Үшінші мегаполистің үшінші әкімі

Oinet.kz 21-01-2020 1384



 2019122610392775532_2019122610365463338_62392c44c5615ad25471.jpg

Осыдан жиырма шақты күн бұрын ғана «Жыл әкімі» номинациясына лайық деп танылған Ерлан Айтаханов қызметінен кетті. Үздік әкімнің үшінші мегаполистегі әкімдік дәуірі жарты жылға да жеткен жоқ. Көпшілік үшін бұл ауыс-түйістің күтпеген жерден, кенеттен болғаны рас. Дегенмен «Айтахановтың әкімдік дәуірі ұзаққа бармайды» деген саяси сарапшылардың болжамы  расқа айналды.

Үшінші мегаполистің басшылығындағы ауыс-түйісті  бүгін, сейсенбіде Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов жасады. Бәрі әдеттегі сценарий бойынша өрбіді. Президент ұсынған кандидатураны  депутаттар бірауыздан қолдады, оның соңы экс-әкімге рахмет айтумен, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеумен аяқталды. Ерлан Айтахановтың енді қандай қызметке баратындығы әзірге беймәлім күйінде қалып отыр.

Ал жаңа әкім Мұрат Әйтенов Түркістан облысы Жетісай қаласының тумасы. Жасы 39-да. Айта кетері, Әйтенов Шымкентті соңғы жылдары басқарған әкімдердің ішіндегі ең жасы болып есептеледі. Салыстырып қарар болсақ, Шымкентке Ғабидолла Әбдірахымов-40 жасында,-Нұрлан Сауранбаев 50 жасында, Ерлан Айтаханов-48 жасында әкім болған екен.

Оңтүстіктің топырағында туып өскен демесеңіз, Әйтеновтың еңбек жолы елордада өрбіген. «Ұйымдастыру және ақпаратты қорғау технологиясы» және заңтану мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 2004 жылы Қорғаныс министрлігінде бастаған. «Астана-Өнім» Акционерлік қоғамында  шаруашылық ауласының меңгерушісі қызметін атқарған. Осыдан кейін Мұрат Дүйсенбекұлының Президенттің Іс Басқармасындағы карьерасы басталады. Алдымен сектор сарапшысы, одан кейін бөлім меңгерушісі, ал 2013 жылдан бастап Іс Басқармасында аппарат жетекшісі қызметтерін атқарған. 2016 жылдың желтоқсанында ол сол кездегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Президент Іс Басқарушысының орынбасары лаузымына тағайындалған. Ол осы лауазымды Тоқаевтың тұсында да, дәлірегі  2019 жылдың желтоқсанына дейін атқарған. Яғни, бұдан Әйтеновтың Елбасының сенім білдірген кадрі екендігін байқауға болатын сияқты.

Былтыр желтоқсанда ол Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары лаузымына келіп, бар-жоғы бір айға жетпейтін уақыт ішінде үшінші мегаполиске әкім болып тағайындалды.

 Мұрат Әйтеновтың туған ағасы Марат Әйтеновтың қазіргі уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығында басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқаратындығы, ал оның әкесі Дүйсенбек Әйтеновтың уақтында Жетісай қалалық әкімдігінде жұмыс істегені, ал жалпы Әйтеновтер әулетінің бақуатты, ірі бизнестік құрылымдарда үлестерінің бар екендігі туралы мәліметтер кездеседі.

Айтпақшы мақтаулы Ерлан Айтахановтың есімі  Шымкентті ең қысқа уақыт басқарған әкім  ретінде қалды. Ол ауыс-түйіс жасау рәсімінде Елбасыға және Мемлекет басшысына алғыс білдірді.  


Шымкентке жаңа әкім тағайындалды
«Жыл әкімі» жұмыссыз қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу