Көше сыпыру әйелдердің жұмысы ма әлде еркектердікі ме?

Oinet.kz 06-09-2019 1315

Screenshot_10.jpg                     

Жақында Түркияда тұратын группаласым Шымқалаға қонаққа келді. Шаһардағы достарымыз жиналып, Әлимен кездестік. Басқосып, баяғы студенттік кезеңдерді еске алып, арқа-жарқа болып қалдық. Әңгіме арасында Қазақстанның  оның ішінде Шымкенттің бес жыл ішінде қалай өзгергенін сұрадық. Әли білім алып, қазақ бауырларымен достасуға мүмкіндік берген қаланы сағынғанын жасыра алмады. «Бірақ...» деп әңгімесін жалғаған Әли «...көшеде келе жатып бір қазақ әйелдің аянышты тағдыры жаныма батты»,- дейді ол. «Қыстың қара суығында көше бойын қардан, мұздан тазалап жүрген әлгі апайға жаным ашыды. Жұмысына кірісе бергені сол еді жол бойында кетіп бара жатқан автокөлік тоқтаңқырап, шопыры  оған: «сәл арырақ жүрсең қайтеді, бөгет жасамай. Бір жерің майып бола қалса бәле жабуға шеберсіңдер» деп жекіп бермесі бар ма? Сөзіне мән бермеуге тырысқанымен әйелдің көңілі кәдімгідей құлазып қалды. Қасына жақындап жұбатуға тырыстым. Есімі – Жанар екен. Жасы 50-де. Көше тазалығы әйелдер үшін ауыр жұмыс қой. Неге басқа жұмысқа ауысып кетпейсіз? десем «Дипломым жоқ, оның үстіне жасы келген адамды жұмысқа кім алады. Бес баланы асырау керек болған соң, табылған жұмысты істейді екенсің» деді. «Күйеуіңіз бар ма?» деген едім. «Құдайға шүкір, бар. Қазір жұмыссыз» деді. Біреудің өміріне араласуға құқым жоқ болғасын,  жөніме кете бардым. Менің бір байқағаным Қазақстанда көше жұмысшылары, тазалықшылардың көбісі нәзік жандылар. Ер кісілердің көше сыпырып, күрек ұстап жүргенін сирек көремін. Ал біздің  елде әйелдерді, аналарды көше сыпырушы ретінде жұмысқа алмайды. Себебі ауыр жұмыс ретінде саналып, мұндай іспен тек ер адамдар айналысады. Сондай-ақ ешқандай ер кісілер мұны ұят санамайды. Әрі бұл мамандыққа бәрі құрметпен қарайды. Оның  үстіне кез-келген отағасы тұрмысы ауыр болсада келіншегіне көше сыпыруға рұқсат бермейді. Көңілдеріңе келмесін, бірақ мұнда әйелі көшеде белі майысып, жаздың аптап ыстығы мен қыстың суығында тоңып, көше сыпырып жүргенде,  қолынан іс келмей, екі аяғын аспанға көтеріп жатқан еркектер баршылық екен. Сірә, еркектер қауымы мұндай жұмысты ар санаса керек.  Бұл дұрыс емес қой». 

Расында да бұл әңгіменің жаны бар. Біздің қалада көше сыпырушы, аула тазалаушылардың дені әйелдер екен. Қазақтың жігіттері, ерлері намысшыл келеді ғой. Бірақ намыстың да өз орын, шегі бар емес пе?   

Жұлдыз Байназарова, 

Шымкент қаласы

«Тоқал» фильмі жайлы
Адамның тағдыры өз қолында ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу