Тимур Әмірбеков: «Әлияның орнын жоқтатпайтын гимнастшылар өсіп келеді»

Oinet.kz 16-07-2009 1405

Screenshot_2.jpg

Тимур Әмірбеков,  облыстық гимнастикадан олимпиада ізбасарларын  даярлайтын балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Көркем гимнастиканы өзге спорт түрлерімен салыстыру қиын. Себебі, жетістікке жету тек қана спортшының емес, жаттықтырушыға, әсіресе төрешіге байланысты. Гимнастиканың заңы сондай. Дәлел іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Жерлесіміз Әлия Жүсіпованың үлкен спортта жүріп  өткен жолын айқын мысал ретінде келтіруге болады. Білікті басшы, білгір ғалым Уәлихан Бишімбаев басшылық жасайтын Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінен тәлім-тәрбие терген  Әлияның талантына ешкім күмән келтірмесе де Олимпиада ойындарында әділетсіздікке жол беріліп, жүлделі орындар ресейлік және украиналық  гимнастшы қыздарға бұйырды. Дегенмен, төрешілердің әділетсіздігіне қарамастан Әлияны әлем мойындады. Ендігі мәселе -  төрешінің қиянат жасайтынын, демек, әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарында жүлделі орынға ілігудің мүмкін еместігін біле тұра спортшыны даярлау ісі қалай болмақ? Осы тұрғыда облыстық  гимнастикадан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тимур Әмірбековты әңгімеге тарттық. 

-Шымкенттік гинастика мектебі дегенде көбінесе Әлия Жүсіпованың есімі аталады. 

-Жалпы, біздің мектептің тарихы осыдан жарты ғасыр бұрын бастау алған. 1956 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында тұңғыш рет қол және күміс медальді Юрий Цыпенко жеңіп алды. Одан кейін әрине  даңқты Нелли Кимнің дәуірі басталды. Олимпиада ойындарының 6 дүркін чемпионы  Шымкенттің ең үлкен мақтаныштарының бірі. Әлия Жүсіпованың орны бөлек. Қазір ол өзінің жаттықтырушысы Екатерина Панченконың бақылауында Астана мен Шымкентте жаттығып жүр. Мәскеудегі атақты жаттықтырушы Ирина Винерден кетіп қалды. Әлияның болашақ жоспары қандай болатынын айта алмаймын. Оның спорттағы карьерасының жалғасуы бірқатар  мәселелерге байланысты. Екінші жағынан алғанда, қазір мектебімізде жаңа есімдер өсіп келеді. Әсіресе Мизана Исмаилова мен Мәдина Ескендірова сынды талантты спортшы қыздарды атап өткім келеді. Олар соңғы кездері халықаралық жарыстарда жақсы қырынан танылып жүр. Қазір ұлттық құрама команданың сапында әлем кубогына әзірленуде. 

-Әлиямен салыстыруға келе ме?

-Жалпы, гимнастшыларды бірімен-бірі салыстыруға болмайды. Әрқайсының өзіндік ерекшеліктері, мықты тұстары бар. Осыны ескеру керек. Бірақ, әрине, Әлия – тума талант. Өзін әлемдік деңгейде  мойындатқан шебер. Ондай деңгейге жету үшін Ескендірова мен Исмаиловаға әлі де көп еңбектену қажет.

- Жалпы,  бұл  мектеп әу баста  спорттық гимнастикаға мамандырылғаны белгілі. Алайда,  Әлияның жетістіктерінен соң бұл бағыт  көркем гинастиканың тасасында қалып қойған жоқ па?

-Жоқ. Спорттық гимнастикадағы да жетістіктеріміз аз емес. 2002 жылдан бері бізде бірнеше жоғары деңгейдегі спортшылар шықты. Атап айтқанда, әлем кубогы этаптарыынң жеңімпазы, әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы Тимур Құрбанбаев. Сондай-ақ, Эльдар Валиев деген талантты спортшымыз бар. Ол былтыр әлем чемпионатында топ жарды. Жастардың арасында  Станислав Валиев пен Максим Петришкаға деген көзқарас жақсы. Бұлардың жасы небәрі 19-да. Соған қарамастан, Азияның жастар арасындағы чемпионатының жеңімпаздары. Станислав биыл сәуірде Словенияда  өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралды.   Азия чемпионы атанудың мәні өте зор. Себебі, әлемдік гимнастикада Азия құрлығы өте мықты. Қытай, Корея мен Жапонияның шимнастшылары алдына жан салмай тұр. 

-Жалпы, Қытаймен бәсекелесу қаншалықты қиын? 

-Әрине. 1,5 миллиард адамның арасынан гимнастшыларды іріктеп таңдағандықтан спортшыларының деңгейі өте жоғары.  Бір ғана жайтты атап өтейін. Қытайдың сопрттық гимнастикадан бірнеше құрама командасы бар. Айталық, үшінші командадағы спортшылар бірінші команда мүшелерімен бір деңгейде өнер көрсетеді. Бәсекелестік жоғары болған жерде нәтиженің де жоғары болатыны заңды. Оның үстіне, біздің спорт залдары мен құралдарымызды олардікімен салыстыруға мүлдем келмейді. Біз құралдарды үш-төрт жылда бір рет сатып аламыз. Ал қытайлықтар жыл сайын жаңартып отырады. Жаңа снарядтармен тек халықаралық турнирлерде танысатын кездер болады. 

-Республикада бізге бәсекелес болатын аймақтар қайсы?

-Мәселен, Алматыда гимнастикамен шұғылдануға барлық мүмкіндіктер жасалған. Оларда гимнастика секциясына қатысатын балалардың да саны көп. Жақсы жаттықтырушылары бар. Алайда, соңғы жылдарда халықаралық жарыстардан жүлдемен  тек оңтүстікқазақстандық балалар ғана оралады. Тіпті соңғы Азия чемпионатында да тек біздің үш гимнастшымыз медаль жеңіп алды.  

-Бұны немен түсіндіресіз? Әлде кездейсоқтық па?

-Жоқ, кездейсоқтық емес. Басқа облыстарда жаттықтырушы жетіспейді. Ал Алматыға келсек,  мұндағы  гимнастика мектептері жекешеленіп кеткен. Демек, алматылықтар балалар тәрбиелеумен емес, ақша табумен ғана шұғылданады. Гимнастикаға жанашырлық  танытатын мамандар бар. Бірақ, олар тым аз. Дағдарысқа байланысты халықаралық ірі додаларға қатысуды да азайттық. Әрине, бұның кері әсері байқалмай қоймайды. 

«Ата-аналармен жиі қақтығысып қаламыз»

-Көркем гимнастикаға деген қызығушылық соңғы бірнеше жылда еселеп өскені жасырын емес. 

-Иә,  мұнда Әлия Жүсіпованың жетістіктері үлкен роль атқарды. Афины және Бейжін Олимпиадаларынан соң көркем гимнастикаға келушілердің қатары күрт артты. Рас, бұл спорттың ең әсем де тартымды түрі. Бірақ, мұнда өзіндік нормативтер бар. Стандартқа балалардың барлығы бірдей жауап бермейді ғой. Осы тұста ата-аналармен арада түсініспеушіліктер  орын алып жатады. Әлі мектепке бармаған кішкентай қызын жетектеп келетіндердің дені – жоғары лауазымды шенеуніктер.  «Менің балам талант, алтын! Оны неге алмайсыңдар?», деп доқ көрсетіп, спорт басқармасына дейін арызданып баратындар бар. Сұранысты толық өтей алмайтынымызды көрген кейбір жаттықтырушылар жекеменшік гимнастика клубтарын ашып, балаларды  ақылы түрде  қабылдап жүр. Дегенмен мына заңдылықты келтіргім келеді.  Көркем гимнастика бөліміне қабылданған 100 қыздан  бір жылдан соң оның бар-жоғы 20-ы ғана қалады. Үш жылдан соң әрі кетсе 10 адам қалады. Бұл қалыпты жағдай. 

-Гимнастикадағы төрешілер тарапынан болатын әділетсіздік жайлы көп әңгіме айтылады...

-Әділетсіздік  тек гимнастика емес, адам факторы басым спорт түрлерінде жиі кездеседі. Айталық, боксты алайық. Төреші соққыларды санамай қойса, жеңіп тұрған боксшы жеңіліп қалуы мүмкін. Бірақ, гимнастиканың ең әлсіз тұсы – баға қою. Төрешілердің  шешімі мың жерден әділетсіз болса да, оны бұза алмайсыз. Жүйенің өзі сондай. Мәселен, «беларуссиялық қызды бірінші орынға сүйреу керек» деген тапсырма түссе, бітті. Төрешілер өзара келісіп алып, оны қалайда сүйреп шығады. Сол сияқты, кез-келген спортшыны оңбай құлатады.  Өзім Афины Олимпиадасында, сондай-ақ әлем чемпионаттарында болғанымда медаль жеңіп алғысы келетін бай елдердің өкілдері төрешілермен қалай жұмыс істегенін көрдім. Еуропада төреші атану түк емес. Бірнеше ай бойы арнайы курстарды оқып шығып, емтихан тапсырсаң сені халықаралық деңгейдегі төреші етіп сайлай береді. Сол әлем чепмпионаттарындағы төрешілердің көпшілігінің негізгі мамандықтары – мұғалім, полицей, аспазшы, кәсіпкер. Мәселен, хорватиялық бір төреші бар. Оның барлығы «Хорватияның шоколад патшасы» деп атайды. Себебі, өзінің шоколад шығаратын зауыты бар бақуатты адам. Гимнастикаға қызығушылығы артып, спорт залын ашты. Ережелерді оқыды да бірден төреші болып шыға келді.  

-Маман  ретінде айтыңызшы: Әлия Жүсіпова Афины және Бейжің олимпиадаларында қандай орынға лайық еді? Жалпы, Әлияның спорттағы тағдырына төрешілердің әділетсіздігі қалай әсер етті?

-Афиныда Әлия ең кемі екінші орынды иеленуі тиіс еді. Кемінде! Бұл менің ғана пікірім емес. Олимпиада ойындарындағы көптеген мамандардың пікірі осындай. Өкінішке қарай, қарсылық білдіруден ешқандай пайда шықпайды. Ал, Бейжің олимпиадасын өз басым осындай әділетсіздіктен соң зер салып қарағаным жоқ. 

-Осындай жағдайларды көрген соң спортшыларды даярлап, өсіруге деген ынта-құлшыныс жоғалып кетпей ме? Ақыры чемпион атануға мүмкіндік жоқ болса, жас спортшыларды қалай ынталандырасыз?

-Ол рас. Бірақ, мына жағдайды да ескеру керек. Әлемдік деңгейдегі төрешілердің құрамы үнемі жаңарып отырады ғой. Араларында адамгершілікті алдыңғы орынға қоятын адал азаматтар да бар. Спортшының міндеті – бағдарламаңды мейлінше қатесіз орындап шығу. Болды, басқа нәрсені ойлаудың қажеті жоқ. Ал, егер гимнастшының шыңдалғанын төрешілер байқаса, әділ бағасын береді.

-Әлемдік рейтингтегі орнымыз қандай?

-Спорттық гимнастикада 64 мемлекеттің арасында әзірше 24-орындамыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал көркем гимнастикада рейтинг шығару қиындау. Дегенмен, мұнда да біздің әлемдегі орнымыз жоғары. 

Әңгімелескен Жандар Көшенов

Сейітбек Құлбаев: «Чемпиондар ауылдан шығады»
Шүменов әділетсіздіктің құрбаны болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу