Тоқаев: Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өседі
Алматы облысында өткен "Қайсар-2021" оқу-жаттығуы жиыны кезінде сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақасы өсетінін айтты деп хабарлайды Ақорда.
"Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лаузымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа жұмсауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді.
2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады.
2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып келеді.
Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді", – дейді президент.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы күштік құрылымдар қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде жас ұрпақтың соларға қарап бой түзейтінін еске салды.
"Баршаңыз тәртіп сақшысы деген абыройлы атқа лайық болуларыңыз керек. Сіздерге берілетін ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы. Ішкі істер органдарының қызметкерлері осы сенімді ақтайды деп сенемін", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.