«Басшылық арыз жаз деді» - министрдің ресми өкілі қызметінен кетті
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп қызметінен кетті. Бұл туралы ақпарат өкілінің өзі хабарлады. Оның айтуынша, басшылық одан арыз жазуын талап еткен.
Диас Ахметшәріп қызметінен кеткенін Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Ол өзімен бірге қызмет еткен барша әріптестеріне алғысын білдіріп, қоштасты.
"Құрметті достар!
Бүгін менің соңғы жұмыс күнім. Басшылық арыз жаз деді. Жаздық. Ер адамның басынан не келіп не кетпейді. Хош. Ең алдымен барлық журналист әріптестеріме алғысымды білдіремін. Талай еңбек атқардыңыздар! Артық кеткен кездерім болса - кешірім сұраймын!
Барлық еңбегім - тек халқым үшін. Ауырмаңыздар! Коронавирусты жеңіп шығайық. Денсаулық Сақтау министрлігіндегі әріптестеріме, барлық дәрігерлерге, медперсоналға тек қана шыдамдылық пен жеңіс тілеймін!
Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын" , - деп жазды журналист.
Диас Ахетшәріп бұл қызметке осы жылдың ақпан айында тағайындалған болатын.