Қыңыр кісі бір жақ... Почиваловты елден шығарып жіберу керек
Шымкент қалалық Полиция департаментінің қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың Ресей азаматтығын алғанын тіркегенін, нәтижесінде басқарма басшысының Қазақстан азаматтығынан айырылғанын, алайда ол құзырлы органның шешімімен келіспей сотқа шағымданғанын біз бұған дейін де жазған едік. Сот Почиваловтың талап арызын қанағаттандырған жоқ.
Осы аптада ғаламторда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың Почиваловты қызметіне босату туралы өкімі жарияланды. Іле-шала Почиваловтың адвокаты Евгений Яворский мәлімдеме жасады. Ол сот шешіміне міндетті түрде апелляциялық шағым берілетінін, сонымен бірге соттың Почиваловтың азаматтығынан айыруды тоқтатып тастағаны туралы ұйғарым шығарғанын, ал Почиваловтың өзінің қазіргі уақытта денсаулығына байланысты демалыста екендігін хабардар етті. Адвокаттың не далбаласалап отырғанын өз басымыз түсіне алмадық. Қайдағы ұйғарым? Біз Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының Почиваловқа қатысты шығарған құаулаларымен, ұйғарымдарымен, шешімімен танысып шықтық. Онда азаматтықтан айыруды тоқтату туралы ешқандай ұйғарым жоқ. Сотта Почиваловты өзінің Ресей азаматтығңын алмағанын мәлімдеген. Бірақ оны растайтын ешқандай дәлел ұсынбаған. Сонда бұл не? Заңды, баршаға ортақ тәртіпті тәлкек қылу ма әлде мемлекеттік қызметті мазақ қылу ма? «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген осы.
Бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған құжаттарға сенсек, Почивалов ең алғаш рет Ресей паспортын 2007 жылы Мәскеу облысынан алған. 2020 жылдың наурызында яғни, Шымкентте лауазымды қызметке тағайындалардан үш ай бұрын ол 45 жасқа толуына байланысты көрші елден алған төлқұжатын сол Мәскеу облысынан жаңалаған. Қайталап айтайық, бар-жоғы үш ай бұрын ғана.
Сонда Почивалов кімді алдап отыр? Оның екінші азаматтық алудың заңға қайшы келетінін біле тұра Ресей азаматтығын алғандағы мақсаты не? Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам өзге елдің азаматтығын алған күнінен бастап отыз күн ішінде бұл туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне хабарлауға және Қазақстан Республикасының төлқұжатын және жеке куәлігін тапсыруға міндетті. Егер ол адам бұл талапты орындамаса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға немесе Республика аумағынан шығарып жіберуге апарып соғады.
Қазақстанның заңдарын аяққа таптаған Почивалов соңғы жазаға әбден лайықты.