Ө.Шөкеев: Той-томалақ үшін әкімдер жауапты
Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Түркістан облысында мемлекеттік мекемелерде өтетін жиналыстарға қатысушылар саны шектеулі болады әрі олардың басым бөлігі онлайн режимге көшеді.
- Кешенді шаралар халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Қазіргі жағдай еліміз үшін сын да сынақ та. Бізге темірдей тәртіп керек. Түркістан облысы халық саны жағынан көп шоғырланған өңір болғандықтан қауіп те еселей түседі. Біраз нәрсе әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты болып тұр. Дүрбелең мен шу ешкімге ештеңе бермеді, қайта керісінше жалпы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Сол себептен бұл жағдайды қабылдап, ел болып жұмылып, тосыннан келген індеттің бетін қайтару үшін белгіленген ережелерді бұлжытпай орындау керек, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, Түркістан облысының аумағында уақытша шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері - оқушылар сарайлары, аула клубтары, үйірмелер, компьютерлік клубтар уақытша жабылады. Коронавирус қаупіне қатысты думанды шараларға қатаң тыйым салынды. Өмірзақ Естайұлы мерекелік, спорттық, мәдени іс-шаралармен қатар, отбасылық тойлар мен адам көп жиналатын еске алу шаралары орын алған жағдайда әкімдер тікелей жауап беретінін ескертті.
Яғни, енді аудан, қала, ауыл әкімдері той-томалақтың өтпеуін қадағалайды деген сөз. Жалпы, оразаның алдында жиын-той көбейіп, жұртшылық тойханаларға екі ай бұрын тапсырыс беріп қоятын еді. Наурыз, сәуір айларында сәулеті мен сәні жағынан бірінен бірі асатын салтанат сарайларының қаңырап қалатын түрі бар. Бәрінен де бұрын той бизнесінен нәпақасын айырып отырған асабалар мен әнші-бишілерді айтсаңызшы.