Полат Қырықбаевтың сұхбаттан бас тартқаны жауапкершіліктен қашқаны ма?
Біржақтылыққа бармайық деп елді шулатқан екінші «Тарланды» «ойда-жоқта өмірге әкелген» облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаевтан жұртты жаңылыстырған жаңалықтың себеп-салдарына қатысты көзқарасын сұрау мақсатында бірнеше рет хабарласқанымызда бізге жауап қатуға уақытының жоқтығын алға тартты. Ұялы телефон арқылы болса да қысқаша түсіндіруден бас тартқанын түсінбедік. Не жазбаша қызметтік хатымызға жауап қайтармады. Өзіміз талай мәрте мақтап жазған Полат Наурызбайұлының мұнысы несі екенін түк түсіне алмадық. Түнде түс көргендей ойда-жоқта туған сценарийге байланысты қойылатын сауалдардан сасқаны ма, әлде жауапкершіліктен қашқаны ма? Бәлкім, бізге беймәлім бір жайттар бар шығар, сол себепті әлі де болса оның айтар пікірін жариялауға әзірміз.
Әсілі, ел біріншілігіне қатысуға жолдама алу жеткіліксіз. Талап бойынша команданың бюджетінде кемі 70 миллион теңгесі болуы қажет. Алдыңғы жылдарда тәуір ойнап келе жатқан командалардың қаражат тапшылығы салдарынан чемпионатты жалғастыра алмай қалған кездері болған. Сондықтан кез-келген клубтың қаржылық жағына мән беріледі. Қос «Тарланның»төңірегінде қалыптасқан талас-тартыс жағдайға байланысты арнайы құрылған комиссия мән-жайды анықтап, қаржының кімге бөлінетінін анықтауға тиіс. Алайда, уақыт тым аз. Біріншіліктің ойындары сәуір айының ортасында басталуы керек. Оған дейін қаржы мәселесі шешімін таппаса жұрт үлкен үміт артқан «Тарлан» командасын ұлттық біріншілік ойындарынан көруіміз неғайбыл.
Оңтүстікқазақстандық футбол жанкүйерлерінің «Ордабасы» клубынан көңілі қалғалы қаша-ан. Жылда маусым басталар тұста «үздіктердің қатарынан көрінеміз» деп уәде беруден жалықпағанымен, біріншіліктің нәтижесінде көштің соңында қалатынына етіміз әбден үйренді. Ал облыстағы спорт саласының тізгінін Полат Қырықбаев ұстап, «Ордабасы» бұрын-соңды болмаған мықты құрамды жинады» деген мәлімдеме жасалғанда футбол сүйер қауым бір серпіліп қалған еді. Алайда, «мықты құрамдағы» командамыз аутсайдерлердің тобына сырғып түсіп, абыройы айрандай төгілгені ұят-ақ болды. Мыңдаған жанкүйерлер бұған белоруссиялық жаттықтырушы Юревичті кінәлап, оның бапкерліктен кетуін талап еткен соң мәжбүрліктен келісім-шарт бұзылды. Сөйткен Юревичтің биыл «Ордабасыға» қайта оралғаны жергілікті жанкүйерлердің талап-тілегін мазақ қылған әрекеттей әсер етті. Таяуда белоруссиялық бапкермен арадағы келісім-шарт тағы да тоқтатылғаны туралы ақпарат алдық. Сонда қалай? Полат Қырықбаев бастаған облыстың спорт саласына жауапты азаматтар мыңдаған жанкүйерлердің талап-тілегін табанға таптап, өз білгендерін бойынша қаласа түзе салатын, қаламаса үзе салатын келісім-шартпен алдағы уақытта да ойнап-күліп ойларына келгенін істей бере ме? Бір рет сыннан оңбай сүрінген бапкерді екінші мәрте елге шақырып келісім-шартқа тұрудың ар жағында қандай астарлы саясат барын білмедік? Білетініміз сол түзілетін келісім-шартқа қарай футбол клубы үшін халықтың маңдай тері, табан ақысынан құралған қыруар бюджет қаржысы бөлінеді. Сондықтан облыстық спорт саласының басшысы Полат Қырықбаев та, басқалар да ойына келгенін істейтіндей ол қомақты қаржы жеке қалталарынан шығып жатқан жоқ. Жалпы «Ордабасы» футбол клубына соңғы жылдары бөлінген қаржылар қандай мақсатқа жұмсалып, қаншалықты қайтарымы болғаны жайлы алдағы күндері бөлек әңгіме қозғамақпыз.
Шынтуайтына келсек, Оңтүстіктің футболы жалғыз «Ордабасымен» шектелмеуі керек. Бірнеше жыл бойы бірінші лигада өнер көрсеткен «Айжарық» командасы қаржы жетіспеушілігінің салдарынан тығырыққа тірелді. Содан бергі екі жыл ішінде бірінші лигада шымкенттік командалар көрінбей кеткен еді. Былтырдан бері жанкүйерлер жаңадан құрылған «Тарлан» клубына айрықша үміт арта бастады. Екінші лиганың аймақтық іріктеу кездесулерінде тәп-тәуір өнер көрсеткен «Тарланның» биыл бірінші лигаға жолдама жеңіп алуы шын мәнінде жанкүйерлер үшін үлкен жаңалық болды. Жұрт тіпті «Тарлан» - қазақ футболының мақтанышына айналған «Мелиоратор» мен «Жігердің» дәстүрін жалғастырушы ізбасары» деген де жылы пікір айтыла бастады. Ол бекер емес. Жаңа клуб Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжінің жанынан құрылған. Ал аты аңызға айналған «Мелиоратор» мен «Жігер» де кезінде осы оқу орнының базасында биіктерді бағындырған.
Алайда, сәтті басталған бұл жобаның жүзеге аспай қалатын қаупі бар. «Тарлан» дегенде әлдекімдердің тынысы тарыла түскенін қайтерсіз? Сорақысы сол, «Тарланның» тамырына балта шабудан тайынбай тұрған анау-мынау емес, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшылығының өзі. «Тарлан» командасының құрылуына ұйытқы болған Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қанатбек Досалиев осындай пікір білдіріп сөзін әрі қарай былай деп сабақтады:
- Былтыр колледждің жанында өз күшімізбен жаңа футбол алаңын аштық. Осыған орай үлкен турнир ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткен бұл турнирден соң қатысушылар тарапынан «осы базаның негізінде футбол клубын неге құрмасқа? Бұрын осы оқу орнының тарихында мықты футбол командаларының болды емес пе? Сол дәстүрді неге жаңғыртпасқа?» деген ұсыныстар айтыла бастаған соң «Тарлан» клубын құрдық. Команда әуелгі бастан-ақ мықтылығын дәлелдеуге тырысып, қалалық турнирде жүлделі орын алды. Бұдан соң екінші лиганың аймақтық ойындарына қатыстық. Таразда өткен жарыста жүлделі орынды иеленіп, нәтижесінде республикалық футбол федерациясы «Тарлан» командасын ресми түрде республикалық чемпионаттың бірінші лигасында ойнауға шақырды. Команданың алдында жоғары мақсат қойылып отыр. Бірінші лигада жақсы өнер көрсетіп, премьер-лигаға жолдама алуды көздейміз. Сол үшін мықты ойыншылар мен білікті жаттықтырушыларды тарттық.
Облыстық мәслихатта осы бастамаға қолдау көрсетіп, бюджет есебінен қаржыландыру керектігі жайлы мәселе көтердім. Бүгінде бірінші лигада облыстың намысын қорғайтын команданың жоқтығын ескерген депутаттар бұл жобаны бірауыздан қолдады. Сөйтіп, бюджеттен «Тарлан» клубына 140 миллионнан астам теңге көлемінде қаржы бөлу жайлы тоқтамға келдік. Оқу орнының жанынан құрылғандықтан бюджеттен командаға тікелей қаражат бөлу мүмкін емес. Сондықтан қаржы дене тәрбиесі және спорт басқармасы арқылы өтетін болып шешілді. Міне, дәл осы тұстан бастап басқарма бастығы өз ойынын жүргізуге кірісті. Біздің команданың атын пайдаланған ол «Тарлан» мемлекеттік қазыналық кәсіпорын» атты клубты құрады. Сөйтіп, оның құрамына шұғыл түрде жаттықтырушылар мен ойыншыларды қабылдай бастайды. Бұл әрекеттердің мақсаты белгілі. Бюджеттің қаражатын іріктеу ойындарынан өтіп, бірінші лигаға жолдама алған «Тарланға» емес, қағаз жүзінде құрылған басқа «Тарлан» клубына аудару. Жалпы, біз көтерген бастаманы облыс әкімі Асқар Мырзахметов қолдап, «Тарлан» командасының базасында мемлекеттік қазыналық кәсіпорын құру жайлы тапсырма берген. Алайда, біз айтқан «Тарлан» мен басқарма тарапынан құрылған «Тарланның» арасында ешқандай байланыс жоқ.
Осы жөнінде біз республикалық футбол федерациясына хат жолдап, мәселенің мән-жайын түсіндірдік. Федерациядағылар мұны естігенде таңқалды. Көп ұзамай ол жақтан хат келіп, онда «ФИФА және республикалық футбол федерациясының регламенті бойынша бірінші лига ойындарына қатысу үшін команда әуелі барлық іріктеу жарыстарына қатысып, жолдама алуы қажет» деп тайға таңба басқандай жазылған. Біз осының барлығынан өттік. Ал екінші құрылған команда бұл талапты орындамақ түгілі әлі бірде-бір жарысқа қатыспапты. Әйтеуір, қағаз жүзіндегі команда болып тұр. Сөйте тұра бірінші лигада өнер көрсеткісі бар. Шынын айтқанда, бұл адам күлерлік, өте ұят жағдай. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызбен, мұнда команданың, азаматтардың құқығы өрескел түрде бұзылып жатыр. Облыс әкіміне мәселенің мән-жайын түсіндіріп хат та жаздым, бірақ әлі жауап алғаным жоқ. Сессия отырысында да осы проблеманы қозғадым. Депутаттардың барлығы дерлік бізді қолдап отыр.
- Осы мәселе жайлы басқарма бастығы Полат Қырықбаевпен тілдестіңіз бе?
- Басқарма бастығы маған үш рет келіп, «бұл тірлікке мүлдем араласпаймын. Тек қаржы мен арқылы өтеді» деп айтқан болатын. Дегенмен, шын мәнінде олай болмай шықты. Ойыншыларымыз бен жаттықтырушылардың еңбегі зая болғаны ма? Республикалық футбол федерациясының шешім бойынша, бірінші лигаға тек іріктеу ойындарынан өткен команда қатыса алады. Яғни, біз қатысуымыз керек. Қазір құжаттарды өткіздік. Бізбен қоса екінші «Тарлан» командасы да тапсырыпты. Бірақ, оларға федерациядағылар «іріктеу ойындарына қатысқан «Тарлан» командасынан бірінші лига ойындарына қатыспайтыны жайлы ресми хат алыңдар. Онсыз біріншілікке жолдама алмайсыңдар» деген көрінеді. Ондай хатты оларға бермейтініміз анық. Тіпті берген күннің өзінде бұл барлық талаптарға қайшы келеді. Бізден кейін құрылған «Тарлан» клубының биыл біріншілікте ойнауға құқығы жоқ.
Әйтеуір, білетінім – облыстағы футбол саласында былықтар мен шикіліктер жетіп артылады. Былтыр қазан айында мені облыстық футбол федерациясының вице-президенті етіп сайлады. Алайда, содан бергі уақытта не жарғы, не жиындардың хаттамалары қолыма тиген жоқ. Оңтүстіктегі спорттың дамуына барынша қолдау жасау мақсатында өзіміздің қаражатымызға сметалық құжаттарды дайындап, Шымкент қаласында көлемі 20х40 метр және 25х50 метр болатын екі футбол алаңын салуға ұсыныс бердім. Бірақ, кейін осы жобаны дайын күйде қалалық әкімдікке беріп жіберіпті. Яғни, біздің еңбегімізді әлдекімдер орта жолдан пайдаланып кеткен. Жуырда естігенім, федерациядағылар кішігірім жиналыс өткізіп, менің орныма басқа азаматты сайлапты. Бұны қалай түсінуге болады? Осы тірліктерді істеген адамдар ел арасында қалай ғана ұялмай жүре беретініне таңым бар.
Сіз не дейсіз?
Жеңісбек Тұрғанов, облыстық мәслихаттың депутаты:
Жақсы өнер көрсеткен «Тарлан» бірінші лигаға берілетін жолдаманы жеңіп алды. Осы жобаға қаржы бөлінетін болған. Бағдарламаның әкімшісі облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы. Алайда кейін түсініксіздеу жағдай орын алды. Менің ойымша, әріптесім Қанатбек Досалиевтің айтып отырған сөзінің жаны бар. Бір команданың еңбегін басқа біреулер орта жолдан пайдаланып кеткенге ұқсайды. Қалай дегенмен, бұл мәселенің анық-қанығын арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.
Oinet.kz мұрағатынан