Кенжехан Төлебаев: «Таяқ жеген жігіттердің бірі аудан әкімі...»
20 қыркүйек-туылған күні. Алла жазса санаулы күндерден кейін 56 жасқа толғалы отыр. Еңбек жолы қарапайым механизатор болудан басталды. Талмас ерік-жігерінің, тынбас еңбегінің арқасында қабілет-қарымы мол білікті басшы болды. Ауданды да басқарды, облыстық басқарманың да тізгінін ұстады, облыс әкімі орынбасының орынтағына да отырып көрді. Оңтүстіктің билік дәлізіндегі ең тәжірибесі күшті кадрлардың бірі есептелетін, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кенжехан Төлебаевтан балалық шағы жайлы сыр суыртпақтағанымызда былай деп баяндап берді:
-Мен дүниеге келгенде әкем 54-те, шешем 44 жаста болған. Өзімнен үлкен үш ағам, бір әпкем бар. 10 жыл «үзілістен» кейін туылған үйдің кенжесімін. Есімім де осыған байланысты қойылған. Мектепті бітіргенше фамилиям әкемнің атымен, яғни Атақұлов болып жазылып келді.
Еңбекке ерте араластым. Үйдің кенжесі болып еркелеген жоқпын. Жаз айларында малдың қысқы жем-шөбін дайындаумен қатар бауға жүгері егетінбіз. Оның шаруасы жерге қар түскенше таусылмайды. Жаз айында мақтаның арасынан, жүгерінің арасынан теріп орып, әйтеуір күніне екі арба шөп әкелуіміз керек. Екі арба шөп әкелмесең, шалдың шамына тиіп аласың. Оның боқтау тәсілі -«әй иттен туған» деп ашу шақырады. «Межені» орындай алмаған күндері совхоздың жоңышқасынан ұрлаған кездеріміз де кездесті. Қара жұмыстың арқасында шымыр болып өстік.
Бала болғаннан кейін төбелеспей тұра алмайсың ғой. Көрші екі ауылдың ұлдары өзара жұдырықтасып қалатын. Бір күні сондай төбелес мектеп ішінде болды. Топалаңның салдарынан кабинеттегі «буржуйка» пеш аударылып, кабинет іші көк түтінге толды.
Бала күнде көп төбелеспегеніммен, оның орнын студенттік шақта толтырдық. Алғашқы курстан-ақ көз көгеріп, бет ісіді. Бір күні үшінші курстың жігіттері «арақ әкел» деп жұмсады. Мен неге әкелуім керек? Содан төбелес шықты. Маған олар жабылып кетті. Бет-ауыз адам танымастай болды. Оларда кеткен ақымды үшінші курста оқып жүргенде қайтардым.
Белсенділігімнің арқасында студенттер жатақханасында тазалық секторын қадағалайтынмын. Бірде дәлізде келе жатқанымда бір бөлмеден бірінші курстың үш жігіті шықты. Атын атамай-ақ қояйын, оның бірі бертінде аудан әкімі болып қызмет етті. Есіктерінің алдында қоқыс жинаулы тұр екен. «Жігіттер, өтініш, ана қоқысты ала кетіп, қоқыс жәшігіне тастай салыңдаршы» дедім. Сөйтсем, тыңдағылары келмеді. Жатақхананың жанындағы спорт алаңшасына кетіп барады екен. Тазалық сақтауды қайталап ескерттім. Тағы тыңдағылары келмеді. Қайта өзіме қарсы шығып, ішіндегі біреуі доқ көрсетуге дейін барды. Қасымда бір курста оқитын Нейля дейтін қыз бар еді. Соның көзінше де тықақтап қоймады. Шыдамым таусылды. Оң жұдырықпен тұмсықтан періп қалдым. Шалқасынан түсті. Мұрыннан қан бұрқ етті. Кейін милиция іздеп келді. Мұғалімдер де, студенттер де мені жақтап жәбірленушінің өзін кінәлады. Факультет деканы өте жақсы адам болатын, ол да қорғаштады. «Милицияға сені жатақханадан шығардық деп рапорт береміз, бірақ өз бөлмеңде тұра бер» деді. Керісінше таяқ жеген жігітті жатақханадан шығарып жіберді.
Бірінші курсты бітіргенде Торғай облысы Арқалық ауданына шаруашылық жұмыстарына бардық. Өзім оқуға түспей тұрып комбаин айдағанмын, оның қыр-сырын бір кісідей білетінмін. Жаныма досымды ертіп алып, бір комбаинды науқанға бастан-аяқ дайындадық. Сол жылы аудан бойынша біз озат комбаиншы болдық. Аудандық партия, комсомол комитетінің мақтау қағазын алдық. Сол жылы досым екеуміз әжептеуір ақшамен оралдық. Бұл оңай қаражат емес еді. Біз секілді студент үшін үлкен демеу болды. Келесі жылы да жақсы табыс таптық.
Студенттік шақты ең қызық шақ деп жатады ғой, бірақ, мен үшін әскери борышымды өтеген мезгіл өте қызық та, маңызды кезең болды. 7-қазан мерекесіндегі әскери шеруде алдыңғы сапта тұратынмын. Мұндай жауапты міндетке ие болу кәсіби офицерлердің өзіне қол жеткізу оңайға соқпайтын...
Оinet.kz мұрағатынан