Шехерезат пен Онур үйленгелі жатыр
Шіркін-ай, түріктің сериалдары десеңші...
Қаншасын көріп тастадық, бірақ одан шаршайтын қазақ жоқ. Көгілдір экранға телмірген қалпы үй шаруасының барлығын жиыстырып қойып, бір тобымыз біріміз «Еларнадағы» Назлы мен Никоны, енді біріміз «қазақстан» ұлттық телеарнасындағы Шехерезат пен Онурдың тілеуін тілеп, жанкүйерлік танытамыз. Аптасына бес рет! Қатын, бала-шаға былай тұрсын, әжептеуір қызмет атқаратын шенеуніктер де, мүйізі қарағайдай профессор-академиктер де сериалдың басталуын тағатсыздана күтеді (Мойындаңыз, арасында сіз де барсыз!). Күн сайын екі сағат уақытымыз соған кетеді. Бұған дейін Филиз бен Иылмаз, Мехмет пен Гюмюш, осы секілді оншақты ғашықтарды қаншама қиындықтар мен сынақтан өткізіп, аман-есен табыстырдық.
Әй, дегемен, түріктер де мықты. Сериал түсіріп қоюымен шектелмейді.. Телехикаяның бас кейіпкерлері фильм аяқталған соң да миллиондаған көрермендердің, әсіресе журналистердің назарында жүреді. Неге десеңіз, нағыз қызық сериал аяқталған соң басталады. Қалай дейсіз ғой?
Айталық, «Жөке ағашының саясында» сериалындағы кейіпкерлер Филиз бен Ийылмаздың рольдерін сомдаған әртістер – Туба Буюкюстюн мен Бюлент Инал екі жылдай уақыт бірге жүріп, үйленетін болып келісіп те қойған. Оған Түркия, Әзірбайжанның миллиондаған көрермендері шын жүректен қуанып, «Бюлент пен Туба сондай жарасымды жұп. Бақытты болсын! Тойлары қашан болады екен, ә» десіп жүрді. Алайда, соңғы сәттерде жұлдызды жұп ажырасып, екі актердың жолы екіге айырылды. Оның сыры неде екенін жұрт сол күйі біле алмады.
Енді, міне, көпшіліктің назарына «Мың бір түн» телехикаясының басты кейіпкерлері ілікті. Жуырда түркиялық ақпарат құралдары «Мың бір түн» сериалының негізгі кейіпкерлері – Бергюзар Корел мен Халит Эргендж үйленгелі жатыр деген ақпарат таратып, сүйінші сұрады. Қандай сәйкестік десеңізші! Фильм осыдан екі жыл бұрын түсірілген. Тойға дейін әлі де уақыт бар. Айналып келгенде, махаббат жыры сол кинодағы мың бір түнге сай келейін деп тұр.
Қазір Түркияда Бергюзар Корелды танымайтын тірі жан жоқ. «Мың бір түнмен» қоса Бергюзар белгілі «Көкжалдар мекені: Ирак» атты фильмге түсіп, Лейланың ролін сомдау арқылы көпшілікке танылды. Неджати Шашмаз, Голливудтың танымал жұлдызы, «Титаниктегі» Леонардо Ди Ккаприоның дұшпаны - Билли Зейнмен қатар киноға түсу – кез-келген түрік актрисасы үшін арман болып табылатыны түсінікті. Әсем де сұлу Бергюзар «Көкжалдар мекені:Ирак» киносындағы ең сәтті кейіпкерлердің бірі ретінде мойындалды. Ал осы фильм Түркия кинематографиясы тарихындағы ең сәтті туынды екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан, Еуропа елдеріндегі көрсетілімнен 10 миллион доллардан астам табыс түсірген фильм арқылы Бергюзар Корел өзіне шетелдік режиссерлардың да назарын аударттегін емес. Атап айтқанда, түріктің қызына Голливудтың бірқатар редиссерлары құда түсіп, бірлесіп жұмыс істеуден кетәрі еместігін жасырмады.
Әйткенмен, Бергюзардың қазір бұл жайлы ойлануға мұршасы болыңқырамай тұр. Себеп – жеке өміріндегі дүр сілкіндірген өзгерістер. Осыдан бірнеше жыл бұрын жас Бергюзар Түркияның ең танымал хореографтарының бірі Тан Сағтүркпен танысты. Әртіс ретінде Неджати Шашмаз, Кенан Имирзалиоғлы секілді аса танымал болмаса да, Танның басқа «көзірі» бар. Ол Францияның ең беделді оқу орындарында тәлім алған, көптеген эстрада жұлдыздарын сахнада билеуге үйреткен білікті маман. Өзінің жеке балет мектебі бар. Бір сөзбен айтқанда, әншілер мен актерлардың арасында ерекше сұранысқа ие. Оның үстіне телехикаялардан да жиі көрінеді. Әрине, Бергюзар Танға қатыт ұнады. Әртіс қыз да сымбатты жігітке бірден ғашық болыпты. Екі жұлдыз үй жалдап, бірге тұра да бастады. Көп кешікпей «Бергюзар мен Тан үйленгелі жатыр» деген әңгіме де көбірек айтыла бастаған. Бұл сөзді растай түспек ниетімен Тан сүйіктісіне құны 10 мың долларлық жүзік сыйлапты.
Бірақ, кенеттен Бергюзар мен Танның арасына сызат түсті. Сызат түскенде қандай, қос жұлдыз әп-сәтте қырық-пышақ ұрысып, бірін-бірі жек көргенге едйін барды. Осыған қатысты газет-журналдарда жарық көрген мақалаларды оқыған жұрт ақпараттың рас-өтірігіне сенерін білмей, дал болды да қалды.
Былтыр Тан Сағтүрк журналистерге берген сұхбатында «Бергюзар мен сыйлаған жүзігімді қайтарып берсін» деп талап етті.
Бергюзар қыз да қарап қалған жоқ.
-Мен оның жүзігін былтыр шілде айында-ақ қайтарып беріп, екеуміз біржола ажырастық, - деді ашуланған «Мың бір түн» сериалының жұлдызы. – Танның тіптен ұяты жоқ екен. Өтірікті қалайша ұялмай айтады?
Алайда, Сағтүрк мырза араға бірнеше күн салып, ақпарат құралдарынан және бір мәлімдеме жасады.
-Бергюзардың сөзі жалған. Бұрын біз бөлек тұрғанбыз. Бірақ, кейінірек бірге өмір сүру жайлы шешім қабылдадық. Тіпті үйлену тойын да жоспарлай бастаған едік. Алайда, барлығы керісінше болып шықты. Мен өзіме тиісті қадамдарды жасадым – оған үй мен ондағы заттарды, жиһаздарды қалдырып кеттім. Кейін Бергюзар өзінің заттарын жинап, көшіп кеткенін естідім. Пәтерде жалғыз рояль ғана қалыпты. Ал, бұдан соң... Бергюзар «Тан менің сатып алған жиһаздарымды пайдаланып жүр» деген сыңайдағы әңгіме тарата бастады. Ұялса өзі ұялсын, мен оны әрқашан да қорғауға тырысып жүрдім емес пе?, - деп ағынан жарылды Бергюзардың бұрынғы сүйіктісі.
Мейлі, бояуы сіңген істі қайта қопара берудің жөні жоқ. Тан мың жерден туласа да, жұртты Бергюзар сұлудың бұрынғы емес, қазіргі сүйіктісі әлдеқайда көбірек қызықтырып отыр. Ал, оның есімі Халит Эргендж екенін естігенде, қунағаннан бөркін аспанға атқандар да табылды. Осыдан бірнеше апта бұрын тараған ақпаратқа сенсек, Бергюзар мен Халит үйленгісі келіп жүр екен. Журналистердің де көрмейтіні жоқ қой, қос жұлдыздың Түркиядағы әйгілі Чешме курортында бірге демалып жүрген сәтін түсіріп алыпты. Бәрі жақсы ғой, бірақ, ырымшыл жұрт бір ғана нәрседен сескеніп отыр.
Былтыр да дәл осындай уақытта Бергюзар Чешме курортына ... экс-сүйіктісі тан Сағтүркпен бірге демалған болатын. Демалыс аяқталған соң-ақ қос жұлдыз ажырасып тынды. Енді, міне, тура бір жылдан соң осында Халитпен бірге оралды. Бұл жолы қалай болар екен, ә?
"Рейтинг" газеті