Жетпісбаевтың жетістірген тірлігі осы ма?
18-03-2022
Оңтүстіктің (Түркістан облысы мен Шымкент қаласы деп түсініңіз) тарихында Мәжілістің мандаты нәзік жандыларға бұйырмаған екен. Рас, Мәжіліске кандидат болғандардың ішінде біраз азаматшалар болған. Алайда Оңтүстіктегі халықтың аманатын арқалап, Парламенттің төменгі палатасына барғандардың қатарынан әйелдердің болғанын еске түсіре алмадық. Бертінде депутатты партиялық тізіммен таңдау да бұл олқылықтың орнын толтыра алмап еді. Енді міне, праймериз де феминизмді, әйелдік балансты жақтаушылардың сенімін ақтай алмады.
Фотода солдан оңға қарай: Гүлжан Құрманбекова, Мөлдір Бақытжанқызы
Мәжілістің жетінші шақырылымына өкілеттік ететін Оңтүстіктің депутаттарының бәрі ылға еркектерден құралды. Бұрыннан келе жатқан дәстүр бойынша бұл жолы да елдің сенімін ер-азаматтардың мойнына арттық. Осылайша жігіттер жағы мандатқа келгенде «қыздың жолының жіңішке» екендігін тағы да дәлелдеді. Әйтпесе, осы жолғы додаға біраз нәзік жандылар бақтарын аймай-ақ сынаған еді.
«Нұр Отан» партиясы тарапынан оларға деген қолдау да зор болды. Мәжіліс пен мәслихатқа ұсынылатын кандидаттардың 50 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұруы тиістігі алдын ала тапсырылды. Осы тапсырма алғашқыда ойдағыдай орындалды. Мәжіліске Түркістан облысынан опера әншісі Мөлдір Бақытжанқызының, облыс әкімінің кеңесшісі Гүлжан Құрманбекованың, «Атакент» ауруханасының бас дәрігері Ұлжанат Жұрымбетованың, ал Шымкенттен Сайрамдағы қосалқы мектептің директоры Жадырова Таңатарованың кандидатуралары ұсынылғанымен, ақырғы сәтте олардың ешқайсысы да Мәжіліске өтпей қалды. Тізімге Оңтүстіктен праймеризде жоғары ұпай жинаған жігіттер ғана енгізілді.
Билік партиясының сейсенбі күні жариялаған тізіміне Оңтүстіктің өкілдері, бір кездері облыс әкімінің орынбасары, одан кейінгі жылдары мәдениет министрі лауазымын атқарған Дархан Мыңбай мен облыстық «Жанубий Қазақстан» газетінің бас редакторы болып істеген Фахридин Қаратаев де кірді. Екеуі де Мәжілістің соңғы шақырылымына депутат болған. Олар жетінші шақырылымға партияның орталық аппаратының, дәлірегі Төраға Н.Назарбаевтың квотасымен кірді. Құдайберген Ержан Түркістан облысынан, Берік Оспанов Шымкенттен өтіп, Мәжілістегі депутаттық мәртебелерін сақтап қалды. Бұған дейін төменгі палатаның бесінші шақырылымына депутат болған, одан кейінгі аралықта мемлекеттік қызметте, ал соңғы кездері Шымкенттегі кәсіподақтар ұйымына жетекшілік етіп жүрген Берік Бекжановқа да депутаттық бақ қайта бұйырды.
Мәжілістің мандатына праймеризде көш бастаған Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев та қол жеткізді. Ташқараевқа сенатор болып кеткен алдыңғы хатшы Бекназаровтың жолы бұйырса, Түркістан облысынан кәсіпкер Қайнар Абасовқа туған бауыры, экс-мәжілісмен Ермек Абасовтың жолы бұйырды. Айта кетейік, облыстық мәслихаттың мандатын әлденеше рет иеленіп жүрген Қайнар Абасов Түркістан облысындағы праймеризде көш бастаған болатын. Бұлардың ішінде мандаттың дәмін татпаған су жаңа депутат Сырым Ертаев қана. Ертаев ауыл шаруашылығымен айналысатын облыстағы ірі кәсіпкерлердің бірі саналады.
Партия төрағасы, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап әйелдердің қоғамдық белсенділігін көтеруді тапсырып жатқан кезде Оңтүстіктің үкілеп отырған үміткерлерінің ішінен бірде-бір мәжілісмен-әйелдің шықпай қалуы таңқаларлық. Осы жолы «Нұр Отанның» Мәжіліске ұсынған ақтық тізіміндегі кандидаттардың кемінде отыз пайызы нәзік жандылардан тұрды. 3 миллионнан астам халқы бар Оңтүстіктің қыздары осы артықшылықтармен де тізімге ене алмады.
Бұл нені білдіреді? Оңтүстіктен ұсынылған әйел кандидатуралардың тым әлсіз болғандығын ба?
"Рейтинг" газеті