Бекназаров не бітіріп жүр?
Қайта сенатор болатындай ол елге қандай еңбек сіңірді?
«Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан». Қазір қай шенеунік, депутат сөз алса да Президент Тоқаевтың осы идеясын алға тартады. Әйтеуір әркім өзінше әділетті, жаңарған Қазақстанды құрып жатқандай сыңай танытады.
14 қаңтарға белгіленген Сенат сайлауының қарсаңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында жоғары палатаға бұл жолы кандидат болып тіркелгендердің төртеуі ғана ескі сенатор екендігін, олардың өздері де жаңадан құрылған облыстардың өкілі екендігін алға тартып:
– Сайлаудан кейін Сенатқа жаңа адамдар депутат болып келеді,– деп еді. Алайда Шымкентте өткен сайлаудан «жаңа адамды» көргеніміз жоқ. «Ескі депутат» Нұрлан Бекназаров Сенатқа «ескі сүрлеумен» екінші қайтара сайланып кетті....
Сол баяғы жаңармаған Шымкент. Сол баяғы ескі сценарий.
Орталық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне қарағанда, додада Шымкент қалалық мәслихатындағы 30 депутат түгелдей дауыс берген. Нұрлан Бекназаров – 23 дауыс алған. Оның қарсыласы, мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрайымы Альбина Елшиева – 4 дауыс, ал қалалық кәсіподақтар орталығының директоры Бауыржан Әлтеев – 3 дауыс алды. Қарсыластарын қара үздіріп, мәре сызығына 76,7 пайызбен жеткен Нұрлан Бекназаров осылайша сенаторлықтың шапанын екінші қайтара киді. Бәрекелді дейміз! Алла бұйыртса, енді бір жылдан кейін алпыстың асуынан асатын Нұрекең тағы да ерледі.
Жалпы әркімнің өмірде бұйырған несібесі бар, өзінің таңдаған жолы бар. Бізге әйтеуір Нұрлан Құдиярұлының ырзық-несібесі депутаттық мандатпен бірге берілгендей сезіледі. Тіпті Бекназаровты Қазақстандағы ең жолы болғыш халық қалаулысы деп атасақ та жарасатын сияқты. Ол алғаш рет депутаттықтың дәмін 1999 жылы татқан екен. Сол жылы Шымкент қалалық мәслихатына сайланған. Осыдан кейін қатарынан 5 шақырылымда депутат болған. Оңтүстікте бес шақырылымдық депутаттар көп болмаса да кездесуі мүмкін шығар, бірақ олар бәрібір Бекназаровтың шаңына да ілесе алмайды-ау. Неге десеңіз, Бекназаров осы бес шақырылымның үшеуінде мәслихат хатшысы болған. Қатарынан үш мәрте хатшы болып сайланған Бекназаровтан басқа кімді білетін едіңіз?Рас, мәслихат хатшысының жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Жаңылыспасақ, оншақты жыл бұрын Шымкент қалалық мәслихатының хатшылығы тізгінін қолға алған Нұрлан Бекназаров пен «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы басшыларының арасында текетірес басталды. Партия белсенділері Бекназаровты мәсхатшылықтан кетіреміз деді. Мұндай шешімді партияның жиынында қабылдап, жаңа хатшы болуға лайықты кандидаттарын да анықтап қойған болатын. Алайда ықпалды күштер Нұрлан Бекназаровтың тағдырын майшаммен қарайтын мәселені сессияның күн тәртібіне шығартқызбай қойды. Бұл дау-дамайға бандиттер араласып, оның соңы шулы мәлімдемелер жасауға ұласты. Ол жағына тереңдемей-ақ қоялық. Бірақ осы оқиғалардың нәтижесінде Бекназаров хатшылықты сақтап қалды. Сақтап ғана қойған жоқ одан әрі керемет карьера жасады.
2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Сол жылдың қазанында Шымкент қаласынан Сенатқа «уақытша жұмыссыз» Дархан Сатыбалды мен мәсхатшы Нұрлан Бекназаров депутат болды.
Енді міне, араға бес жыл салып, Бекназаров тағы да алты жылға сенатор болып сайланып отыр. Оның ендігі өкілеттігі 2029 жылы аяқталады. Енді өзіңіз есептеп көріңізші, Бекназаровтың 1999 жылдан 2029 жылға дейінгі депутаттық жалпы стажы 30 жылды (мәслихат пен Сенатты қосқанда жеті шақырылым) құрайды екен. 30 жыл! Қазақстанда 30 жыл депутат болған адамды шырақпен іздесеңіз де таба алмауыңыз мүмкін. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз, халықтың аманатын арқалау, сайлауда қарсыластарын ұдайы жеңе беру жағына келгенде Бекназаровқа ең ақыры 1990 жылы алғаш рет Президент болып сайланып, 29 жыл бойы аттан түспеген тұңғыш һәм экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та теңесе алмайды екен. Мәссаған, осыдан кейін Нұрлан Бекназаровты «үшінші мегаполистің тұңғыш сенаторы-супер депутат» деп атасаңыз да жараса береді.
Айтпақшы, 2018 жылдан бергі аралықта сенатор Нұрлан Бекназаров нендей шаруалармен айналысты? Еліміздің, оның ішінде өзі сайланған аумақ – Шымкенттің дамуына нендей үлес қосты? Қандай игі істердің басы-қасынан көрінді, нендей бастамалар көтерді? Енді осы жағына тоқталсақ. Сенаттың ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, Нұрлан Бекназаров жоғары палатадағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі. Ал енді сенатордың Уикипедиядағы өмірбаянына қарасаңыз, Нұрлан Құдиярұлы екі жоғары оқу орнын бітірген. Біріншісі, 1991 жылы Алматыдағы Халық шаруашылығы институтын «инженер-экономист» мамандығы бойынша, одан соң Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Дегенмен Сенаттың сайтында оның жоғарыдағылардан бөлек «заңгер» деген мамандығының бары келтірілген (шамасы заңгерлік Н.Бекназаровтың соңғы жылдары, жұмыстан бос уақытта көз майын тауысып жүріп алған дипломы болса керек). Бекназаров өмірінде құқық қорғау органдарында, сотта, заңгерлік салада еңбек етіп көрмеген. Еңбек жолын Шымкенттегі стадионнан бастаған, сақтандыру мекемелерінде, кәсіпкерлік салаларда жұмыс істеген. 2003-2008 жылдар аралығында Шымкент қалалық мәслихатындағы тексеру комиссиясына төрағалық еткен. Сонда заңгерлік салада тәжірибесі жоқ депутаттың Сенаттағы заңнама, сот жүйесі, және құқық қорғау органдарының мәселесімен айналысатын комитеттің жұмысын қалайша шырқ үйіріп отырғанын өз басымыз онша түсініңкіремедік. Бәлкім бұл да «сегіз қырлы, бір сырлы» Бекназаровтың біз білмей жүрген бір қыры шығар.
Ғаламторды ақтарып отырып, өткен бес жылда Бекназаровтың екі мәрте депутаттық сауал жолдағанын іздеп таптық. Оның біріншісі 2020 жылдың қазанында сенатор жер қойнауын пайдалануға, оның ішінде шетелдік компанияларға берудің транспаренттік емес механизмін құру әрекеті қоғамдағы әлеуметтік шиеленістерге әкелуі мүмкін екенін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған екен. Екіншісі, былтыр қаңтар оқиғасынан кейін полицейлерге пәтер беру мәселесін көтеріпті. Ал енді сенатордың өзі сайланған Шымкенттегі күрмеуі қиын мәселені көтергенін, осыған Үкіметтің, атқарушы органдардың назарын аударғанын байқамаппыз.
Есесіне жер қойнауын пайдалану, шетелдіктерге жалға беру мәселесін көтерген Бекназаров 2021 жылы көпшіліктің наразылығына қарамастан ипподромның жерін алпауыт BІ Group компаниясына беріп жіберген қала әкімі Мұрат Әйтеновті ақпарат құралдарына берген сұхбаттары арқылы белсенді түрде қолдағанын жақсы білеміз. Айтылатын сөз басқа, жеме-жемге келгенде іс басқа ма? Бұл қалай?
P.S. Сонымен, Сенат сайлауы да өтті, кетті. Алда Мәжіліс сайлауы келе жатыр. Алдын ала айтылған болжамдарға қарағанда, Мәжіліс осы қаңтарда, таяу күндері тарайды. Мұндай жағдайда сайлау наурызға белгіленеді деген сөз. Мәжіліс қанша пайызға жаңарады? Мәжіліспен бірге мәслихаттың құрамы қаншалықты өзгереді?
Ең бастысы, Мәжіліс пен облыстық, қалалық мәслихатқа партиялық тізіммен баратын депутаттар қалай іріктеледі? Жеке мандатпен түсетін кандидаттар арасындағы бәсекелер әділ бола ма?
Бәрін уақыттың еншісіне қалдырдық.
Сіз не дейсіз?
Асқар Мамырбаев, сәулетші, қоғам белсендісі:
Біз бұлай жаңармаймыз – Мен Нұрлан Бекназаровпен қоян-қолтық араласып жұмыс істегенім жоқ. Ал енді оның Сенатта немен айналысып отырғанын білмеймін. Оның қандай мәселелерді көтеріп жүргенінен де бейхабармын. Кешегі өткен сайлауда ол Сенатқа екінші қайта сайланып кетті. Бұл біздің жаңармайтынымыздың белгісі ғой. «Нұрлан, сен жақсы азаматсың, құттықтаймыз, бірақ біз бұлай жаңармайды екенбіз», деген пікірімді мен әлеуметтік желіге де жаздым.
Жалпы, Сенат деген органды мен өз басым артық санаймын. Біз федерация емеспіз. Біртұтас, унитарлы елміз. Мұндай жағдайда бізге Сенаттың не қажеті бар? Шын мәнінде жаңа Қазақстанды құрғымыз келсе, осы жағына да мән беруіміз керек.
Рүстем Әшетаев, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Сайлау әділ өтті– Шымкент қаласынан тіркелген үш кандидаттың арасында Нұрлан Бекназаров мырза басым көпшіліктің дауысымен Сенат депутаты болып сайланды. Сайлау қорытындысына ешқандай тараптың қарсылығы болмағандықтан, әрі, дауыс беру процесінің видеосы әлеуметтік желіге салынғандықтан, сайлау – заң талаптарына сай әділ өтті деп айта аламыз.
Ал Нұрлан Бекназаров мырзаның басым дауыс алуына, оның тәжірибесі мен біліктілігі үлкен рөл ойнады деп ойлаймын. Өйткені, жергілікті мәслихаттың бірнеше шақырылымының хатшысы болған азамат, жоғарыда қабылданатын әрбір заңның жергілікті жерлерде, қоғамға әсерін тәжірибесінің арқасында сезіне алады деп ойлаймын.
Жәнібек ТАРХАН, "Рейтинг" газеті