Қайрат Келімбетов. Кім?
Саясаттанушылар Қайрат Келімбетовты «новатор, стратег, реформатор, технократ, жаңа заманның менеджері» ретінде сипаттайды. Базбір сарапшылар «Қазақстанның №1 қазынашысы» деп те атап, мықтылығын мойындайды. Былайғы жұрт оны «Қайра», «Келя» деп өзіне жақын тартады. Мұның барлығы, сөзсіз, имиджінің жақсы жағының айғағы. Екінші жағынан алғанда, Келімбетов баспасөз беттерінде ең жиі сыналатын шенеуніктердің бірі екенін де ұмытпаңыз. Қайрат Нематұлының талай бастамалары аяқсыз қалып жатқанын соңғы 4-5 жылдан бері ақпарат құралдары аз жазған жоқ. Келімбетовтің өмірбаянындағы тағы бір ерекшелік - кезінде, «Қазақстанның демократиялоқ таңдауы» қозғалысы мен «Ақжол» партиясының дүниеге келуіне мұрындық болып, оппозициялық күштердің бел ортасында жүрсе, арада 5 жыл өте «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары болып шыға келді. Әйткенмен, Келімбетов өзінің саяси карьерасында қандай қиындыққа тап болмасын, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» қасиет танытып, үнемі биіктен түспей келеді. Қысқасы, 43-жасар Қайрат Келімбетовтің жүріп өткен жолына қарай отырып, шынында да «Қайрат – чемпион!» дегің келеді.
Қайрат шыр етіп дүниенің есігін ашқан сәтінен бастап-ақ үнемі элитаның ортасында өсті. Кіндік қаны Алматыда тамғанымен түп-тамыры Сарыағаш өлкесі саналады. Әкесі белгілі жазушы, түрколог-ғалым, академик Немат Келімбетов ұлттық зиялы қауымның көрнекті өкілі. Қайын атасы Тоқмұхамед Садықов та осы ұлттық интеллигенцияның қатарынан ойып тұрып орын алған атпал азамат. Қазақ ұлттық педагогикалық университетін 20 жылдан аса уақыт басқарған танымал ғалым. Осындай алып ақсақалдардың ақ батасы тұрғанда Қазақстанда мықты карьера жасауға әбден болады. Қайрат Алматыдағы атақты физика-математика мектебін тәмамдаған. Осы элиталық мектепті тәмамдағандардың біразы тікеден-тіке Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне тартатыны бар. Бұл үрдістен Қайрат та жаңылысқан жоқ. Ол ол ма, сонау Вашингтондағы Джорджтаун университетінде де тәлім алған. Яғни, осы мақаладағы кейіпкеріміздің мықты карьера жасауға барлық алғышарттары болды. Келімбетов бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Соңғы 15 жыл ішінде Қазақстанның экономикалық дамуын айқындауда, күрделі экономикалық реформалар жүргізуде Келімбетов шешуші роль атқарды, атқарып та келе жатыр. Қайрат Нематұлының осал тұсы - теориялық тұрғыда дайындығы мықты болғанымен, іс-жүзінде нақтылы әрекетке келгенде әлсіздеу. Бірақ, мұны нақты дәлелдермен келтіріп қарастырайық.
Еңбек жолын Қазақ ұлттық университетінде оқытушылықтан бастаған Келімбетов сол кезде-ақ түрлі стратегиялық жоспарларды әзірлеуге машықтанды. 1996 жылы Президенттің жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңестің құрамына кіріп, бір жыл өте Стратегиялық жоспарлау агенттігіне қызметке тұрды. Мұнда «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарын әзірлеуге атсалысады. 1998 жылы Президент әкімшілігіндегі әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісі, одан соң Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бастығы қызметтерін атқарды. 2001 жылы қаржы министрінің орынбасарлығына тағайындалып, бір жылдан соң экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басшылығына келді. Бірақ, соңғы тағайындауға тереңірек үңілейік.
2001 жылы ұлттық саяси элитада «жастүркілер» атты топ саяси аурада әжептеуір төңкеріс жасады. Жас менеджерлер мен технократтардың шоғыры «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрып, бұрыннан келе жатқан әккі саясаткерлерді бір сілкілеп алды. Саясаттағы көнекөздерді әбден шошытқан осы қозғалыстың бел ортасында Келімбетов те жүрді. Жай жүрмей, жаңа құрылымның жұмысына белсене араласты. Кейін «Ақжол» партиясының мүшелігіне өтті. Бірақ, кенет оппозицияның қатарын тастап шығуға асықты. Бұл «батыл» қадамы үшін сыйақы ретінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бұйырды. Келімбетовтің стратегиялық ойлау қабілеті, экономика саласындағы таланты барынша осы жерде ашылды. Министр креслосында 4 жыл отырған Келімбетов экономиканы диверсификациялаудың, қаржы саласын реформалаудың, инновациялық технологияларды дамыту, кластерлік жүйе қалыптастыру, нанотехнологияларға басымдық беруге қатысты жобалардың түр-түрін ұсынды. 2008 жылы «Самұрық-Қазына» қорына басшылық жасаған тұста да осы бағыттағы жұмысты нығайта түсті. Әйткенмен, Қайрат Нематұлының ұсыныстары жүзеге аспай қалатын «ауруға» ұшырады. Айталық, нәтижесіз аяқталған жобалардың бірі - 2006 жылы қолға алынған «халықтық компьютер» шығару идеясы. Қазақстанда құны 350 долларлық компьютер жасау үшін Алматы маңында технопарк та құрылып, бюджеттен 30 миллион доллар бөлінген болатын. Алайда, содан бері отандық компьютер жайлы естімедік.
«30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасы - Келімбетовтің жобасы. Амбициясы мол, ауқымы кең бастама болып көрінгенімен, бұл жоба да ойдағыдай жүзеге аспады. Елде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құруды да Қайрат Нематұлы ұсынды. Алғашында көптеген мүмкіндік берілгенімен, корпорациялар уақыт өте өзіне артылған міндеттерді жүзеге асыруға қауқарсыз болып шықты. Арнайы экономикалық аймақтардың да беріп жатқан пайдасы шамалы. Елде қаптаған даму институттары пайда болды. Бірқатарын тізіп шығайық. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстан инвестициялық қоры, Қазақстан Даму банкі, Ұлттық инновациялық қор, Инжиниринг және трансферт технологиялары орталығы... тағысын тағылар. Бұлардың бірінен-бірі айырмашылығы неде екенін қарапайым халық түгілі Үкіметтегілердің өзі дұрыстап түсіндіріп бере алмас. Жаңадан құрылған мекемелердің жұмысында көптеген кемшіліктер анықталды. Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев 2010 жылы «соңғы бес жылда құрылған 116 акционерлік қоғамының жартысына жуығы табыс түсірудің орнына шығын келтіруде. Жүзден астам жобаның ішінен тек 5-і нақты іске асырылған» деп мәлімдеп, ащы шындықты көпшілікке жеткізді. Бірақ, бұл Келімбетовті тоқтата қоймады. «Самұрық Қазына» қоры күні бүгінге дейін түрлі жобаларға бірнеше миллиард доллар жұмсады, бірақ соның нақты нәтижесін атап беруге қиналамыз.
Қайрат Нематұлы 9 ай уақыт Президент әкімшілігін басқарды. 2008 жылы өзінің туған күні - 28 қаңтарда осы қызметке бекітіліп, қазан айына дейін атқарды. Аса жауапты қызметке саясаттан гөрі экономика саласына жақын Келімбетовтің келуі сарапшылардың таңданысын тудырды. Бірақ, бұл тағайындалудың мәнісі кейін белгілі болды. Ақ үйдің ішкі құрылымы 90-шы жылдардан бері өзгерусіз келген. Президент әкімшілігі негізінен ұйымдастырушылық-идеологиялық шаруаларды атқаратын. Келімбетовтың келуімен Ақ үй экономикаға да араласа бастады. Қажетсіз бөлімдер қысқартылып, әкімшілікке жас кадрлар көптеп тартылды.
Келімбетов – билік басындағы кландар үшін жайлы тұлға. Себебі, қандай-да қаржылық топтың ықпалына ұшырамаған, бұған дейін элитааралық соғыстарда «былғанбаған». Келімбетов мейлінше тәуелсіз позиция ұстанғанды ұнатады. Тіпті премьер-министр Мәсімовтің пікірімен келіспейтінін ашық түрде айта береді. Сондай-ақ, мемлекет басшысының күйееу баласы Тимур Құлыбаевтың өзін сынауға батылы жететін санаулы адамдардың бірі. Қайбір жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы Румынияның «Ромпетрол» ұлттық мұнай операторының акциясын сатып алғанда Құлыбаевтың әрекетін сынға алды.
Соңғы 5-6 жыл көлемінде министрлер кабинеті ауысқан сайын «Келімбетов премьерлікке келеді» деген болжамдар жиі айтылып жүрді. Соған қарағанда, күндердің күнінде Келімбетовтің шынында-ақ Үкімет жетекшілігіне тағайындалуы бек мүмкін. Айта кетерлігі, «Қайраның» Үкіметте жаулары да жоқ емес. Солардың негізгілері – Наталья Коржова мен Зейнолла Кәкімжанов. Коржова ханым Келімбетовтің орынбасары болып жүрген кезінде-ақ қырсық мінезін таныта бастады. Ал қаржы министрі қызметіне бекітіле салысымен ашық шабуылға көшіп, Келімбетовтың салық саласын реформалау жайлы ұсыныстарын теріске шығаруға барын салды. Әйткенмен, бұл талас-тартыста «Келя» жеңіп шықты. Коржоваға қарағанда Келімбетовтің жынына Кәкімжанов көбірек тиді. Әр кездері мемлекеттік кіріс және қаржы министрліктерін басқарған Зейнолла Халидоллаұлы реформалардың сәтсіздігін, салық кодексіндегі қайшылықтарды сөз етіп, екеуінің арасындағы жанжал көпке дейін созылды. Неге екені белгісіз, бұдан соң Кәкімжановтың ықпалы әлсірей берді. Қазақстан инвестициялық қорын 5 жылдай басқарған Кәкімжанов соңғы кездері үлкен аренада көрінбей кетті.
Келімбетовтың тағы бір артықшылығы – оппозиция өкілдерімен пікірталастырудан қаймықпайды. 2007 жыыл сайлауалды теледебат барысында Келімбетов-Ертісбаев дуэті Жандосов-Әбілов тандемімен түсіп, қарсыластарынан ұтылған жоқ. Сондай-ақ, Келімбетов атышулы Сороспен де сөз жарыстырып, американдықтың құйтырқы сұрақтарына мүдірмей жауап бере білгенін шенеуніктер жырдай етіп айтады.
Қайрат Нематұлының жұбайы Фатима Келімбетова – ғалым. Қызы Шынар Нематова қазіргі таңда Лондонда тәлім алуда, ұлы Айсұлтан әкесі сияқты математиканы сүйіп оқиды. Ресейлік бір басылым «Үкімет мүшелерінің арасындағы ең парасаттысы мен адалы - Келімбетов» деген баға беруі мақала кейіпкерінің қарапайымдылығынан хабар беретіндей. Қайрат Нематұлы өзге шенеуніктердей емес, имандылыққа да біртабан жақын. Әйтеуір, оны жұма күні мешіттен көргендер аз емес.