ОБСЕ оң бағалаған жоқ

Oinet.kz 13-01-2021 820

Жексенбіде өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы Қазақстанның саяси өміріне өзгеріс әкелген жоқ. Естеріңізде болса, бұған дейін президент Тоқаевтың бастамасымен, Парламенттегі оппозиция туралы мәселе көтерілді. Саяси партияларды тіркеу жеңілдетілді. Мамырда Тоқаев "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа заңға қол қойды. Осылардан кейін көпшілік кешегі күні өткен сайлаудан жаңашылдық күткен еді. Алайда қалыптасқан жағдай  бәрінің бәз-баяғы қалпында жалғаса беретінін көрсетті.

Сайлау.jpg

Алдымен сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткішіне тоқталсақ. Бұл додада республикадағы сайлаушылардың 63,3 пайызы өздерінің таңдауларын жасады. Бұл өткен сайлаулармен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Салыстырып қарайық: 2019 жылы өткен президент сайлауында сайлаушылардың дауыс беруі -77,4 пайызды көрсеткен. Арғы-бергі саяси науқандардағы ең жоғары көрсеткіш  2015 жылғы президент сайлауында байқалды--95 пайыз.  2011 жылғы президент сайлауында 89 пайызды құраған екен. 2016 жылы парламент сайлауында -77 пайыз, 2012 жылғы сайлауда -75 пайыз болған. 

Әрине, дауыс берудің төмендігіне келгенде ақталатын біраз себептер бар. Бұл жолғы сайлау пандемия жағдайында өтті. Жұртшылық ауру жұқтырып аламын деген қауіппен көпшілік орыннан мейілінше бойын аулақ салуға тырысты. Мұндай психология  әрине, сайлаушының саяси белсенділігіне тұсау салатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бәрін коронавирусқа жауып қоя салған дұрыс емес шығар. 

Біздіңше бұл жолғы селқостыққа  бірінші кезекте сайлаудың партиялық тізіммен өткендегі себеп болды. Бұған дейінгі сайлауларда кандидаттар жеке мандат бойынша бақ сынап келді. Әр үміткердің өз алдына штабы болатын. Ол штаб 2-3 ай бойы кемі оншақты адамды жұмыспен қамтитын. Күнде кездесу, күнде жүздесу. Ауыл, көше, үй аралау. Ұн, май, ақша тарату. Әр ауылдың қарияларынан бата алу, шапан жабу, шәй беру. Қалталы үміткерлердің тіпті бір күнде көшеге тас төсеп, асфальттеп бергенін де көз көрген. Дауыс беретін күні үміткерлер  сайлаушыларды көлікпен сайлау учаскесіне алып бару жағын да қамтамасыз ететін.   Партиялық тізім болғандықтан бұл жолы үміткерлер ондай шығынданудың, бәсекелесудің қажеттілігі туындаған  жоқ. Енді әркім өз-өзімен емес, бәрі жалпылама. Бұрын депутаттар белгілі бір округтен сайланатын. Сол округтегі сайлаушының мұңын мұңдайтын, мәселесін көтеретін, бюджет жобасын талқылау кезінде тіпті шенеуніктермен қызыл кеңірдек болып айтысып жататын. Енді депутаттардың жауапкершілігі де жалпылама айналады деген сөз.  

Айтпақшы Қазақстандағы парламент сайлауын беделді  халықаралық ұйымдар оншалықты оң бағалаған жоқ. 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымастық ұйымының (ОБСЕ) өкілдері  сайлау күні өздерінің ойларын айтып, митинг өткізбек болған азаматтардың күштеп ұсталғанын сынады. Қазақстанда заңдар өзгерсе де, құқықтық базасы әлі ЕҚЫҰ талаптарына сай келмейді.

- Біз елдегі сайлау кезіндегі саяси ахуалға алаңдаймыз. ЕҚЫҰ плюларизмді, еркін әрі белсенді азаматтық қоғамның дамуын қалайды. Біз президент ұсынған "еститін үкімет" концепциясы әр адамның дауысы естілуіне мүмкіндік береді деп сенеміз,- деді ЕҚЫҰ жіберген қысқа мерзімді бақылаушылар тобының жетекшісі Кристиан Вигенин. Ұйымның мүшелері 2013 жылдан бергі аралықта Қазақстанда жаңа партия тіркелмегенін, саяси партиялар арасында шынайы бәсекелестіктің жоқтығын да атап өтті.  

Дәлірегі қазіргі билікке сайлауларды шынайы бәсекелестіксіз, у-шусыз, тып-тыныш өткізіп жіберген ыңғайлы болып отыр. 

Оңтүстіктің депутаттық командасы өңшең жігіттерден құрылды
Қырғызстанда тағы президент сайлауы өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу