«Соловьевтің сандырағы» қымбат тұрады

Oinet.kz 06-10-2019 943

Соловьев.jpg

Ресейлік журналист Владимир Соловьев 1 сәуірде Алматыда, 8 сәуірде Астанада «Қатаң келіссөздер немесе көшбасшы болу өнері» деп аталатын мастер-класс өткізеді. Өзге ұлттарға шекеден қарап үйренген шовинист қазақтарға (қазақстандықтарға) не үйретпекші? 

Кеңес одағының «шекпенінен шыққан екінші сортты елдерге» ақыл үйреткісі келіп тұратын В.Соловьев өткен жылдың соңында Минскідегі (Беларусь) республика сарайында мастер-класс өткізді. Беларусь белсендісі Дмитрий Дашкевич бастаған бір топ адам республика сарайының алдында наразылық акциясын ұйымдастырды. Қолдарына «Путин – соғыс!», «Алдымен одақ, одан кейін аннексия», «Солвьев кет!» деген плакаттар ұстап шықты. Алайда Соловьевтің күзеті Путиннің күзетінен еш кем емес екен. Наразы топты оған жолатпады. 

Сонымен, В.Соловьев Минскіде не айтты? Ал енді Алматы мен Астанада не айтуы мүмкін? 

Залға әдеттегісінше шекеден қарай кірген «жазушы һәм философ» отырғандарға маңғаздана қарап: «Мұнда белорустар көп екен ғой» деп күшеніпті. Наразылық өткізген топқа қарата тағы былай деген: «Оншақты оңбаған! Өздері – ұсақ, күлкілі, ақшасы төленген жолаушылар... Журналистер мені оларға жібермей қойды. Жақындағанда маған тарпа бас салар деп ойлағам. Бірақ бәрі әлжуаз екен...» 

Соловьев сияқтыларға қарсы ұлшыл топ бізде де бар. Мәселен, Мұхтар Тайжан бастаған бір топ адамды Астанадағы Тәуелсіздік сарайының алдында наразылық шарасын өткізіп тұрғанын Соловьев көрер болса, сарайға кірген соң не айтатынын болжай беріңіз. 

Әрі қарай кеттік. Оның мастер-класы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде ұлы Ресейдің тарихы мен өзге әлемнің жай-күйін айтады, онысын күлкілі емес анкдоттармен тұздықтайды. Одан кейін тағы да ұлы Ресей мен бұрын оның қол астында болған ұсақ мемлекеттердің арасындағы байланыс және оны сыртқы күштердің қалай үзгісі келетіні хақындағы әңгімені тізбелейді. «Олар неге бізді үйрете береді? Еуропа әр жүз жыл сайын ақымақшылығын қайталап отырады: Ресейге қарсы шауып, мойны астына қайырылып жатады» депті Соловьев бұл туралы. 

«Ақыл үйретудің» екінші бөлімі сұрақ-жауаптан тұрады. Дәл осы бөлімде біздің елдегі соловьевтердің қышуы бір қануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Өйткені бұл бөлімде «ұлы орыс идеясы» мен Украина туралы 

өте көп айтылады. Мысал үшін «философтың» Минскіде айтқан кейбір сөздерін келтірейік. 

«Қырымды қайтарып беруге болмайды, ол зат емес қой. Оны ешкім тартып алған жоқ, халық өзі таңдау жасады». 

«Янукович – жымысқы хайуан. Бұрын онымен бір командада болғандар бүгінгі Украинаның билігінде отыр». 

«Ресей ешқайда басып кірген жоқ. Мәселен, Киевке әскер кіргізгеніміз жоқ қой. Бірақ Донбаста орыстарды өлтіруге жол бермейміз». 

«Ресей қашан аннексия жасайды, қашан агрессор болады деп күтіп жүрсіздер ме? Ешқашан олай болмайды». 

«Порошенконың түрі еуропалыққа емес, алқашқа ұқсайды». 

Айтпақшы, Минскідегі кездесуде әлдекім: «Бізді де Қырым сияқты өздеріңізге қосып алыңыздаршы» деп қиылған. Соловьев оған былай деп сыбырлапты: «Халық болашағын өзі шешеді. Бұл сұрақты мұндай жерде талқылауға болмайды». 

Алматы мен Астанадағы кездесуде осы тектес сұрақ қоятын «әлдекімдер» табылатынына күмәніңіз болмасын. Сонда Соловьев оларға не деп сыбырлар екен? 

Сонымен, «философ һәм жазушы» Владимир Соловьев мастер-класс өткізгенде айтуы мүмкін «ақылын» шамамен келтірдік. Ал енді осындай сандырақты үш сағат бойы тапжылмай отырып тыңдау үшін 54 мыңнан 324 мың теңгеге дейін ақша төлеуге дайынсыз ба, құрметті оқырман? 

Ерік Рахым,

Мұрағаттан, 2017 ж

«Терезаның күлкісі» Мәжіліс депутатына неге ұнамады?
Тоқаевқа хат жазған мектеп оқушысы Жаратылыстану мен Өлкетануды алып тастауды сұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу