Президенттің кітабын мәжбүрлеп сатуға көшті
Ашхабад мектептерінде оқушыларға ел президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің кітабын сатып алып, оны мектеп көрмесіне өткізуді талап етіп жатыр. Осылай деп Азаттықтың түркімен қызметі (Азатлык) хабарлайды.
"1 мамырдан бастап астананың барлық мектептерінде президент кітаптарының тұрақты көрмесі ашылмақ. Кітаптарды мектеп оқушыларына алуға міндеттеген. Мектеп басшылығы тиісті тапсырма берген", - деп хабарлаған Азатлыктың дереккөзі.
Президенттің әрбір кітабы шамамен 400 манат тұрады. (Түркіменстан Орталық банкі бағамы бойынша 1 доллар - 3.5 манат).
400 манат ата-аналардың бір айының жарты жалақысы. Біраз ата-ана мектеп әкімшілігіне шағым түсіріп барған екен. Бірақ ол жақтан 1 мамырға дейін оқушылар президент кітаптарын өткізуі тиіс деген нұсқау алған.
Гурбангулы Бердымұхамедов Түркіменстанды 2006 жылдан бері басқарады. 12 жыл ішінде оның 54 кітабы жарық көрді.