«Батька» сыр берді
23-05-2023
Оңтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің ауыр қылмыс жасап темір торға қамалуы үйреншікті жағдайға айналғалы қашан. Дегенмен соңғы уақытта тәртіп сақшылары топ-тобымен, «үйір-үйірімен» тұтқындалатын әдет тапты. Халықтың тыныштығын қорғайды деген Оңтүстіктің полициясы жең ұшынан жалғасқан сыбайластардың, бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысқан ұяластардың ордасына айналып бара жатқан сияқты.
Осыдан бір ай бұрын Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген операцияның нәтижесінде есірткі саудасымен айналысты деген күдікпен төрт учаскелік инспектордың ұсталуы қоғам арасында әжептәуір дүрбелең туғызды. Кейінірек ұсталғандардың үстінен есірткі саудасымен айналысты, қызмет бабын теріс пайдаланды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыптармен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғаны мәлім болды. Таңқаларлығы сол, облыстық ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметінің басшылығы бұл туралы ләм деген жоқ. Бәлкім шенділер «осындай-осындай жағдай анда-санда болып тұрады» деген шығар. Алайда анда-санда емес арада бір ай өтісімен тағы төрт полицей тұтқынға алынды.
Тағы да топ-тобымен, тағы да төрт полицей. Тағы да сол бап. «Қой терісін жамылған қасқырларды» құрықтау операциясын тағы да сол «үш әріптің» қызметкерлері жүргізген. Шәуілдірде полицейлер ұсталып, ауданның у-шу болып жатқаны туралы ақпарат редакцияға өткен жұма күні түскен болатын. Дегенмен нақты не болғанын ешкім білмейді. Әйтеуір, ұсталғандардың төртеу екендігі, екеуінің бөлім бастығының орынбасарлары екендігі айтылды. Бірі парамен, бірі есірткімен ұсталыпты деді. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бахадыр Битұрсынов бұл кезде Астанада іс-сапармен жүргенге ұқсайды.
Бір апта бойы ұсталған полицейлер туралы ресми мәлімет таратылған жоқ. Тек кешегі күні Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты төрт полицейді қамауда ұстауға санкция берілгенін жария етті.
-27 мамырда әл-Фараби аудандық сотына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің тергеушісінен төрт күдіктіге күзетпен бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтінішке прокуратура органдары келісімін берген,- деді аталған соттың судьясы Ғани Байарыстан. Судьяның айтуынша, сот барысында анықталғандай, күдіктілердің екеуі Отырар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған. Қалған екеуі жедел уәкіл және учаскелік инспектор болып істеген. Алғашқы үш азаматтың үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлімінің 1,2,4 тармақшаларымен (есірткі саудасы), ал учаскелік инспектордың үстінен Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлімімен (пара алу) қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілердің барлығына қамауда ұстау туралы қаулы шығарылған. Қазіргі уақытта олардың біреуіне апелляциялық шағым беріліпті. Ал қалған үшеуі сот қаулысымен бұлтарусыз келіскен көрінеді. Қалай келіспесін, тағылып отырған айып аса ауыр қылмысқа жатады. Егер кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Дәл қазіргі уақытта бұл қылмыстық істің қалай орын алғаны, шенділердің нақты қандай айғақ-дәлелмен, қандай жағдайда ұсталғаны туралы жартымды ақпарат жоқ. Ұзынқұлақтан жеткен ақпараттарға қарағанда ұсталғандар Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің абақтысына қамалған. Департаменттің өзі үнсіз.
Жалпы елдің тыныштығына жауапты, қашанда абыройлы іс саналатын полицейлердің есірткі саудасының төңірегінен табылуы облыста бұған дейін де кездескен. Қайбір жылдары криминалдық полиция бастығының орынбасары героин саудасыман тұтқындалған. Оның артынша ҰҚК-нің ұзақ уақыт бойы жүргізген операциясының нәтижесінде ірі көлемдегі есірткіні саудалаған Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген Дәрібай Шалаевтың ұсталып, ұзақ жылға сотталғаны есте қалыпты.
Алысқа бармай-ақ қоялық, былтырдың өзінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті «қой терісін жамылған қасқырларымен» бүкіл республикаға танымал болды. Атышулы Тоқтар Төлешовтың тұтқындалуынан кейін облыстық ішкі істер департаментінің біраз лауазымды қызметкерлерінің қолдарына кісен салынды. Төлешовтың тобына тиесілі полицейлердің бірі сотталып, бірі қызметтерінен босатылды. Бұдан кейін ішкі істер департаментіне қарасты әкімшілік полицияға қарасты тіркеу-емтихан бөлімінде 30-ға жуық полицей тұтқындалды. Тергеу барысында анықталғандай, жүргізуші куәліктерін алып беру, көлікке қатысты рәсімдерді жасаумен айналысқан ұйымдасқан топ қызмет бабын пайдалана отырып, қазынаға түсуі тиіс миллиардттаған теңгені қалталарына басқан. Осындай у-шу, дау-дамайдан кейін онсыз да ақпарат құралдарында жиі сыналып жүрген генерал Асқар Оспанов қызметінен кетті. Оның орнын басқан полковник Жанат Сүлейменовтың «дәуірінде» де полицейлер байқап отырғандарыңыздай, тұтқындалуды жалғастырып жатыр.
Осындайда облыс қазынасынан ішкі істер органдарының керек-жарағына қаржының молынан бөлініп жатқанын айта кеткен жөн шығар. Департаментке генерал Серімжан Досымов басшылық еткен қайбір жылдары жергілікті әкімдер мен депутаттар полицейлердің ат таситын көлігінің өзін 350 мың долларға алып бере салып, мәрттік танытқаны бар. Былтыр қыркүйекте сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өз қолымен жергілікті полицияға 78 жаңа көліктің кілтін табыс етті. Көлік болғанда қандай дерсіз. Кілең шетелдің су жаңа «темір тұлпарлары». Қазір біздің полицейлер ешкімнен кем емес. Ішінде компьютер, бейнекамера сияқты құрылғылармен жарақталған патрульдік автокөлік мінген полицей кімнен кеммін дер екен?! Дәл осындай жағдайды, қыруар қаржыны облыстың полицейлері бұған дейін түстерінде де көрмеген. Сол қаржының қайтарымы қайда?
Жуырда облыс әкімдігінде депутаттар мен прокурорлар қатысқан жиында полицияға жағдай жасалған сайын жалқау болып бара жатқаны кеңінен әңгіме болып еді. Қайбір жолы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың өзі айтқандай, полицияның ішіндегі жағымсыз үрдіс-дәстүрлердің тамырына біржолата балта шабу үшін Грузиядағыдай ішкі істер органдарын түгелдей қызметтен босатып, орнына жаңа кадр алу қажет шығар. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне мұны тәжірибе ретінде сынап көруге сұранып тұр емес пе?
P.S. Айтпақшы, ақпарат құралдарын біраз шулатқан Асқар Оспанов қызметіне тағайындалған кезде полковник шенінде болатын. Полковник алғашқыда жақсы жұмыс істегенін мойындаймыз. Оспановтың генерал шенін алғаннан кейін иті қырын жүгіре бастады. Оның орнын басқан Жанат Сүлейменов те полковник шенінде. Бірақ Сүлейменовтың қазіргі сиқына қарасаңыз, генерал болғысы келмейтін сияқты.
Жәнібек Тархан,
«Рейтинг» газеті №21, 1 маусым 2017 жыл