Қонаев: «Жол азабын жүрген біледі»
1936 жылы шілдеде Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын қызыл дипломмен бітіріп, Қоңырат-Балқаш құрылысына жолдама алдым. Осы жерден менің өмірбаяным, нағыз еңбек жолым басталды. Маған бұл өңір бұрыннан таныс еді. Өткен жылы жаз салым келіп, бес айдай практикамды өткергенмін. Қоңыраттың ыстық-суығына азды көпті төзіп, оның жайсаң жандарымен жақынырақ танысып қайтқанмын. Жаңа ғана көтерілген шығыс үйіндісінде десятник боп жұмыс істегем. Дипломға «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын айқындау» деген тақырыпты алғанмын. Жұмыс істей жүріп, содан материалдар жинақтадым. Еңбегім еш кетпеді. Үздік бағаға қорғап шықтым. Осылай алғашқы қадамым менің өмірімді Қазақстан түсті металургиясының дамуымен ажырамастай етіп байланыстырып еді. Мен Орталық Қазақстанда еліміздің аса қуатты мыс өнеркәсібінің, кейін кенді алтайда қорғасын-мырыш өндіріс ошағының бой көтеріп, қанат жаюына үлес қосқан алғашқылардың бірі болғанымды мақтан етемін.
Уақыт озған сайын дүние өзгеріп, алып құрлыстар бірінен соң бірі бой көтере бастаған. Күллі Орта Азия республикаларын Сібір аудандарымен жалғастырып жатқан күре тамыр – Түрксіб темір жолы жалпыхалықтық игілікке айналған. Қуаты жағынан кешегі Кеңес одағында үшінші отын көзі – Қарағанды, Шымкент қорғасын зауыты, Ащысай кеніш қанат жайып, республика индустриясының ірі ошақтарының бірінен саналды.
Студент кезімде-ақ Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты Балқаш мыс балқыту комбинатын салу жөнінде шешім қабылдағанын білетінмін. Ол мөп-мөлдір Балқаш көлінің солтүстік жағалауынан бой көтере бастады: мыс шығару жөнінен еліміздің аса ірі комбинатына айналатындай етіп жоспарлаған-ды. КСРО-ның Ебек және қорғаныс кеңесі комбинатының құрылысы өзінің маңызы жағынан Магнитогорскіге пара-пар келетінін атап көрсеткен. Осыған орай, комбинатты салу бүткіл партия мен халық ісі деп саналады.
Тарих қойнауына үңілсек, сонау ерте заманда-ақ адамдар Арқа төсінен мыс өндіргенін, сөйтіп, игілігіне ұстай білген екен. Әрине, сүймен жеткен жер бетіндегі мысты түзіп алғаннан артыққа барды деуге болмас. А. Деров деген көпес 1910 жылы қоңырат кен орны жайында ресми түрде тұңғыш тілегін білдіріпті. Артынша «жолдан тайған періштілердің»- кәсіп иелері мен өндірісшілердің саны әлденешеге жетіпті. Аңқау елге арамза молда әр кезде-ақ болған. Жергілікті байлар аңызақ желі ойнаған сар далаға бар-жоғы ата-қонысым деп қана қараған, сөйтіп ауыз жарымайтын ақшаға сатып жіберіп отырған. Ал көктен іздегені жерден табылып жатқан ісмерлер сол кен орындарын пайдаланып, белшеден байлыққа батқан.
Революциядан кейін Балқаш өңіріне аш көздене қараған, мойындау керек, алты қырдың астындағыны алдын ала болжап білетін ағылшын кәсіпкері Лесли Уркватты ғана еске түсірелікші. Ол 1928 жылы Мәскеуге жазған хатында: «Сіздер маған қырғыз (қазақ – Д. Қ.) даласын, Балқаш маңын және одан арғы жерді барлау жасауға мүмкіндік бермес пе екенсіздер? Бәрібір бұл жерлермен сіздер ең кемі 50, тіпті 100 жылдан кейін ғана айналысасыздар. Ал мен іздестірер едім. Бәлкім, бірдеме тауып қалармын».
Алайда ағылшын іскерінің сәуегейлігі сандырақ боп шықты. 1929 жылы 2-тамызда КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесі «Түсті металл өнеркәсібін дамытудың перспективалары туралы» қаулы қабылдады. Сол жылы-ақ Балқаш өңірінде қаз мойнын бұрғылау мұнаралары барлау жұмыстарын бастап кетті.
...1936 жылы 2-шілдеде институтының ғылыми кеңесінде диплом жұмысының жобасын қорғасынмен еш нәрсеге алаңдамастан Алматыға тарттым. Әке-шешеме соғып, амандығын білген соң, жұмыс орныма жетуге асықтым. Алматы мен Балқаш бес жүз шақырымнан сәл-пәл ған асатын жерге поезбен талай жерді орағытып барып әрең жетесің: Алматы – Семей – Петропавл – Қарағанды – осының өзі көп жайдан хабар бергендей ғой.
Ескі Қарағандыда самолет күтіп, бір тәулік жіпсіз байландым, қонақ үй іздеп, жайлы төсекте шалқаңнан түсіп жататын заман емес, базадан бас сұғатын жер тауып, бір түнеп шықтым да, жетінші тамызда Балқашқа ұшып келдім. Таңқаларлығы сол , бұл жерден де ол бес жүз шақырым. Аэдромнан кеніштің директорына телефон шалдым. Кісілік көрсеткелі емес, көлік жағы қат. Телефон тұтқасын көтерген кісі:
- Күте тұруыңызға тура келеді. Фабрикаға кен апарып түсірген машиналардың бірі қайтарда аэродромға соғып, баратын жеріңізге апарып салады,- деді.
Көлікті көп күтіп қалдым. Әуежайда қалалық партия комитетінің нұсқаушысы А. Г. Нейманмен таныстық. Кейін бірге қызмет істедік. Ол кеніш партия комитетінің хатшысы, ал мен аз уақыт басқарушы болғанмын. Нейман жігерлі жігіт еді, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін басшы, қабілетті маман ретінде сыйлайтынбыз. Соғыс кезінде әлденеше рет жүздесудің сәті түсті. Орталық Комитеттің Ленгердегі (ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы тұғын) өкілі ретінде мен оның кез келген жауапты жұмысты сеніп тапсыруға болатын іскер жан екеніне және көзім жетті.
Шаршап-шалдығып Коңыратқа келген күні студенттік өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген жолдасым Зауытбек Болатовтың «үйіне» тоқтадым. Үйіне деген сөзді тырнақшаға алуымның мәнісі мынада: бізден сәл ғана бұрын келіп жұмысқа орналасқан оған жертөледен бір бөлме тиіпті. О заманда бұл хан сарайынан кем тірлік емес. Барын алдыма жайып, ықылас көрсетті. Біз студенттік күндерді еске алып, түннің бір уағына дейін әңгімелесіп, шер тарқатыстық.
Мыс алыбының құрылысын салу, шикізат базасын жасау ісі ілгері басқан аяқты кері кетіргендей қиындықпен жүріп жатыр екен. Біз Түркісібтің 32-разъезіне дейін поезбен бардық, ал одан әрі – Балқаш көлінің, оңтүстік-шығыс жағалауына – Бөрілітөбеге дейін он екі шақырымдық қосымша темір жол төселіпті:
Жол азабын жүрген біледі...
Біз Бөрілітөбеден Қоңыратқа жету үшін Балқашта пароходқа отырғанбыз. Қырсыққанда қымыран іридінің кебі келді. Күтпеген жерден жел көтерілмесі бар ма, ақ көбік асау толқын аспанға шапшып, ал кеп пароходты билетсін. Жалма-жан зіл батпан зәкірді тұңғиыққа тастаттырып, жарық атаулы түгел сөндіріліп, пеш жағылды. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, дауыл арты нөсерге ұласты, шелектеп құйғаны сонша, су болмаған сау жер қалмады. Жүргіншілерді үрей билеп, әбден әбігерге түсті... Тек таңертең ғана адуын жел басылып, сабалап ұрған мұздай жаңбыр сап тыйылып барып жан қалды. Кешікпей көмекке катер келіп, пароходты тіркеуге алды да, Бөрілітөбеге қайта тартты. Біз мінген пароход қаусамаса да, қатты бұзылса керек, екі күн бойына жөндеуден өтті. Оның есесіне бұл сапарда көгілдір көл төсінде аққудай қалқып, құрылысқа бара жатқан бір топ жұмысшыларды ың-шыңсыз Бертыс айлағына апарып салды. Үлгі үшін салынған байыту фабрикасының маңындағы ескі алаңнан түсіп, институтта оқып жүрген кезден білетін инженер Камал Қадыржановты іздедік. Ол бізден ертерек, 1933 жылы бітіріп, құрылыс қадасы қадалғаннан осында жұмыс істейді. Кейін республика жергілікті өнеркәсіп министірі қызметінде жүріп, қан майданға аттанған жігіт. Соғыстан жеңіспен оралған ол «Ленгеруголь» тресінде басқарушы, Қарағанды және Талдықорған атқару комитеттері төрағаларының орынбасары дәрежесіне дейін көтеріліп, зейнеткерлікке кетер алдында Қазақ КСР түсті металлургия министірлігінде коллегия мүшесі болды.
Сонымен, араға жыл салып Қоңырат дәмі қайта бұйырды. Алып-ұшқан көңіл алда тұрған асу бермес қиындықтардың барын көрмей, білмей, тәуекелге бел байламағаны аян. Құрылыс кісі төзгісіз жағдайда салынды. Адамдар сыз басқан жертөлелерде, қырық жамау киіз үйлерде, ығы-жығы лашықтарда «тар жерді тамаша ғып» тұрып жатты. Бала кезде үйге кісі келіп, орын болмай қалса, тар төсекке аяқтасып-аяқтасып жата кететінбіз. Бұл жерде ондай жағдайды жұмақтай көретін. Бірі жұмысқа кеткенде оның орнын екіншісі басады. Алты қанат үй сирек, бірақ төрт қанат қараша үйде үш үйлі жан бірге тұратын. Ара-тұра жұмысшылардың не инженерлердің біріне лашықтан иә жертөледен аядай бөлме берілсе, әлгі адамнан асқан бақытты жан жоқ еді. Бірақ жұрттың асығы алшысынан түсе беретіндей жағдай қайдан бола берсін. Ілуде біреу ғой. Оның үстіне бір күн тоқ, бір күн аш тірлік тірлік ішіп-жемді де үнемдеуге мәжбүр етеді. Жанар-жағармай жағы ұшпайды. Ел іші болған соң, бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Оған медициналық қызмет көрсету жағы кемшін.
Мұрағаттан, 24.05.2012 ж