Отандық журналист «Астарлы ақиқаттың» былығын әшкере қылды
Белгілі отандық журналист Руслан Меделбек "Астарлы ақиқат" бағдарламасының былығын әшкереледі, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Русланның айтуы бойынша, бағдарлама қызметкерлері журналистік этиканы сақтамайды екен.
"КТК арнасындағы "Астарлы ақиқат" хабары Азаттық тілшісі Дилараның су басқан ауылдардан су кешіп жүріп түсірген видеоларын алып, Азаттықтың логосын жауып тастап, оған қоса "эксклюзив" деп жар салуы арсыздықтың шегі деп білемін. Ұят, этика, авторлық құқықты жерлеп тастапты. Постқа бағдарламаның сілтемесін салуға арланып отырмын. Youtube жақтан тауып аларсыздар.
Ұрлық, басқаның еңбегін мойындамау, өсек, етектен төмен әңгімелерден аспайтын қазақ журналистикасы қазақстандық журналистикадан бірнеше саты төмен бола бермек", - деп жазды ол желіде.
Журналист өз жазбасы жарияланған соң "Астарлы ақиқатты" екі видеоны да Youtube арнасынан алып тастады деп жазады.