Димаш Денис Тен туралы ән айтып, жылап қалды (видео)
Димаш Құдайберген Ұлыбритания астанасы Лондонда жеке концертін өткізіп, екі сағат бойына жанды дауыста ән салды.
Димаш көбіне қазақ әндерін орындап, көрермендердің жүрегін тебірентті.
19 қараша күні Лондонның «Indigo at the O2» алаңында өткен Димаш Құдайбергеннің кешіне әлемнің 46 елінен тыңдармандар жиналған.
Бір айта кетерлігі, бұл концертті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мемлекетіміз ұйымдастырған екен. Димаш Құдайберген өзінің концертінде бірнеше тілде ән орындады. Соның ішінде Қытайдағы байқауда алғаш орындаған әні, жалпы байқауларда тұсауын кескен француз өлеңі S.O.S. d’un terrien en détresse-ті де орындады.
Осы кезде экранда кісі қолынан қаза тапқан — Олимпиада жүлдегері, мықты спортшы Денис Теннің бейнесі пайда болды (видеода — 1 сағат 05 минутта). Ол көкмұзда түк болмағандай, ортамызда жүргендей осы әнге сырғанап жүрді. Өмірдегі досына ән арнаған Димаш одан көзін ала алмады. Қатты толқыды, қимастық, өкініш секілді сезімдер арпалысып бұрқ еткенде әнді аяқтаған Димаш жүзін төменге салып, сахнадан жылап шығып кетті.
Тікелей эфирде чатта отырған көрермендер Димашқа басу айтып жатты.
«Дауысы дірілдеп кетті, Димаш жылап тұр ғой, жылама, досыңның жаны жұмаққа барсын» деп жазды олар.
Димаш өз кешін «Алға Қазақстан» әнімен аяқтады.
Видео мына сілтемеде:youtu.be/cvBMdkgfbFo