2020 жылдан бастап кімдерге кредит берілмейтіні белгілі болды
Тиісті заңнамаға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде кімдерге кредит берілмейтіні белгілі болды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың қаңтарынан "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығы, микроқаржылық қызмет пен салық салуды реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң күшіне енді.
Басылым мәліметінше, осыған байланысты кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз кредит берілмейді.
2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде бекітілгені белгілі. Яғни, табысы осы сомадан аспайтын тұрғындарға кредит беруге тыйым салынды.
Одан бөлек, жұмыссыз жүргендер де несие ала алмайды. Себебі екінші деңгейдегі банк қарыз берер алдында міндетті түрде соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсетуді талап етеді.
Бұл азаматтар несиеге белшесінен батпауы және тұтынушылық кредиттер өсімінің оңтайлы қарқынын қамтамасыз ету үшін қолға алынып отыр.
Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап банктерге азаматтардың кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, комиссия есептеуге тыйым салынды. Бұл жаңашылдық кепілсіз берілетін тұтынушылық кредиттер бойынша қарыздың тұрақты өсуін шектеуге ықпал етеді деп көзделген.