Назарбаев: «Шенеуніктер мемлекеттік тілді жетік білуі тиіс»

Oinet.kz 13-12-2012 975

"Мемлекеттік тіл - бұл ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай деңгейде құрметтелуі тиіс мемлекеттік рәміз. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс. Қазақстандық  жастар мынаны білуі тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар – демек өз функцияларында қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек".

image.png

Н. Назарбаев

Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында Елбасы осылай деген болатын. Жуырда Ақордада әкімдермен өткен басқосуда Елбасы шенеуніктерге мемлекеттік тілді білу қажеттігін тағы қайталап ескертті. Дәлірегі талап қойды. 

- Жауапты хатшылар өңірлерде тәжірибеден өткен әрі мемлекеттік тілді меңгерген болуы керек. Сонымен қатар олар өздері жұмыс істейтін саланы білулері қажет,--деді мемлекет басшысы Н.Назарбаев. 

Заң бойынша елімізде мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс үш-ақ лауазымды тұлға бар екен. Олар Президент және Сенат пен Мәжілістің төрағалары. Президент енді олардың қатарына министрліктегі жұмыстарды бақылап отыратын жауапты хатшыларды қосты деген сөз. Елбасының мұнысы жай ғана сөз емес, нақты берілген тапсырма екенін жуырда Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Байбек те растап берді. Ол:

- Жауапты хатшылар «А» корпусындағы жоғары әкімшілік лауызымды тұлға болып саналады. Олар орталық аппараттардың жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Жауапты хатшылардың жұмыс тәжірибесі болуымен қатар мелекеттік тілді жетік меңгеруі қажет. Өйткені олар мемлекеттік тіл туралы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, тіл саясатын жүргізуге жауапты болады,--деді. 

Мемлекеттік тілді жетік білуі тиіс деген талап бүгін жауапты хатшыларға қойылса, күні ертең ол министрлерге, барлық деңгейдегі әкімдерге, ал түптің түбінде барлық мемлекеттік қызметкерлер үшін бұлжымас талап болады. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі 2017 жылға қарай кемінде 50 пайызды, ал  2020 жылға қарай 100 пайызы құрауы тиіс. Елбасының жоғарыдағы тапсырмасы осы бағдарламаның бұл жолы кері шегінбей шынайы жүзеге асатынын,  шенеуніктерге «үйреніңдер» деп ақыл-кеңес беретін кезеңнің өтіп, нақты талап қоятын сәттің жақындағанын байқатты.  

Елбасы сондай-ақ, әкімдермен өткен кездесуде алдағы уақытта шенеуніктерді сандық жағынан қысқартып, олардың сапалық жағынан күшейтуді көздейтінін мәлім етті.

- Саяси мемлекеттік қызметшілер саны 8 есе қысқарады. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен орынбасарлары ғана қалады. Министрлер мен жауапты хатшылардың, әкімдер мен аппарат басшылары өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылады. Министрлер мен әкімдер кадр мәселесімен және бюджет қаражатын бөлумен емес, салалық саясатты іске асырумен және өңірлерді дамытумен белсене айналысуы қажет. Мемлекеттік органдар арасында мемлекеттік қызметшілердің конкурстан тыс орын ауыстыруы мейлінше азайтылуы керек. Мемлекеттік қызметте лайықтылар ғана қалуы тиіс, - деді президент Н. Назарбаев.  

Әкімдермен өткен басқосудан кейін Қарағанды облысына жасаған іс-сапары кезінде Елбасы мемлекеттік тіл тақырыбына тағы да тоқталды. 

- Бірте-бірте қазақ тілі—мемлекетік тіл ретінде елдегі басты тілге айналады. Ол елдегі барлық азаматтарды біріктіретін және теңестіретін тіл болады,--деген Елбасы АҚШ-тағы жағдайды мысалға келтірді.  Америкаға қоныс аударған азаматтардың барлығы да ұлтына қарамастан ағылшын тілінде сөйлейді. Бірақ ешкім де оларды тілінен, ұлтынан, мәдениетінен айырып жатқан жоқ емес пе? Бірақ қазақ тіліне мемлекеттік мәртебенің берілуі орыс тілін үйренудің қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Елбасы елімізде үш тұғырлы тіл саясатының жүргізіліп жатқанын және оның жалаң ұран еместігін білдіріп:

- Біздің балаларымызға ағылшын тілін білуі керек. Қазір кез-келген мектепке барсаңыз, балалар үш тілде сөйлейді. Бұл біз үшін дұрыс жол,--деді.

Орыс, ағылшын тілі өркениетпен байланыстыратын тіл екенін ешкім де жоққа шығармайды. Десек те, Елбасының өзі айтқандай, «Елдегі басты тіл--қазақ тілі» болып қалары анық.

Премьер-министр жиындарды қазақ тілінде жүргізетін болды
Болатбек Әлиев елді тағы шулата бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу