американдық лоббидың  өкілі саналатын Нұрлан Балғымбаевтың қытығына тигенге ұқсайды.  Осының әсері болар, Қаппаров түбі лауазымды қызметін тастауға мәжбүр болды. Бұдан кейінгі екі жылын Америкада өткізген соң Қаппаров елге оралып, “Ланкастер групп” атты компанияның негізін қалады. Оңтүстіктегі ВИЧ-трагедиясынан соң қызметінен босаған Денсаулық сақтау экс-министрі Ерболат Досаев та осы фирмада жұмыс істеді.              Жоғарыда айтқанымыздай,  Алматыда туғанымен, Нұрлан Қаппаровтың түп-тамыры  Қазығұрт ауданы болып есептеледі. Ол кәсіпкерлікпен айналыса жүріп жас ұрпаққа терең білім беру жағына да көп мән берді. Атбұлақ ауылына  мешіт пен мектеп салдыртты. Ауыл балаларын физика мен математикаға көбірек баулуды жөн көрген ол мектепке Алматыдан білікті мамандарды да шақыртты. Білетіндердің айтуынша, Н.Қаппаров осы білім ордасына жиі келіп, ондағы оқушылармен әңгімелескенді жақсы көріпті. 

Нұрлан Қаппаров кейінгі жылдары Қазақстандағы ең бай 50 адамның тізіміне еніп жүрді. Ол «Казинвестбанк» АҚ-ның ірі акционері болып табылатын. Forbes  журналының мәліметі бойынша оның дәулеті 120 миллион долларды құраған. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Зеленскийдің алғашқы жалақысы таң қалдырды
Аружан Саин жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу