Бағдат Аюбеков: Мен пара алғаным жоқ
ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда өңіраралық жер инспекциясының бұрынғы бастығы, ірі көлемде пара алды деп айыпталған Бағдат Аюбековтың ісі қаралып жатыр. Сот мәжілісі өткен аптада белгілі себептерге байланысты өтпей, осы аптаның сейсенбісінде қайта жалғасты. Мәжіліс басталысымен сотталушының адвокаттары іске төрағалық етуші судья Райымхан Заппаровтан сот отырысын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуынсыз өткізуді өтінді.
Адвокат Игорь Лифшиц:
--Ақпарат құралдарында шындыққа жанаспайтын мәліметтер таралып жатыр. Кейбіреулер Б.Аюбеков сотталып кетті деп жариялауда. Осыған орай сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтуін сұраймыз,--деді.
Бірақ судья «БАҚ туралы» заң бойынша журналистің ашық сот отырысына қатысуға құқылы екенін түсіндірді. Сондай-ақ ол «Рейтинг» газетінде жарияланған мақалада тек сот отырысында айтылған жайттар ғана жарияланғанын алға тартып, біздің сотқа қатысуымызға рұқсат етті. Дегенмен судья бізге сот отырысынан мақала дайындау кезінде бейтараптылық қағидасын ұстанып, біреудің намысына тиетін, өзінше тұжырым жасайтын пікірлерге жол бермеуімізді ескертті.
Соттың осы күнгі мәжілісінде Шымкент қалалық сәулет бөлімінің қызметкері Бағлан Балғынбаевтан жауап алынды. Куәгердің әңгімесінен ұққанымыз, ол 6 қазанда арызданушы Қ.Шырынбеков жер инспекциясына келген кезде Б.Аюбековтың бөлмесінде отырған екі азаматтың бірі екен.
--Мен сол күні қалалық әкімдіктен болған жиналыстан кейін Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының құрылысына қатысты мәселеге орай жер инспекцияға келіп, Б.Аюбековтың кабинетіне кірдім. Сол жерде менімен бірге Мейірхан деген азамат отырды. Мен Мейірханды танитынмын және оның қаржы полициясында істейтінін білетінмін. Үшеуіміз отырған кезде бөлмеге бір кісі кірді. Б.Аюбеков онымен амандасып, екеуі басқа бөлмеге кіріп, аздан кейін қайта шықты. Мен құжаттармен танысып жатқандықтан оған назар аударғаным жоқ. Мен қайтпақ болып бөлмеден шыққан кезде қолдарына камера ұстаған қаржы полициясының қызметкерлерін көрдім. Олар мені басқа бөлмеге алып барып, сол жерде түсініктеме жаздырды,--деді ол.
И.Лифшиц:
--Сіз Б.Аюбековты қай уақыттан бері танисыз және қаншалықты танисыз?
Б.Балғынбаев:
--Мен бұрын қалалық жер қатынастары бөлімінде істегенмін. Б.Аюбековты сол кезден бері танимын. Оны жақсы азамат ретінде білемін.
Б.Аюбеков:
--Бағлан, Ғабит Садықов бізбен жақсы араласып тұрды емес пе?! Біздің жасаған кештерімізден, той жиындарымыздан қалған жоқ. Осының бәрі рас қой?
Б.Балғынбаев:
--Иә растаймын.
Естеріңізде болса, өткен мәжілісте сотталушы Б.Аюбеков арызданушы Қ.Шырынбековты облыстық қаржы полициясында экономикалық қылмыстарға қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Садықов деген жақсы араласып тұратын жолдасының өтініші бойынша қабылдағанын айтқан болатын. Осыған байланысты адвокаттар Ғабит Садықовтың сотқа куәгер ретінде шақырылуын сұраған еді. Алайда судья куәгермен телефон арқылы тілдескенін, оның сот отырысына келуге құлықты еместігін жария етті. Прокурор Ораз Смаилов оны сот отырысына мәжбүрлеп болса да келтіру қажеттігін айтты.
Сот отырысында сондай-ақ, Ғ.Садықовтың алдын ала тергеуде берген жауаптары таныстырылды. Тергеу кезінде Ғ.Садықов сотталушы Б.Аюбековты қызметтік қарым-қатынас арқылы танитынын, оған Шырынбековты қабылдап, жерге қатысты мәселеге кеңес беру туралы өтініш білдірмегенін, ондай заңсыздыққа бармайтынын айтқан екен.
Адвокат Мұсатай Бектасов:
--Ол бұл жауапты қаржы полициысында істеп жүрген кезінде берген. Сондықтан ол сол органның мүддесінен асып кете алмаған болуы керек. Сондықтан оны шақырып жауап алғанымыз жөн.,--деді. Осыдан кейін судья Р.Заппаров куәгер Ғ.Садықовты сотқа келуін қамтамасыз ету үшін облыс прокурорына хат жолданатынын мәлім етті.
Соттың кешегі күні өткен отырысында белгілі болғаны, облыстық прокуратура соттың бұл хатын қаржы полициясына жолдап, аталған органға Ғ.Садықовтың куәгер ретінде жауап беруін қамтамасыз етуді жүктеген. Сот залына қаржы полициясының қызметкерлері алып келген Ғ.Садықов алдын ала тергеуде берген жауаптарын қайталап берді.
Судья Р.Заппаров:
--Біз Б.Аюбековты білесіз бе? Білсеңіз онымен қарым-қатынасыңыз қаншылықты дәрежеде еді?
Ғ.Садықов:
--Мен Б.Аюбековты жер инспекциясының бастығы ретінде білемін. Қызметтік мәселеге орай қарым-қатынас жасып тұратынбыз. Өзара жолдастық, туыстық байланысымыз жоқ.
М.Бектасов:
--Б.Аюбеков сізді жақын араласып тұратын жолдасым деп отыр. Онымен той-жиындарда бірге болады екенсіздер. Осыны растай аласыз ба?
Ғ.Садықов:
--Бір мәрте салық комитетінің меркесінде бірге болғанбыз. Менің және Б.Аюбековтың таныстарымыз ортақ болатын.
М.Бектасов:
--Оған телефон арқылы Шырынбековке жерге қатысты мәселеге кеңес беру туралы өтініш айтып па едіңіз?
Ғ.Садықов:
--Б.Аюбековке қызметтік мәселеге орай телефон соғып тұратынмын. Соңғы рет қашан екені есімде жоқ. Бірақ ол ұсталардан 2-3 күн бұрын телефон соғып, Шырынбековке кеңес беру жөнінде өтініш айтқаным жоқ.
М.Бектасов:
--Сіздің Шырынбековпен қандай жақындығыңыз бар?
Ғ.Садықов:
--Онымен менің жақын туыстығым жоқ (Мұның алдындағы сот отырысында арызданушы Қ.Шырынбеков Ғ.Садықов екеуінің жұбайлары бір рудан екендігін айтқан болатын, редакция).
И.Лифшиц:
--Сіз қаржы полициясында қазір істейсіз бе?
Ғ.Садықов:
--Жоқ.
И.Лифшиц:
--Жұмыстан не үшін шығып қалдыңыз?
Ғ.Садықов:
--Оның бұл іске қатысы жоқ.
И.Лифшиц:
--Сіз Б.Аюбеков ұсталғаннан кейіне онымен қаржы полициясының ғимаратында кездескеніңіз есіңізде ме?
Ғ.Садықов:
--Иә, есімде.
И.Лифшиц:
--Оныменен арадағы әңгіме қандай жағдайда болды.
Ғ.Садықов:
--Есімде жоқ.
Бұдан кейін И.Лифшиц сол күні яғни, 6 қазанда кешкісін Б.Аюбековты қаржы полициясына алып келген соң, ол ғимараттың ішінде Ғ.Садықовпен кездесіп қалғанын, Б.Аюбеков Ғ.Садықовқа тұра ұмтылып «сенің бажаң мені арандатты» деген мағынадағы сөздерді айтқанын, Ғ.Садықов «мен қазір барамын, бәрін шешемін» дегенін, осы оқиғаның басы-қасында болғанын айтты. Бұдан бөлек ол Ғ.Садықовтың сол күні Шырынбековтың үйіне барған, сол жерде оны қаржы полициясының қызметкерлері байқап, рапорт жазған, тіпті Ғ.Садықовтың осы әрекетіне байланысты қызметтік тексеру жүргізілген деді. И.Лифшиц куәгерге қаржы полициясы ғимаратындағы оқиғаны еске түсіруді бірнеше мәрте сұрағанымен, ол «есімде жоқ» деген жауап берді. «Мұны мен өзіңіздің адамгершілігіңізге қалдырдым» деді адвокат.
Б.Аюбеков те бұл сөздері қостап, куәгерге:
--Төбемде құдай тұр ғой, егер сен өтініш айтпасаң, мен Шырынбековты қайдан танимын? Біздің өзара жақсы араласып тұрғанымызды Бағлан, Мейірхан 100 пайызға дәлелдеп тұр емес пе?,--деді.
Ғ.Садықов:
--Сонда сіз Шырынбековтен пара алуға мен ұсыныс жасады деп ойлайсыз ба?
Б.Аюбеков:
--Мен пара алғаным жоқ.
Прокурор О.Смаилов:
--Б.Аюбековке сіз телефон соғып Шырынбековтың жеріне қатысты ешқандай нұсқау берген жоқсыз ба?
Ғ.Садықов:
--Жоқ, оған нұсқау беретін мен оның бастығы емеспін ғой. Менің сол кезде Б.Аюбековке телефон соққан соқпағанымды анықтап білуге болады. Мен сол кездегі жұмыс телефонымның нөмірі белгілі.
Сот барысында Ғ.Садықовқа Б.Аюбеков екеуі түскен сурет де көрсетілді. Бірақ ол: «Б.Аюбековпен жақындық, туыстық қарым-қатынаста болғаным жоқ» деген жауабын бірнеше мәрте қайталады.
Бұдан кейін куәгер ретінде қаржы полициясының қызметкері Мейірхан Пірназаровтан жауап алынды. Ол 6 қазан күні Б.Аюбеков ұсталар кезінде оның қызметтік бөлмесінде Б.Балғынбековпен бірге отырған азаматтың бірі екен. М.Пірназаров сол күні Б.Аюбековке қызметтік мәселеге орай кіргенін айтты. Жауап беру барасында ол Б.Аюбековпен бірге отбасымен араласып тұратынын, сонымен бірге Ғ.Садықовтың да бұлармен той-жиындарда бірге болатынын жоққа шығарған жоқ.
Сот мәжілісінің алдағы отырысына тағы бірқатар куәгерлер шақырылмақ.
oinet.kz мұрағатынан