Кентау әкімі Қалмұрзаевтің дауға Елбасының атын араластыруы бақай есеп пе?

Oinet.kz 15-03-2012 1074

05692fd6e2751b17130c0654186b1506.jpg

Онсыз да соңғы кезде оқырмандар жиі іздеуге көшкен «Рейтинг» газетінің редакциясына әсіресе Кентау қаласынан екі күннің бірінде адамдар арнайы ат басын бұрып, екі күннің бірінде үшбу хат алатын болдық. Біреулері әкім Қалмұрзаевты  ақтап, мақтап, енді біреулері аты-жөндерін жасырмай тасада тығылмай оның нендей олқылықтарға жол беріп жатқанын ортаға салғысы келеді. Сын түзелмей мін түзелмес деген ниет шығар, сірә. Ал  өткен аптада Кентау қалалық мәслихатының хатшысы Керімжан Сырлыбаев, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Самат Расул, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әбілдә Сембеков, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұратбек Абдуллаев редакциямызға бас сұқты. Олар Кентаудағы көптеген мекемелер мен ұйым мүшелерінің, оның ішінде білім, денсаулық, ардагерлер, мәслихат депутаттары  қол қойған хаттарды табыс етті. Кентаудың әкімі Нұржігіт Қалмұрзаев қаланың көркейіп, жан-жақты дамуына үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, «Рейтинг» газетінде жарияланған әкімге қатысты сын мақаламен келіспейтіндерін білдіріпті. Әрине, әкімге, туған қалаларына жанашырлық танытқан қала тұрғындарының ниетіне, пейіліне шынайы алғысымызды білдіреміз. Былтыр облыс әкімдігінде берген есебінде «Кентаудан қолынан іс келетіндердің бәрі кетіп қалған» деп, көпке топырақ шашқандай болған Қалмұрзаев елдің осындай қолдап-қуаттауынан кейін  өзі де ұялып-ақ қалған шығар. Айтпақшы…

«Рейтинг» газетінің биылғы 23 ақпандағы №8 санында жарияланған «Қалмұрзаев қызметінде қала береді ме?» деген мақалаға Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмұрзаевтан жауап хат келді. Онда Нұржігіт Нүрпейісұлы кәсіпкер Исахан Жұмабаев пен қалалық мәслихаттың депутаты Мұқан Тұрысбековтың өзіне қатысты сыни пікірлеріне қарсы дау айта отырып, «Елбасы тапсырмасымен атқарылып жатқан игі істерді жоққа шығарғысы келген» деп оларға кінә арта сөйлегені ойыны ма, шыны ма, түк түсінбедік. Жұмабаев та, Тұрысбеков те Елбасының тапсырмаларына сын тақпаған болатын. Тіпті сол мақалада Елбасы тапсырмасы туралы бір ауыз сөз жоқ. Ендеше Қалмұрзаевтыңкі неғылған ертегі? Әлде жеке басының ар-намысын қорғау үшін Елбасының атын араластырған дұрыс деген бақай есебі ме? Ендігі жетпегені осы еді.  

Әкім Қалмұрзаев  «Бар ойы бір-екі жыл шыдап, қалтасын барынша томпайтып, орайы келгенде тайып тұрады» деп, мен қалаға қызметке келгелі бергі көзқарастар мен пікірлер  нақты фактілерсіз айтылған» депті. Рас, мақалада Кентаудың соңғы әкімдерінің «чемоданный настроениемен» жүргені айтылған. Бірақ ешкінің аты аталып, түсі-түстелмей жалпылама, елдің көкейіндегі пікір ретінде берілген болатын. Қалмұрзаевтың оған қараптан-қарап қуыстанғандай, шала бүлінгенін түсіне алмадық. Осындайда «сезікті секіреді» немесе «көкек өз атын шақырады» дейтін халық даналықтары еріксіз ойымызға оралды.

«Қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ә.Алдамұратовтың басқа қызметке 23 қаңтар 2012 жылы ауыстырылғандығында уәж жоқ. Облыс әкімінің кеңейтілген мәжілісінің 21.02.2011 жылғы №36 хаттамасында және облыс әкімінің міндетін атқарушы Б.Оспановтың қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілістің 28.04.2011 жылғы №68 хаттамасында қала әкімінің орынбасары Ә.Алдамұратов қыс маусымына қаланың дайындығын өз деңгейінде орындамағаны туралы бірнеше рет анықталған болатын. Соған орай, Ә.Алдамұратов атқарып отырған қызметіне сәйкес еместігі қаралып, заң талаптарына және өз тілегіне сәйкес басқа жұмысқа ауыстырылған болатын. Яғни менің тарапымнан алдау фактілері орын алған жоқ» дейді әкім Қалмұрзаев.

Мәссаған бекзгелдек! Ә. Алдамұратовтың қызметтік мәселесін қарау қала әкіміне былтырғы ақпан мен сәуір айларында тапсырылса, оны жүзеге асырудың биылдың қаңтар айына дейін созылып кеткені қалай? «Бұл мәселе ерте бастан қаралғанда Кентаудағы төтенше жағдай болмас па еді?» деген сұрақтың тууы заңды шығар. Егер Қалмұрзаев Ә.Алдамұратовты өзі тілегіне сәйкес басқа жұмысқа дер кезінде ауыстырса, «Кентаудағы жылу орталығында болған аптқа байланысты әкімнің орынбасары қызметінен кетті» деген ақпаратпен елді шатастыру қаншалықты қажеті болды?

 Қала әкімі Қалмұрзаевқа сенімсіздік жарияламақ болған депутаттардың пікіріне қатысты уәжі тіпті күлкілі. «Мақалада қозғалған үш депутаттың пікірі олармен кездесуімде жеке-жеке талқыланып, жеке бастарына қатысты мәселелер екендігін хабарлаймын» депті. Біздің түсінбегеніміз, сенімсіздік білдіруге негіз болған қаладағы жылу жүйесінде болған апатты, жұмыссыздық пен қымыстың өршуін депутаттардың жеке мәселесі деп қарау керек пе? Әлде үш депутат оларды бет перде етіп, жеке мәселелерінің жайын күйттеп кеткен бе? Жауап хатқа қарағанда солай сияқты.  Мұны сенімсіздік білдіреміз деген депутаттардың адамгершілігіне қалдырып, олардың өздерінен жауап күтеміз.

Қалмұрзаевтың жазуынша,  мақалада сынға іліккен қызметтік көлік алуға 2010 жылы бюджеттен қаржы қаралып, бірақ ол басқа да күрделі мәселелерді шешуге жұмсалыпты. 2011 жылы  мәслихаттың шешімімен бюджеттік артығымен орындалған 14 089,0 мың теңге қаржы есебінен және бюджеттік комиссияның келісімімен «Тойота Камри» көлігі сатып алынған. Бір қарағанда, көлік сатып алуға заңға қайшы емес шығар, алайда артық қаржы бюджеттік бүйірін тесер ме еді әлде 2011 жылы қалада қаржы шығындайтын одан да өзекті мәселе жоқ па деген ойдың қылаң беретіні де рас.

"Рейтинг" газеті №11, 15 наурыз 2012 жыл

Жаңа Президент Астананың атын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынды
Оңтүстікте ана өлімінің құпиясы көп болып тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу