Сапарбаевтың сыйлығы: шапан және 5 млн. теңге

Oinet.kz 12-09-2020 1007

Таразда Сейілда Байшақовтың 70 жас мерейтойына және «Тараз» футбол клубының құрылғанына 60 жыл толуына орай жолдастық кездесу өтті. Алматылық «Қайрат» пен жергілікті «Тараз» командасының ардагер ойыншылары өзара кездесті.

image.png

Матч алдында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кездесуге қатысушыларға сәттілік тілеп, жамбылдық футбол мектебі шебер ойыншылар шығара білетін «ұстахана» екендігін жеткізді. «Оның айқын көрінісі – Сейілда Байшақов, - деді облыс басшысы. – Ол Қазақстан футбол тарихындағы жарқын ойыншылардың бірегейі. Көптеген жанкүйердің көзайымына айналып, ойын мәнері талай жастардың футболға келуіне үлкен әсер етті деп есептеймін. Оның ізін басып бүгінде Бақтияр Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет секілді жастар шығып жатыр. Жолдастық кездесуде алаңға шыққалы тұрған ардагерлердің көбі жамбылдық футбол мектебінің түлектері екендігін көріп тұрмыз. Олардың жартысы республиканың сол кездегі басты командасына шақырту алған ойыншылар болатын».

Матч алдында Бердібек Сапарбаев мерейтой иесі Сейілда Икрамұлына құрмет көрсетіп құттықтап, шапан жапты. Сейілда Байшақов 1950 жылы сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз жерінде дүниеге келген. Осы аймақтың футбол мектебінің түлегі. Спорттық карьерасының басым бөлігін алматылық «Қайрат» командасында өткізді. Көп жыл ұжымның тас қамал қорғаушысы, лидері, капитаны болды. Спорттық мансабын тәмамдаған соң да спорт саласынан алыстамады. Алдымен «Қайрат» футбол клубының әкімшілігінде жұмыс істеді. Қазақстан футбол федерациясында бірқатар лауазымды қызмет атқарып, 2016 жылы ұйымның Президенті болып сайланды. Сондай-ақ, еліміздің Футбол ардагерлері одағының Президенті атағына да ие. Отандық спорт саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Парасат» орденін алған. Жетпіске толған Сейілда Байшақов кезіндегі командаластарымен бірге «Тараздың» ардагерлеріне қарсы алаңға шықты. Жолдастық кездесудің тұсауын даңқты футболшымен бірге Бердібек Сапарбаев кесіп, ала допты ойынға қосты. Тартысты кездесудің алғашқы кезеңінде Тараз ардагерлері ойын тізгінін қолға алып, бірнеше өткір шабуылдар ұйымдастырды. 20 минутта екі гол соғып есепте алға шықты. Екінші таймда ойын қарқыны үдеп, қос қарсылас алма-кезек шабуылдаумен болды. Ақыры жолдастық кездесу 5:5 есебімен аяқталып, командалар тең тарқасты.

Тағы бір мерейтой иесі «Тараз» футбол клубы да құрқол қайтпады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұжымға 5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ойыннан кейін әсерімен бөліскен Сейілда Байшақов жерлестеріне зор алғысын білдірді. «Осындай құрмет көрсетіп, кездесу ұйымдастырған облыс басшылығына, «Тараз» клубына үлкен рахмет. Соның арқасында барлығымыз қайта жиналып, өткен тамаша кезеңді қайта еске түсіріп жатырмыз. Ол шақта бүгінгі алаңға шыққан жігіттерден бөлек, басқа да мықты футболшылар болды. Мәселен, футбол мэтры Тимур Сегізбаев... Бүгінде Ұлттық құрама намысын қорғап жүрген біздің түлектеріміздің қатары көп екеніне шын қуанамын. Бұл үнемі жалғасын таба береді деп сенемін», - деді С.Байшақов.

Майк Тайсон – Рой Джонс
Беннасер об Ибрагимовиче: он, однозначно знаменосец нового поколения талантов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу