Мұхтар Тайжан Айдос Сарымды сатқынға теңеді
Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Мәжіліс депутаты болып сайланған саясаткер Айдос Сарымды қатаң сынға алды. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ол Айдос Сарымның "Nur Otan" қатарына өтпей тұрып та билік жағында болғанына ашынды.
"Бұрын мен сені ақылың, білімің үшін сыйладым. Бірақ бірінші рет Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасына қатысты сенің сатқындық ұстанымыңа қатысты ерегесіп қалдық. Жарайды, қателесті деп, кешірдім. Екінші рет 2016 жылы Жер мәселесі жайында Расул екеуің ләм демей үндемей қалдыңдар. Тіпті бізді "жер сатылмасын" деп бірде бір пост жазған жоқсыңдар. Кейін Жер Комиссиясының шешіміне біздің ортақ, алдын ала келіскен, шешімімізге жалғыз болып қарсы дауыс бердің. Ол біздің тобымызға нағыз опасыз әрекет болды.
Кейін Жаңа Қазақстан, Қосанов науқаны - бұл деген халықтың сенімімен нағыз ойнау болды. Енді міне Нұротанға қосылдың" - деп жазды Мұхтар Тайжан.
Мұхтар Тайжанның әлеуметтік желісінен скрин
Сонымен қатар ол Айдос Сарымды халықтың сенімімен ойнап жүрген жалған саясаткерге теңеді
"Аяймын сені. Еркек өз болмысын сатпау керек, ал сен соған бардың. Бір ғана нәрсеге жаным ашиды. Сен сияқты жалған саясаткерлер халықтың сенімімен ойнап халықтың алтын тарихи уақытын ұрлайды. Халықтың саясатқа көңілі қалып саясаттан жұрдай жүреді. Сендердің әрекеттерінен ең зиян нәтижесі сол болады. Ал сендер жылы орын тауып мәз болып отырасыңдар. Жарайды, ставки сделаны, сен ана жаққа баяғыда кеттің, мен халық жағында қалдым. Таңдау жасадық, сен де аман бол" - деп сөзін қорытындылады қоғам белсендісі.
Еске сала кетейік, саясаткер Айдос Сарым "Nur Otan" партиясының тізімімен Парламенттің төменгі палатасынан бір орын алған болатын.