Алтай Көлгінов мемлекеттік бағдарламамен жастарға берілетін тұрғын үйлермен танысты

Oinet.kz 15-10-2019 932

image.png

Елбасы жариялаған жастар жылында, жұмыс істейтін жастарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенімен елорда әкімі Алтай Көлгінов танысты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Салынған үй-жайлары мен екі деңгейлі паркингі бар тұрғын үй кешені А. Жангелдин, С. Рахимов, Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылысында (ескі базар ауданы) орналасқан. Ол 1472 пәтерден тұрады. Тұрғын-үй кешені осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Қараша айынан бастап жас астаналықтар жалдамалы пәтерге өтініш бере алады. Әкімдіктің мәліметінше, елордада 14 пен 29 жас аралығындағы 245 мың адам немесе Нұр-Сұлтан халқының 23%-ы тұрады.

Пәтерлерді жалға беруде «басымдық кімдерге беріледі» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Айта кетейік, жас отбасылар, нарықта сұранысқа ие 100 мамандық тізімінен кәсіпті игерген азаматтар, жас кәсіпкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басты үміткерлер болып саналады. 

Қазақстанның жас азаматтарына бес жыл мерзімге сатып алу құқығысыз беріледі. Мұндай пәтерлерді жалдау құны 12 мың теңгеге дейін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте тұрғын үйді іске қосу қарқынын және құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру қажеттігіне назар аударған болатын. 

Президенттің мекемелердегі "қадамдық қолжетімділік" туралы тапсырмасын іске асыру аясында тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы, барлық аудан тұрғындары үшін емхана болады. Ал екінші қабатта – балаларға арналған шағын орталық (балабақша) және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция пункті орналасады. 

Шаһар басшысы Алтай Көлгінов балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет екеніне баса назар аударып отыр. 

Қазақстанда электронды медициналық паспорт іске қосылды
Қуандық Бишімбаев сияқты түрмеден ерте шыққысы келген Бағлан Майлыбаевтың жолы болмады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу