ОҚО-да Исмайловтың қуғынына ұшыраған дәрігерлер көбеюде
Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтан теперіш көріп, әділетсіздікке ұшыраған білікті мамандардың қатары көбеюде. Солардың бірі жуырда «Рейтинг» газетіне шағымын айтып келді. Медицина саласында 30 жылдық тәжірибесі бар, 20 жылдан бері бас дәрігерлік қызметте абыройлы еңбек етіп келе жатқан Қалдыбай Ыдырысовтың соңғы қызметі – Сайрам аудандық Ақсукент емханасының бас дәрігері. Алайда, ол бір жарым жылдан бері Жұмағали Исмаиловтың қуғын-сүргініне ұшырап, әділдік іздеп жүр. Басқарма басшысы бас дәрігерге не үшін шүйлікті? Тарқатып айтайық.
2010 жылдың көктемінде диагностикалық орталықта коллегия өтіп, оған облыстағы барлық бас дәрігерлер мен бас есепшілер қатысты. Сонда басқарма бастығының орынбасары Шайхыбекова жанар-жағар май жеткізуші алматылық фирмамен келісім-шартқа отырып, бір күн ішінде қаражаттың барлығын алдын ала 100 пайыз көлемде есеп-шотқа аудару жайлы ауызша тапсырма береді. Бас дәрігерлердің барлығы дерлік тапсырманы орындауға жапатармағай кірісті. Қарсы шыққан бірлі-жарымдарының арасында Қалдыбай Ыдрысов болды.
- Ақшаны алдын-ала аудару заңға қайшы. Сондай-ақ, менің келіспегенім, басқарма тықпалап отырған мердігердің ұсынған бағасы – 95 теңге. Ал сол кездегі АИ-92 бензинінің нарықтағы бағасы 91-92 теңге көлемінде болатын. Оның үстіне бұл фирманың Сайрамдағы жанармай бекеті жоқ, тек Шымкентте екі АЖБ қызмет етеді екен. Бензиннің біраз бөлігі облыс орталығына барып, келумен-ақ таусылады ғой. Жиыннан соң Шайхыбекованың өзіне жолығып, осы пікірімді білдірдім. Бірақ, ол «бастықтың жеке тапсырмасы, орындамағандармен жеке сөйлесетін болады» деп тіке айтты. Тапсырманы жазбаша түрде беруден бас тартты. Мен өз позициямда қалғаным үшін Исмаиловтың қаһарына ұшырасам керек. Облыстағы 100-ден астам мекеме басшылары бір күнде келісім-шартқа қол қойып, ертесіне барлығы бір кісідей қыруар ақшаны мердігерге толық аударып жіберген. Ал мен веб-порталға хабарлама беріп, жанармайға қатысты тендерді заң жүзінде өткіздім. Конкурста жергілікті фирма жеңімпаз атанды. Мердігердің Сайрам ауданында 6 жанармай бекеті бар, бағасы 92 теңге. Келісім-шарттың соңына дейін емхана бензин тапшылығын көрмеді. Есесіне, алматылық фирмамен келісім-шартқа тұрғандар кейін опық жепті, өйткені, бір жарым айдан соң мердігер банкрот деп танылды. Менің мәліметім бойынша, басқарма бастығының тапсырмасын орындаудан менімен қоса облыс бойынша 3-4 бас дәрігер бас тартты. Барлығының да кейін қызметіне қауіп төнді, - дейді Қалдыбай Ыдырысов.
Сол жылы шілде айында Қалдыбай Ыдырысовтың кезекті демалысына шығу жайлы өтінішін Исмаилов қанағаттандырмайды. Тіпті Мәскеудегі ауруханада хал үстінде жатқан туған құдасының анасына барып, жағдайын сұрауға да мүмкіндік бермепті. 14 шілде күні түнде құдағиының қайтыс болғаны жайлы хабар келіп, Қ.Ыдырысов жаназаға қатысу үшін шұғыл түрде Өзбекстандағы Жизақ облысына қарай шығуына мәжбүр болады. Бұл жайлы түнгі сағат 2-де үш орынбасарын ескертіп, жұмысты тапсырып кеткен. Ертесіне-ақ таң азанымен емханаға тексерушілер келіп, бас дәрігердің жұмыс орнында жоқтығын анықтайды.
- Сол күні сағат 17-00-де Исмаиловтың қабылдауына кіріп, жағдайды айтып түсіндірдім. Жұмыста дәлелді себеппен болмағанымды жеткіздім. Мен жоқта емханада қандай-қа төтенше жағдай орын алған жоқ, ұжым қалыпты жұмыс істеді. Жеке мәселемен түн ішінде басшыны мазалауды жөн санамай, сұранбай кеткенімді мойындап, кешірім де сұрадым. Бірақ, Исмаилов көнбей, «жұмыста себепсіз болмадың» деп мені жұмыстан арнайы бапты қолдану арқылы кетіретінін шегелеп айтты. «Олай болса қазір-ақ арызымды жазып берейін, сізге ешқандай реніжім жоқ» деп те ұсынып едім, одан бас тартты, - дейді Қ.Ыдырысов.
2010 жылдың 17 мамыр күні Исмаилов бұйрық шығарып, Қалдыбай Ыдырысов қызметінен алынды. Бас дәрігер заңды құқығын қорғау мақсатында сотқа арызданып, нәтижесінде 4 ай өткен соң 15 қараша күні жұмысына қайта бекітілді. Бұрынғы бұйрықтың күші жойылып, басқарма бастығы амалсыздан қызметке қайта алу жайлы бұйрыққа қол қоюға мәжбүр болды. Іс осымен тынса ғой. Алайда, Жұмағали Исмаилов бұрынғы тірлігін жалғастырумен болады. «Исмаиловқа кіріп, бұйрыққа қол қойғаны үшін алғысымды айттым, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтінімізге сенім білдірдім. Бірақ, ол бетіме қараған жоқ, төмен қарап отыра берген күйде «бәрібір сені арнайы баппен шығарамын» деп күбірледі. Басқарма басшысы менің жұмыс істегенімді қаламай тұрса бұл қызметке жабысудың не қажеті бар? Тағы да өз еркіммен арызымды жазып беруімді ұсындым. Тағы да бас тартты», - дейді Қ.Ыдырысов.
Қалдыбай Ыдырысовтың жұмыс орнында 4 ай болмағанын пайдаланып «Ақсукент» емханасына қатысты 9 рет тексеру ұйымдастырылыпты. Тырнақ астынан кір іздегендер түк таппаған соң майда-шүйдесін де жіпке тізе берген. Әсіресе ішкі аудит қызметі ерекше белсенділік танытып, мекемені бір емес, екі рет тексеріп кетті. Жұмағали Исмаиловтың көңілінен шықпағаннан ба, бірінші тексерудің актісін есепшінің көзінше жыртып тастап, жаңа акт түзуге көшеді. Кейін осы актте жазылғандардың барлығын қаржы полициясы мен қаржылық бақылау органының қызметкерлері толық теріске шығарып, көрсетілген кемшіліктердің бірде-бірі шындыққа жанаспайтынын анықтаған.
Басқарма басшысының қу әрекеттері өз алдына бөлек әңгіме. Соттың шешімімен Қалдыбай Ыдырысов 15 қараша күні қызметіне қайта бекітілгенімен, «тексерулердің барысында анықталған кемшіліктер үшін» деген желеумен арада бір-екі күннен соң тағы да бұйрық шығарып, бас дәрігерді қызметтен алып тастайды. Бұл жолы да сотқа арыздануға мәжбүр болған Қалдыбай Ыдырысов Жоғарғы соттың қаулысымен қызметіне қайта бекітіледі. Басқарма басшылығының жеңілісін мойындаудан басқа амалы қалмады. Бірақ, мұнда да құйтырқылық іс-әрекеттің көрініс бергенін қайтерсіз?
Басқарма бастығының міндетін атқарушы Ғ.Әбіш екі бұйрыққа қол қояды. Бірінде «Қ.Ыдырысов «Ақсукент» Сайрам аудандық емханасының бас дәрігері қызметіне қайта тағайындалсын» делінсе, бірнеше күннен соң «бас дәрігер Ыдырысов Қалдыбай еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты атқарып отырған лауазымынан босатылсын» деп бұйрық шығарады. Алайда, екі құжатта да бір мерзім – 17 мамыр көрсетіліпті. Ал еңбек шарты мерзімінің аяқталғаны шындыққа жанаспайтыны жайлы Ыдырысовтың қолында тиісті құжаттары бар. Осы мәселемен Ыдырысов Бас прокуратура, «Нұр Отан» партиясына, басқа да органдарға талай рет шағымданып, сабылғанымен нәтиже шықпаған соң ақпарат құралдарының көмегіне жүгініп отырғанын айтады.
- Денсаулық сақтау саласындағы осынау келеңсіздіктерді сыртқа шығармай-ақ, әділет жолымен шешкім-ақ келген еді. Алайда, енді басқа амалым болмай тұр. Менің көздегенім – қызметке қайтып оралу емес, намысымды таптатпау, әділдіктің орнауы. Менің қызметіме ешуақытта сын айтылған емес, көрсеткіштер қашан да жақсы болатын. Денсаулық сақтау саласында осыншама жыл еңбектеніп келіп, соңында «қызметтен қуылды», «жұмысынан айырылып қалды» деген атқа қалғым келмейді, - деп ашына сөйлейді Қ.Ыдырысов.
Медициналық қызмет саласының үздігі, бұған дейін 8 мекемеге басшылық жасаған Қалдыбай Ыдырысов осылай дейді. Жұмағали Исмаиловтың қуғын-сүргініне ұшыраған ол басқарма басшысының дәл мұндай ымырасыздығына, өзінің айтқанын қалай да істету жолындағы құйтырқы әрекеттеріне қайран қалып отыр.
Ж.Наурызбайұлы