Кәсіпорын жұмысшыларына 691 миллион теңге жалақы қарыз
Қазақстанда банкротқа ұшыраған 65 кәсіпорынның жұмысшылар алдында 691 миллион теңге жалақы қарызы бар, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ.
Олардың жұмысын жандандыру бойынша атқарылып жатқан кешенді шаралар нақты жүйеге келтірілмеген. Қостанайда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында осы мәселе талқыланды. Бүгінде тоқтап тұрған кәсіпорындардың мүліктері 10 миллиард теңгеге бағаланады. Алайда қарызды жабу қарқыны баяу. Бұл проблема әсіресе Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында өзекті. Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бірқатар құзырлы органдарға осы келеңсіздіктердің шешу жолдарын табуды тапсырды.
«Қарыздарды өндірсек, бюджетке қосымша кіріс әкелеміз. Кәсіпорындардың активтері, сататын мүліктері жетерлік. Алайда конкурстық басқарушылардың бұл мәселемен айналысуға ынталары, қызығушылықтары жоқ»,- ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.