Қызға үйленгенде «өлі-тірі» апарудың сыры неде?
Екі жас үйленгенде жасалынатын қазақи дәстүрлердің ішіндегі ең маңыздысының бірі - «Өлі-тірі». Қызға құда түскен жақ құдалыққа келгенде «Өлі-тіріге» арнаған малын қоса ала келеді. Ол қой болғаны дұрыс. Әрі семіз, әрі жас мал болса, еті жұмсақ және дәмді болады. Жиналған қауым ризашылықпен ауыз тиіп, оң батасын береді. Негізінен мұсылмандық қағидалары бойынша дәмді ас беру де үлкен сауаптардың біріне жататындығын ескерген жөн. Және де құдаларының әкелгені көңілге қонымды болса, қыздың ата-анасының, туған-туыстарының мәртебесі көтеріліп, ел алдында бір марқайып қалатындығы тағы бар. Қызының жөн білетін, өсіп-өнген жерге барғандығына іштей қуанады. Ата-ана үшін ең маңыздысы – қызының бақыты. Ал қызының бақытты болуы оның ата-енесіне де байланысты екендігін үлкендер жақсы біледі.
Қазақта «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келісап», «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген сөз бар. Мұнда келіннің жақсы болып қалыптасуы оның ата-енесіне байланысты екендігі тауып айтылған. Яғни, үлгілі келін жақсы ененің тәрбиесінің нәтижесі деуге әбден болады. Сондықтан ата-ененің алғашқы қадамдары жаңа түскен келінге үлгі әрі тәрбие. Өзі бір үйдің босағасын аттап отырғанда оған жасалынған құрмет, жылы ілтипат келіннің алғашқы отбасылық тіршілігіне деген қызығушылығын арттырады, жаңа туыстарына жақындастыра түседі.
Үлкендердің құдалық рәсімі шын көңілден, үлкен махаббатпен орындалғаны абзал. Оның ішінде жоғарыда айтып өткеніміздей «Өлі-тірі» рәсімі де өз дең гейінде жасалынғаны дұрыс. Себебі «Өлі-тіріге» әкелінген малдың етінен ағайы-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаң түгелдей ауыз тиеді. Тұрмысқа шыққан қыздың бақилық дүниеге өткен ата-бабаларына, туыстарына арналып құран бағышталады. Яғни, бұл дәмге өлі де, тірі де разы болсын деген ниетпен жасалынатын «Өлі-тірі» рәсімі – көпшілікке арналатын құдайы садақа. Сойылған малдың еті түгелімен асылады. Бұл малдың етінен ұзатылатын қыз ауыз тимейді. Қазақта барар үйінің босағасын аттамай тұрып оның дәмін татса, кездейсоқ кедергілер кездесіп, ол жақтың дәм-тұзы бұйырмай қалуы мүмкін деген ырым да бар.
Сонымен қоса халқымызда «Өлі-тірісі» берілмеген қыз аурушаң болады деген де ырым кездеседі. Сондықтан талай ғасырлардан бері өміршеңдігін жоғалтпаған бұл рәсімнің орындалғаны жөн. «Өлі есіркемей, тірі байымайды» деген халық даналығы осындайда айтылса керек-ті. Кей жағдайда құдалар алыс жолдан келеді. Мұндайда мал әкелу қиыншылық туғызатын болса, құдалар «Өлі-тіріге» кететін қаражатты атап береді. Ал құдалар ол ақшаға аталған кәдені жасауға міндетті.
Раушан КАРШАЛОВА
islam.kz