Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Бұл тестілеуге қаржы арқылы, билік арқылы әсер ету болған жоқ». Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов «А» корпусының резервіне іріктеу үшін өткізілген тестке осылай деп баға берді. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу үшін сынақ тапсырардан 1 тәулік бұрын Астанадағы тест орталығы мен облыс әкімдігі арасындағы байланыс үзілген. Ашық әрі ешқандай «көке, жәкенің» араласуынсыз өткен тесттен топалаң түскендердің арасында атағынан ат үркетін шенеуніктер жетіп артылады.
Нақты цифарға тоқталар болсақ, бұл жолғы емтиханда бағы да, бабы да келіспеген лауазым иелерінің ішінде 1 министрліктің жауапты хатшысы, 2 облыс әкімінің аппарат басшысы, 8 комитет төрағасы, 20 тексеру комиссиясының басшылары бар. Осылайша атқарып отырған қызметі «А» корпусына тиесілі 155 шенеуніктің (оның 54-і аудан, қала әкімі) мәселесі шешіліп қойылды. 26-шы қыркүйекке дейін олар орынтағын босатып беруі тиіс.
Осыған дейін жария етілген мәліметтерге қарағанда, тесттен сүрінді дегендердің ішінде еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, Еңбек және халықты қорғау министрлігінің комитет төрағасы Серік Бисақаев, Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасы Серік Ирсалиев, Индустрия және жаңа технология министрлігінің комитет төрағалары Қуат Танысбаев, Ерлан Мұратов, атом энергиясы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин және тағы басқа да лауазым иелері бар көрінеді. Тіпті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұлттық тест орталығының басшысы Айдос Ақбұйымов бір баллы жетпей қалып, саптан шығып қалыпты. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан үміткерлердің қаншасы ақырғы сынаққа жолдама алды?
«Сіз жыланнан қорқасыз ба?»
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының таратқан мәліметтеріне қарағанда, облыста «А» корпусының конкурсына 121 үміткер қатысуға ниет білдірген. Олардың 5-еуінің біліктілік талаптары сәйкес келмегендіктен сынаққа жіберілмеген. Таңқаларлығы сол, 16 үміткер құжат тапсырғанмен тестілеуге келмей қалған. Бас-аяғы екі аптаға созылған сынақтан 42 үміткер сүрінді. 58 кандидат келесі кезеңге жолдама алды.
Жалпы, басқарушылықтың «А» корпусын жасақтаудың тәртібін жасаған мамандардың әлемнің отыздан астан елдерінің тәжірибесін зерделеп шыққаны бұған дейін де айтылған әңгіме еді. Басқарушылықтың ерекше тобының резервін жасақтауға ерекше талап қойылатыны рас. Дегенмен оның құптайтын және құптамайтын жақтары да бар болып шықты. Бір байқағанымыз, қойылатын сұрақтар алдымен орыс тілінде әзірленіп, одан кейін қазақ тіліне қасаң түрде аударылған сияқты. Үміткерлер алдымен 10 заңнан, бұдан кейін жеке және басқарушы құзіреттерді белгілеу тестін, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтау үшін «Қазтест» жүйесі бойынша тест және логикалық вербальді тест тапсырды. Мұның соңғысын психологиялық тест деп атасақ та болады. Астанада тест тапсырып келгендердің бірімен сөйлескенімізде олар осы соңғы сынақтың түсініксіздеу болғанын алға тартты. Мәселен тест барысында «Сіз жыланнан қорқасыз ба?» деген сауал қойылыпты. «Шегірткеден қорыққан адам егін екпейді» дегенді естіп едік, енді сұрақ әзірлеушілер «жыланнан қорыққан адам әкім бола алмайды» дегенді ойлап тапқан ба? Түсініксіз. Түсініксіздіктің көкесі әлі алда. Жоғарыдағы сауалдың төрт жауабы бар екен: 1.«қорқамын», 2.«қорықпаймын», 3.«қорқуға бейіммін», 4.«қорықпауға бейіммін». Қорытындысында компьютер үміткердің осы сұраққа шынайы немесе өтірік жауап бергенін анықтап беретін көрінеді. Сонда компьютер тест тапсырушының шын не, өтірік айтқанын, оның жыланнан қорқатынын, не қорықпайтынын қайдан біледі? Жалпы, «А» корпусының резервіне үміткелерді іріктеуде тесттен гөрі еркін әңгімелесуге көбірек мән берілгені жөн еді» деген пікірі көп айтылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев:
-Бұл жерде шешілмеген мәселелер бар. Кезінде жұмысын дұрыстап істей алмаған соң қызметінен босатылған, мемлекеттік қызметтен, әкімдіктен хабары жоқтар да қатысып жатыр. Үміткерлердің 70-80 пайызы әкім болғысы келеді. Бәрінің арманы әкім болу. Ал қалай бастау керектігін ешкім білмейді,-- деді ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Бекеңнің, Бердібек сапарбаевтың іші ашитындай жөні бар-ау. Өйткені тесттен Шығыс Қазақстан облысынан 5 бірдей ауданның әкімі өтпей қалды. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында сынақтан сүрінгендердің арасында төрт аудан әкімі бар. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов төрағалық еткен өңірлік кадр комиссиясымен әңгімелесу кезінде тағы 5 үміткерге теріс қорытынды берілген. Олардың ішінде бір ауданның әкімі бар. Жолы болмаған бесінші әкімнің кім екені белгісіз. Бірақ комиссияның теріс қорытындысын алғандар да Астанадағы Ұлттық комиссияның мүшелерімен әңгімелесуге барып, түпкі шешімді сол жақ айтады. Біздің түсінгеніміз, облыстан құрылған комиссияның сынағы үміткерлер туралы жергілікті басшылардың пікірін жинақтауды ғана мақсат тұтқан сияқты. Айтқандай, өңірлік комиссия әңгімелесу барысында үміткерлер туралы ақпарат құралдарында жарияланған сын мақалаларды да алдын ала жинақтапты. Ал, ақпарат құралдарында «жұлдызға» айналғандар кімдер еді және олар қандай баға алды. Бұл жағы әзірге жұмбақ.
«А» корпусына құжат тапсырғандардың ішінде бірнеше басқарма басшылары бар болатын. Олардың үшеуі ғана сынақтан өте алды. Сондай-ақ, тізімнен Қазығұрт ауданының әкімі қызметін біліктілікпен атқарған Әбдімүтәліп Көбеевтің, Сарыағаш ауданының экс-әкімі Мақсат Мырзабаевтың аты-жөндерін кездестірдік. Ұлттық комиссияның сынағын сәтті тапсырса, олардың әкім болуға басқалардан гөрі мүмкіндігі жоғары болатыны талас тудырмаса керек. Әрине, егер «А» корпусының резервіндегі кандидаттарға дұрыс таңдау жасалса деңіз...
Шілдеде белгілі болады
4 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия үміткерлермен әңгімелесуді бастады. Алдын ала түзілген кестеге қарағанда комиссия әуелі Астанада жұмыс істейтін үміткерлерден емтихан алуда. Ұлттық комиссияның төрағасы Президент әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімов. Былтыр құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аттестациясына жетекшілік еткен К.Мәсімов бұл жолы да тізгінді өз қолына алды.
Қалай десек те, қысқа күнде қырық құбылып тұрған Оңтүстіктің ауа-райы секілді алда бір аласапыранның, дәлірегі үлкен кадрлық ауыс-түйістің келе жатқаны анық.
Сіз не дейсіз?
«Ашық, әділ өтті деп есептеймін»
Берік Бекжанов, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының басшысы:
-Облыстан құрылған өңірлік комисия жұмысын аяқтады. Комиссия құрамында 5 азамат болды. Әңгімелесу кандидаттардың кәсіби және тұлғалық тәжірибесін, оның уәждемесі мен әлеуметтік беймделуін айқындауға бағытталған еркін сұхбат түрінде жүргізілді. Ашық, әділ түрде, әр үміткерге нақты сұрақ, нақты баға берілді деп есептеймін.
Теріс нәтиже алған үміткерлердің ішінде 1 аудан, қала әкімі лауазымын уақытша атқарушы, 2 аудан әкімінің орынбасары, 1 мемлекеттік қызметші болып табылмайтын азамат және 1 тексеру комиссиясының мүшесі бар. 52 үміткер әңгімелесу барысында оң нәтижеге қол жеткізді.
Жалпы біздің облыста «А» корпусына жататын 24 лауазым бар. Кадр резервінде қанша адамның болуы керектігін Ұлттық комиссия шешетін болады.