Сот Арон Атабек бостандыққа шығарды
Диссидент, ақын Арон Атабек бостандыққа шығады.1 қазанда Павлодар қалалық №2 соты Арон Атабектің жазасын денсаулығына байланысты жеңілдету жөнінде түрме әкімшілігінің өтінішін қарап орындаған.
Сот ақпаратына қарағанда, дәрігерлер Арон Атабектің дауасы жоқ сырқатқа (омыртқааралық дискісінің зақымдалуы) ұшырағанын анықтаған.
"Заңда баяндалған мән-жайлар мен процеске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуіне ауыстырылды. Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған тұлға және процестің басқа қатысушылары апелляциялық сот сатысына шағым түсіруіне құқығы бар" делінген сот хабарламасында.
2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған диссиденттің шамамен бір апта бұрын ауруханаға түскені белгілі болған. Жазда Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан.
Бұған дейін оның денсаулығына алаңдаған азаматтық қоғам өкілдері президентке хат жазып, босатуды сұраған.
Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.
"Елде саяси тұтқын жоқ" дейтін Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.