«Жыл әкімі» жұмыссыз қалды

Oinet.kz 21-01-2020 1020

Мемлекет басшысының Жарлығымен Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылған Ерлан Айтаханов әзірге жұмыссыз.   Тоқаевтың Жарлығында оның қызметінен босатылғаны ғана жазылып, себебі көрсетілмеді. «Басқа қызметке ауысуына байланысты» деген әдеттегі сөз қолданылмады. Бұл Айтахановтың жаңа қызметке бүгін-ертең тағайындалмайтынын білдіретін сияқты. Дегенмен кім біледі?

ERLAN-AJTAHANOV.jpeg

Ерлан Айтаханов Шымқаланың шежіресінде ең қысқа уақыт әкім болған шенеунік ретінде қалды. Әлдебір портал, басылымдардың оған «Жыл әкімі» деген номинация бергені күні кеше ғана еді. Сол кезде марапатты ұсынушылар Айтахановтың қаланың экономикалық-әлеуметтік саласын көтеруге қатты кіріскенін, әсіресе, қала шетіндегі елді мекендер мәселесін қолға алғанын, сонымен  қатар руханияттың қамқоршысы екенін көрсете білгенін, әкімнің  бастамасымен Шымкентте қазақ ақындарының өлеңдері жазылған баннерлердің ілінгенін, белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған бірнеше ақынның жыр кештері жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтіп, оны ақпарат құралдары жаппай жарнамалаған еді. Жоғары деңгейде қызмет көрсетіп жүрген Айтахановтың әкімдік дәуірі жарты жылға да жеткен жоқ.   

Жалпы, Айтахановтың қызметінен едел-жедел босатылуын немен түсіндіруге болады? Қалай алып қарасаңыз да осы жердің қисыны тек сайлаумен ғана байланысты. Ақорда жауапты науқанды Айтахановқа сеніп тапсыра алмаған сияқты. Сол себепті оның орнына Президенттің Іс Басқармасында тәжірибе жинаған Мұрат Әйтеновты алып келді. Бірақ бұл кімнің шешімі? Бұл жолы Шымкенттің әкіміне кімнің «сенім кредиті»таусылды? Ақорданың ба әлде «кітапхананың» ба? Жалпы осы тақырып төңірегіндегі әңгімелердің Айтаханов әкім болып тағайындалғаннан бүгінге дейін толастамай келгені рас.

Әйтенов былтыр желтоқсанның соңында Қайрат Нұртайды ығыстырып, әкімнің бірінші орынбасарының креслосын иеленді. Содан бергі үш аптаның ішінде жаңылыспасақ, ол тек бір рет қана-Абай ауданы әкімінің есебінде төбе көрсетті. Оның өзінде де кешігіп келіп,  жиылған жұртшылыққа жұмған аузын ашпастан кетіп қалған еді.  

Ал, Ерлан Айтахановтың қызметінен босатылатыны сол желтоқсанда белгілі болған сияқты. Өйткені осы кезден бастап әкім алдына маңызды іс-шараларды жоспарлаған жоқ. Өзіңіз қараңыз, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жылдық есеп беруі 14 ақпанға әлдеқашан белгіленіп қойылды. Ал Шымкентте төрт аудан әкімінің екеуі есептерін беріп қойды. Екі әкімнің қорытынды жиыны осы аптада өтеді. Ал Айтахановтың халыққа қашан есеп беретіні жұртшылыққа әлі жария етілмей келген еді. Осының астарында бір гәп бар екен. 

Енді халыққа есепті Әйтенов береді. Әйтенов бұл жолғы есепті өзі үшін емес екі әкім-Әбдірахымов (тамызға дейін) пен Айтаханов (желтоқсанға дейін) үшін  беретін болады.

Айта кетері,  Айтаханов Шымкенттің әкімі қызметіне ауылдан (дәлірегі Отырар ауданының әкімі қызметінен) келген еді. Егер ол мегаполистен министрлікке өсіп кетсе, жаман емес. Әліптің артын бағып көрелік.

Үшінші мегаполистің үшінші әкімі
Қазақстанға заңсыз кірген қытайлық қазақтарға сот үкім шығарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу