Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
«Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі…» есептелетін, сыншы саналатын сырт жақтан мәртебелі меймандар жиі ат басын бұратын киелі Түркістан шаһарындағы ел-жұрт ауыз судың азабынан құтыла алмай-ақ қойды. Тірлігінің берекетсіздігінен жұрт әлдеқашан қолын бір-ақ сілтеген «Каро» ЖШС-інің түркістандықтарға таза су жеткізіп беруге кіріскеніне табаны күректей 5 жыл толды. Жобада көрсетілген 615 миллион теңге бюджеттен толық бөлінгеніне қарамастан әлі күнге тындырылған тірлік жоқ. Ісі баяу, сылбыр қимылдайтын «Каро» ЖШС-і жобаға қаралған қаржы жетпейтін болды дегенді сылтау етіп, құрылыстың құнын енді 1 миллиард 77 миллион теңгеге бағалап отыр. Сөйтіп әуел баста әбден пысықталып қабылданған жобаның құнын екі есеге арттырмақшы. Сұраған қаржылары бөлінбесе түркістандықтар үшін сағым болған таза судың жыры әлі ұзаққа созылатын сыңайлы. Жасыратын несі бар құрылыс компаниялары бүгінде тірлікті келіскен мерзімінен кешіктіріп, бюджеттен қосымша қаржы дәметуге әбден дәнігіп алды. «Құрылыс тауарлары қымбаттап кетті» деп жылда алақан жаяп жүргені. «Дәніккен қарсақ құлағымен құлағымен ін қазады» деген осы. Халықтың маңдай тері, табан ақысынан құралған бюджеттің қаржысын әкесінің көміп қойған көмбесі секілді көретін осындай құрылыс компанияларының арқасында «сақалды құрылыстардың» саны көбейіп халық ауыз судан қағылуда. Өкініштісі сол мұндай жағдай «ет өліп, көз үйреніп кеткен қалыпты құбылысқа айналып барады. Әуел бастағы әңгімемізге қайта оралсақ. Тендерді жеңіп алғанымен, нәтижелі жұмыс жүргізбей жұртты шулатқан «Каро» ЖШС-ның ісімен құқық қорғау органдары шұғылдануда деген ақпарат айтылып артынан немен тынғаны белгісіз болып соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Бәлкім серіктестіктіктің қожайыны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің туған інісі болғандығынан шығар. Ағасы ауыл шаруашылық саласын басқарып тұрған тұста інісінің тендерлерді қалай ұтқаны енді ептеп түсінікті бола бастаған тәрізді. Әрине туған ағасының абырой-беделіне кір келтіретін келеңсіз тірлікке ұрынып, елді шулатқан «еркетотай» іні өзгені қайтіп жарылқай қойсын.
Ауылшаруашылығы министрлігінің су шаруашылығы комитетін көп жылдан бері басқарып келген Анатолий Рябцевтің тұтқындалуы осы саладағы толып жатқан шикіліктер жайындағы алып-қашпа әңгімелерді растап берді. Су шаруашылығы комитетіндегі бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты 1,4 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысын ұрлау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің үстінен мемлекеттік сатып алу жөніндегі тендерді өткізу барысында лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану арқылы мемлекетке 16 971 000 теңге залал келтіру дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр, - дейді Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Сонымен бірге, оның айтуынша, бұл комитеттің лауазымды тұлғалары мен "Каро" ЖШС басшыларының үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде. Бұл қылмыстық іс лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану, қызметтік жалғандық және Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау-Түркістан су құбырын тартуға бөлінген бюджет қаржысын ұрлау деректері бойынша қозғалды. Бюджеттік бағдарламаларға жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінетінін ескерсек, қаржы полициясының су шаруашылығы саласына біраздан бері не үшін шүйлігіп жүргені былайғы жұртқа енді түсінікті бола бастады. Кентау-Түркістан су құбырының құрылысына қатысты қаржы полициясы бұған дейін де тексеру жүргізіп, 400 миллион теңгенің із-түссіз жоғалып кеткенін мәлімдегені баспасөзде айтылған еді. Оның үстіне, құжатта көрсетілгендей жаңа құбырлардың орнына ескірген материалдар пайдаланылғаны да анықталды. Алайда, басталған іс сол күйі аяқталмай қалып қойды.
Осы жобаға қатысты тендер өткізген де, бағдарламаның тікелей кураторы да су шаруашылығы комитеті екенін ескерсек, барлық мәселе айналып келгенде Анатолий Рябцевке барып тіреледі.
Жалпы Ахметжан Есімовті «Таза су» бағдарламасының өкіл атасы деп атауға толық негіз бар. Аталмыш бағдарлама ауыл шаруашылығы министрлігін бір емес, бірнеше рет басқарған Есімовтің тұсында пайда болған. Осы кезде министрдің жанынан үнемі Рябцев табылатын. Запастағы генерал-лейтенант, қайбір жылдары қорғаныс министрінің орынбасары болып та істеген Анатолий Рябцев Ахметжан Есімов ауыл шаруашылығы министрі болған кезде әскери саланы су шаруашылығына алмастырды.
Бүгінде «Таза судың» «ұңғыл-шұғылын» осы екеуінен жақсы білетін адамды табу қиын. Қаржының қалай, қайда жұмсалуын да Есімов-Рябцев тандемі анықтайтындықтан Оңтүстік Қазақстан облысына қатысты тендерлердің кімнің пайдасына шешіліп жатқаны айтпаса да түсінікті.
Жалпы, Кентау-Түркістан су құбырының сиқыры бар ма деп қаласыз. Дәл осы жобаға келгенде неге екені белгісіз, шенеуніктердің «тәбеті» ашылып, мемлекеттің бөлген қаржысын жұмсауда асқан белсенділік танытады. Олай дейтініміз, күні кешеге дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Мәжит Тұрмағамбетов кезінде дәл осы жобаға қатысты жауапкершілікке тартылған. Осыдан бақандай жеті жыл бұрын қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарып тұрғанда Тұрмағамбетов мырза Кентау-Түркістан су құбырын тартуға байланысты тендерлік комиссияның төрағасы болып бекітіледі. Конкурстың нәтижесі бойынша шенуніктердің өзі ақ жол тілеп, батасын берген «Ақ жол» ЖШС жеңімпаз атанады. Алайда, конкурста конверттер ашылған бойда жеңімпазға қатысты бірқатар шикіліктер қылаң берді. «Ақ жол» ЖШС-нің салық бойынша қыруар қарызы бары аздай, конкурсқа әкелген құжаттарынан бірталай кемшіліктер шықты. Атап айтсақ, компанияның банктік кепілдігі туралы құжаты жалған болғандығы, құрылыс жүргізу мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын өндіру үшін лицензияның жоқтығы істің сотқа өтуіне ықпал етті. Істі қараған судья тендердің қорытындысын жарамсыз деп тауып, конкурстың жеңімпазы ретінде басқа компанияны белгіледі. Алайда, соны біле тұра Тұрмағамбетов «Ақ жол» ЖШС-нің есеп шотына 11 миллион теңгені аудару туралы бұйрық шығарып, заңның үстінен аттап өтіп кетті. Бірақ бұдан Мәжит Тұрмағанбектовтің мұрты да қисайған жоқ. Қаржы полициясы үстінен қылмыстық іс қозғағанымен кейіннен іс аяқсыз қалды. Мәкең Нұрғали Әшімовтің шаужайына жармасып жүріп, ат үстінен ауып бара жатқан жерінен бойын қайта тіктеп алды. Шымкентке келіп, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығын басқарды. Артынша облыс әкімінің орынбасары қызметін де атқарды. Қазір қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары. Міне, аз-за-мат. Тұрмағанбетовтің мықтылығы осы емес пе? Бір кездері өзі шаруасын шайқалтып кеткен қызметке ақыры қайта келді. «Қар жауды, із басылды» деген шығар. Бірақ атам қазақ «қайта шапқан жау жаман» деп жатады. Ендеше Мәжит көкемнің баяғы әдетіне басып, өз құлқынының иіріміне түсіп кетпесіне ешкім кепілдік бере алмас. Қайсыбір жылы ауыз су мәселесін шешуге атсалысам деп алдын ала «аванс» ретінде Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атанып бойын мақтаныш кернеген Рябцевтің бүгінде тәлкекке түскен тағдыры анау...
"Рейтинг" газеті