Мұрагер. Берік Әбдіғали
Сіз қиялдай білесіз бе? «2016 жылы немесе оған бір жыл жетпей тұрып, Қазақстанда үлкен сайлау өтеді. Елді жиырма жылдай басқарған президент Нұрсұлтан Назарбаев енді немерелерінің ортасында адам секілді бел шешіп демалмақ. Көп жылдық зейнетінің бейнетін көріп, құрметті зейнеткер атанбақ (Тура осы жерде қатты қиялдап қажеті жоқ. Себебі, бұл табиғаттың, саясаттың бұлжымас заңдылығы бойынша, онсыз да орындалатын шаруа). Сондықтан, ел тағдырын қолына алатын адамның есімін сіз атаңыз» деген ұсыныс түссе, кімді айтар едіңіз? Аптықпаңыз! Қиялыңызды қиындата түсіп, бірнеше шарт қоялық. Мәселен, сіз айтатын тұлға жетпісті желкелемеген, алпысты алқымдамаған, елуді еңсермеген болуы тиіс делік. Қырықтың о жақ, бұ жағында билікке келіп, қамал бұзған И.Әлиев, М.Саакашвили, Б.Обама, В.Путин секілді қырғидай қылшылдаған жас болуы міндет десек ше?
Маған салса, ойланбастан Берік Әбдіғалидің есімін айтар едім!
Неге?
Біріншіден, ол советтік компартиялық басқару жүйесіндегі таптауырын «машина» мектебінен өтпеген адам. Комсомол атанып, науқаншылдыққа бой алдырмаған. Урашылдықтан санасы таза ұрпақтың өкілі.
Қазіргі күрделі заманда, аумалы төкпелі өзгерістердің ағымында, жаһандану жарысында Қазақ мемлекетін алға сүйремек тұлғада ең алдымен осындай ұлттық сананың тазалығына қатысты асыл қасиет болуы міндет! Егер ел басына осындай қалыптағы адам келсе ғана, біз шын мәнінде ұлттық мемлекет құруға жол бастаймыз.
Екіншіден, Берік Әбдіғали қызметтің буына мойын алдырмаған. Ол мемлекеттік қызметтің дәмін талай мәрте көрді. Бірақ, бірде бірінде өзгелер секілді қайыс креслоға жамбасын желімдеп, жабысып отырып алған жоқ. Кезінде Ақпарат министрлігінде, Президент әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Мансап қуса, осының бірінде амалын тауып, «ләпай, тақсыр» десе де, сол жағалаудағы қызыл кілемді кеңседен осы күнге дейін шықпас еді. Яғни, ол «қызмет үшін жан пида» дейтіндер қатарынан емес. Биліктен, қызметтен кете білу қазіргі таңда екінің бірінің қолынан келе бермейтіні әркімге аян.
Үшіншіден, оның алғырлығы мен өрелігі. Еңбек жолын кітапханашы болып бастаған ол студенттік шағын тарихты білуге арнады. Содан да болар, қызмет құлағын ұстағандардың арасында Алашорда ардақтылары туралы келелі ой айтып, ұлы қайраткерлердің мақсат-мұраттарын іске асыруға міндетті ұрпақтың өкілі ретінде өзіне жауапкершілік қоя біледі. Бұл оның жеке тұлға, саяси қайраткер ретінде шыңдалып, қалыптаса бастағанының белгісі.
Төртіншіден, саясаткер ретінде ауылы алыс, қорасы қоралас, ойдағы-қиырдағы жұрттың ішкі мәселелерін тереңнен түсінеді. Ел ішіндегі, қоғамдағы жаңа ағыстарға, кеткен кемшіліктер мен олқылықтардың зардапты жолын аңғарып, оның түйінін шешу жолын айта алады. Ел көзіне түсу үшін әсершілдікке, әсіре сілтеушілікке қызықпайды. Орысты қазақпен, қазақты орыспен қорқыту технологиясын қолдамайды. Қайта, бар қазақ кең болып, өзге ұлыстарға құшақты кеңінен аша отырып, оларға қазақ тілін, қазақ ұғымын, қазақы салт-дәстүрін сіңіріп жіберейік деген ұстанымда. Бұл ойы үшін өздерін «ұлтшылмыз» дегендерден сан сын естіді. Бірақ, ол қазақ көштің соңында, не ортасына жүретін емес, елдің алдында жүретін бәсекеге қабілетті ұлт болу міндет деген сөзінен осы күнге дейін таймады. Мемлекеттік реформалар, оның ішінде саяси бағытта жүргізілген бастамаларға да өз ойын ашық айтып жүр. Өзгелер айта беретін «бұл... президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан тапсырмасы...» секілді жаттанды, таптаурын ұрандарға жоламайды. «Жергілікті жердегі әкімдерді мәслихат депутаттары емес, халықтың өзі сайласын, сонда ғана елдің сенімі оянады» дейтін пікірін де жасырмайды. Мемлекеттік қызмет саласында жүргізілген реформаларға өзіндік сыни ойлары және бар.
Бесіншіден, елдегі ішкі көші-қонды қалай жүзеге асыру туралы нақты ұсынысы бар. Стратегиялық тұрғыдан қарағанда, қазақтың барлық салада қарқынды дамуы осы көші-қон үрдісіне, ұлттың өсуіне тікелей байланысты. Егеряки, Берік Әбдіғалидің баспасөз бетіне айтқандарын жібермей оқып жүрген болсаңыз, моноқалалардың яғни, бір өнеркәсіпке кіндігі байлғанған шағын қалалардың бұлыңғыр тағдырын ол Жаңаөзен қақтығысынан туындаған сабақ басталмай тұрып, жік-жігімен бөліп айтқан болатын. Мәселен, алдағы елу жылға жетпей, Жезқазғанның кен қоры таусылмақ. Сонда, өзге табыс көзі жоқ қала халқы немен күн көрмек? «Қазақмыстың» құшағындағы қырық мың жұмысшы қайда қалмақ? Жезқазған секілді тағдыры бұлыңғыр отыз шақты қаланы есепке алсақ ше? Демек, алдағы күннің басты мәселесі ішкі-көші қонды ұлттың пайдасына шешу болмақ. Бірақ, «тендр өткенше қызметімде отырсам болды» деген көңіл күйдегі көптеген әкім-қаралар, шенді-шенеуніктер осы мәселеге келгенде бүгін «қазанның» қақпағын ашып қарағысы да келмейді.
Алтыншыдан, ол Ұлытау, Жезқазған, Арқалықта әкім болды. Жалпы, үндемей отырып, он жыл әкім болуға да болады. Осы елді мекеннің тұрғындары Ақ Берік атап кеткен (самайының ақшылдығына қарап емес, көңілінің, ниетінің ақтығына қарап айтса керек-Р.Е.) кейіпкеріміз бір жерде екі жылдан артық отырмады. Бірақ, қайда барса да, ел ықыласына ерекше бөленді. Мәселен, Торғай өңіріндегі танымал азамат Мираш қажы Тәшенов «Берік 10 ай әкім болды. Кетерінде жылап, еңіреп қимай әрең қоштастық. 10 жыл әкім болса, соңынан еріп көшіп кетер едік» деген еді. Халықтың осында қошеметіне ол қалай қол жеткізді? Бір ғана сиқыры бар: ол әкім болып, елдің шекесінен қарап, шірене сөйлемеді. Халықтың сөзін, мұқтажын қызметінен жоғары қоя білді.
Астанада қабылданған түрлі шешімдер жергілікті жерлерде не үшін сынған әйнектей шашылып қалады? Қияндағы ауылдың, қырдағы қаланың, ойдағы қазақтың мәселесін Есілдің сол жағалауындағылар не себепті сезініп, түсіне бермейді? Бұл сұрақтардың жауабын елімізде екі адам білсе, соның бірі—Берік Әбдіғали деп сеніммен айтуға болады. Себебі, ол жергілікті жердегі басқару жүйесінің мектебінен өтті. Мемлекеттік ауқымдағы мәселе мен жергілікті жердің жарасына «диагноз» қоя біледі. Өзгелерді тұқыртқымыз келмейді, бірақ, сөздің шыны керек, біздегі көптеген шенділер мұндай қабілеттен кембағал.
Жетіншіден, жиырма жылда Қазақстан экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған әрине, жер астындағы байлығымыз көп септігін тигізді. Алайда, осы жылдары бізде азаматтық қоғам құру шаруасы кешеуілдеп қалды. Кеңестік қалыптан алыстадық десек те, басқару жүйесі орталыққа сол күйінде бағынышты болып қалды. Мүмкін, мұндай жүйе уақыт тезінде қажет болған шығар. Бірақ, түптің түбінде бір ортадан басқаратын амалдан ерікті, еріксіз алыстаймыз. Себебі, бюрократия үстемдік еткен ортада мемлекет дамымайды. Яғни, елдің келесі басшысы үшін атқаратын ауқымды шаруа осы болмақ. Ал, ондай саяси реформаны бүгінгі саяси элитаның ішіндегі тұлғалар атқара ала ма? Араларынан жүректісі табылып, додаға атойлап шықса, оған халық сене ме? Бір өкініштісі, тоқсаныншы жылдардың басынан басталған сансыз реформаның жемісін көрмеген қарапайым тұрғындар бүгінгі билік басындағыларға сенбейді. Ал, саяси элита, қаржылық алпауыттар үшін өтпелі кезеңде «өгіздерін өлтірмей, арбаларын сындырмай» көпірден өтулері қажет. Яғни, халыққа да, алпауаттырға да асыра сілтеушілікке бас ұрмаған, оңы мен солын таныйтын, сыртқы күштердің талапайына түсірмейтін, мемлекеттің болашағын бірінші шепке қоя алатын мемлекетшіл жаңа тұлға керек. Және ондай тұлғаны Астандағы лауазамы жоғары тапсырма орындаушы шенді-шенеуніктердің ішінен емес, керісінше, халықтың бел ортасында жүрген, елдің алдына шығып, жүйелі сөз айта алатын азаматтардың қатарынан іздеу орынды. Сондай жігерлі азаматтар ғана қоғамның ұйқысын бұзып, елдің сенімін оятады. Ал, сондай жанның бірі меніңше, Берік Әбдіғали! Ал, сіз кімді айтар едің?
Р.S. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Арқалықтан ауысып, Қарағанды облысының әкімінің орынбасары болған еді. Бірақ, онда көп тұрақтамады. Кейбір басылымдардың жазуынша, Берік Әбдіғалидің осы қызметке бара жатқанын естіген Президент әкімшілігінің орынбасары Бағлан Майлыбаев бірден оның үстінен арыз жазып, жолына тосқауыл болыпты-мыс (Баспасөзде жарық көрген осындай пікірлерді Б.Майлыбаев әлі күнге дейін терістеген жоқ). Сондағы айтқаны, Берік Әбдіғали мемлекет қайраткері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының шәкірті, соның саяси жолын ұстаушы екен... Бір қызығы, осы алыпқашпа cөзге байланысты Б. Әбдіғали түсініктеме беруді этикаға сай көрмеді. Бірақ, Алтынбек Сәрсенбайұлының шәкірті екенін қай жерде болса да, мақтанышпен, жауапкершілікпен ашық айтып жүр.
Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!