Жол туралы ырым-тыйымдар
Қазақтың кең - байтақ жерінде жолға шығу, жол жүру аса көп дайындықты қажет еткен. Себебі тұрғын елді мекендердің, батыспен шығыстың, оңтүстік пен солтүстік аймақтарының алып жатқан аумағы ұланғайыр. Алыс жолға аттану, діттеген жеріне аман - есен жету үшін халық бүкіл жан дүниесімен беріліп, тілеу тілеген. Ұзақ жол жүру, оңай шаруа емес. «Табиғаттың дүлей апатынан сақта, жақсы жол бере гөр, өзімнің, көлігімнің денсаулығын бере гөр» – деп жаратқанға жалынған.
Басып кетпе кір суын, тигізер ол қырсығын.
Жарылады табаның, сырқырайды ұршығың.
Таза жерде он аунап, ойнасаң да алаулап.
Лас, кірден, қоқыстан, айналайын бол аулақ!
• Жол үстінде көлік доғармайды, жол үстіне қонбайды, дәретке отырмайды.
• Сейсенбі күні алыс жолға шықпайды. Сәрсенбі күні жолға шыққан жолаушының жолы болады.
• Жолда кездескен адамнан «кайда барасың?» деп сұрамайды, «жол оң болсын» деу керек.
• Жүкпен жолға шыққанда, үйден тұз алмайды.
• Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Ол құдайға астамшылық, күпірлік болады. Жол жүретін ада «Алла жазса», «Алла жол берсе», «Құдай қаласа», «Барар жердің дәмі тартса» деп тілек тілегенде, жол бойындағы кедергілердің бәрі аластатылады.
• Жұма күні көшуге болмайды. Жұма – қасиетті күн. Бұл күні ата - баба әруақтары шаңыраққа келіп, дұға дәметеді.
• Егер жолаушы жол бойында тұмсығы өзіне қарап жатқан аттың немесе түйенң басын кездестірсе, бұл жақсы ырым, ал керісінше болса, онда жолы болмайды.
• Жолаушының алдынан қара мысық кесіп өтсе, жолы болмайды. Егер ит кесіп өтсе, жолы болады.
• Алыс жолға шыққан адамдар қара шаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.
• Жолаушыға түзге отырған әйел кездессе, жолы болады.
• Сапарға шыққан адам тұз алып шықса, жолы ауыр болады.
• Сапарға шығып бара жатқанда артынан су шашу керек.