«Каддафи жақсы жігіт еді»

Oinet.kz 13-01-2014 1137

«Араб көктемінің» нәтижесінде өктем биліктен құтылып, демократияның даңғыл жолына түсті деген Ливияның экономикасы шатаяқтай бастады. Былтыр мемлекеттегі табыстың 70 пайызын құрайтын мұнай өндіру күрт төмендеп, ол осыдан отыз жыл бұрынғы деңгейге бірақ құлдыраған. Сарапшылар құлдырау алдағы уақытта да жалғаса береді дейді. Шетелдік алпауыт мұнай компаниялары Ливияға салған капиталдарын бірте-бірте әкетіп жатыр. Өйткені елден береке кетті. Тонау-талау, талас-тартыс. Жарық та жиі-жиі сөніп, ел әбігерге түсіп жатыр. Ең сорақысы сол, саясаткерлер алдағы уақытта Ливия батыс, шығыс болып екі мемлекетке бөлініп, оның бірі Триполитания, екіншісі Киренайка деп аталуы мүмкін дегенді айтады.  Сарапшылар Ливиядағы теңкерістің басты себебін осы бөлінушілікпен, дәлірегі тайпаралық егеспен байланыстырады. Елдің бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи билікте осы тайпаралық «балансты» сақтамаған көрінеді. Ал енді кейбір сарапшылар Ливияның түбіне жеткен «көйлегі көктік, тамағы тоқтық» дейді. Осы болжам құлаққа қонатын сияқты. 

28fc7739050113a97a7b118eb694ddc6.jpg

...1968 жылы Ливияда М.Каддафи бастаған төңкеріс монархияның тақтан тайдырды. Бұл кезде халықтың 73 пайызы сауатсыз болатын. Төңкерістің алғашқы он жылында елде 220 кітапхана, сауат ашатын 25 орталық, 20 ұлттық мәдени мекеме пен 40 спорттық клуб жұмыс істей бастады. 1977 жылы халықтың жартысынан көбісі сауатын ашты. 1970 жыл мен 1982 жыл аралығында Ливияда 80 мың пәтер тұрғызылды. Осының арқасында бұрын шатыларда, лашықтарда тұрып келген отбасылардың 80 пайызы баспанамен қамтылды. Жалпы ішкі өнім әр тұрғынға шаққанда 14 192 долларды құрады. Мемлекет отбасының әрбір мүшесіне жылына 1000 доллар дотация беріп отырды.  Жұмыссыздарға берілетін жәрдемақының көлемі 730 долларды құраған. Ал, дүниеге келген әрбір сәбиге 7000 доллар жөргекпұл, отау құрған жас жұбайларға пәтер алу үшін 64 мың доллар жәрдемақы, жеке кәсібін ашқысы келген адамға 20 мың доллар бір реттік материалдық көмек берілген. Ірі көлемде алым-салық салуға тыйым салынды. Шетелде білім алғысы келген немесе іс тәжірибеден өткісі келген талапкердің барлық шығынын да мемлекет өз қалтасынан көтерді. Мемлекетте көпбалалы отбасыларға азық-түлікті арзан бағамен беретін дүкендер желісі жұмыс істеді. Каддафидің дәурені біткенге дейін Ливияда пәтерге, электр энегиясына ақы төлеу деген ұғым атымен болған жоқ. Егер кез-келген ливиялық пәтерді несиеге алғысы келсе, оның өсімін мемлекет мойнына алды. Бұдан бөлек өкімет несиеге алынған көлік құнының 50 пайызын, әскерилерге 65 пайызын төлеп отырған. Жанармай кісі күлерлік бағамен сатылды. Бір литр бензиннің құны 1 литр ауыз сумен парапар болды. М.Каддафи халықтың денсаулығын сақтау үшін қатаң тәртіп енгізді. Мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті сатқан дүкен иелеріне ірі көлемде айыппұл салынды. Дәріханаларда дәрі-дәрмектердің басым бөлігі тұрғындарға тегін таратылды. Дәрі-дәрмекті қолдан жасағандар өлім жазасына кесілді. Спирттік ішімдікті пайдалануға қатаң тыйым салынды. 42 жыл тақтан түспеген М.Каддафидің жасаған үлкен ерлігі-- жерінің 95 пайызын құм басып жатқан Ливияға ұзындығы 4 мың шақырымдық, тәулігіне 5 миллион текше метр су айдай алатын құбыр тартқызды. Бұл ғажайып суландыру жүйесін әлемнің сегізінші кереметі дегендер де болды. 

Осыдан кейін М.Каддафи құрған Ливия Жамахириясы нағыз жұмақ еді демей көріңіз. Бірақ халыққа осыншама жақсылық жасаған М.Каддафиді сол ливиялықтардың өзі неге айуандықпен өлтірді? Бұлай боларына полковниктің өзі де өмірінің ақырына дейін сенбепті. «Шетелге қашыңыз, мына көтерілісшілер сізді өлтіріп тынады» деген серіктеріне ол «Олай болуы мүмкін емес, халық мені жақсы көреді» деген жауап қайырумен болыпты... 

«Каддафиді халық азаптап өлтірді» деген қаралы хабарды естігенде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон жылы ғана жымиып, қуанышын жасыра алмай «Бұл жақсы жаңалық екен» деген көрінеді. Владимир Путин Каддафидің өлімін өте жиіркенішті көрініс ретінде бағалап, «Осы да демократия ма?» депті.  Ал, сол кездегі Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрі С.Шойгу Ливия басшысымен жақсы таныс болғанын тілге тиек ете келе былай депті:  «Муаммар Каддафи бағалауға тұрарлық жауынгер және жақсы жігіт еді. Өте аянышты». 

Иманғали Тасмағанбетовтың анасы қайтыс болды
Ким Чен Ын өзінің жездесі Чан Сон Тхэканы пулеметпен атып өлтіртті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу