Өз-өзіне сенімділікті арттырудың амалдары
Сіз білесіз бе? Неге өзіңізге ұнамайтын жұмысты біле тұра ары қарай жасап жүресіз? Неге өз армандарыңызды кейінге қалдырып, тек бүгінгі күнмен өмір сүресіз? Неге өміріңізде өзгерістер жасағыңыз келеді, бірақ жасамайсыз? Себебі, өзіңізге сенбейсіз! Өз бағаңызды білмейсіз! Тәуекел етуге қорқасыз!
Өкінішке қарай, адам өзіне сенімділікті арттыру үшін, іше салатын сиқырлы дәрі жоқ. Ол еңбекті талап етеді. Ал ендеше мынадай ұсыныстарды жадыңызға жаттап алыңыз.
1. Өзіңізді басқа біреумен салыстырмаңыз, себебі, сол арқылы сіз өзіңізге сенімділікті жоғалтасыз және ол алға ұмтылуға түрткі емес. Әрқашан өзіңізден басқа ақылды, жолы болғыш адам бар деген ой санаңызда қалып қояды. Өзіңізді тек кешегі өзіңізбен, өткен 1 апталық өзіңізбен салыстырыңыз. Жақсы өзгерістерге сол түрткі болады.
2. Өзіңізді сынауды, қорлауды, ұрсуды, өзіңізге ашулануды доғарыңыз. Қандай ой болса, сондай энергия күш беріледі. Сол себептен, бар күшіңізді өзіңізді мақтауға жұмсаңыз. Кез-келген жетістікке жеткен кезде өзіңізді мақтаңыз. Жасаған қателіктеріңіз үшін өзіңізді кінәлаудан арылыңыз. Сонда жан тыныштығы орнайды.
3. Бойыңыздағы жақсы қасиеттеріңіздің тізімін жазыңыз. Егер өзіңізден жақсыны көре алу қиын болса, анаңыздың, ұл-қызыңыздың, жолдасыңыздың көмегіне жүгініңіз. Содан кейін қаншалықты көп жақсы қасиеттеріңіз бар екенін түсініп іштей қабылдаңыз.
4. Жеткен жетістіктеріңіздің тізімін жазыңыз. Жеке өміріңізде, жұмыста, таудың ең биігіне шығу деген сияқты, балалар үйіне қайырымдылық жасау, салмақ тастау, т.с.с. Өмірімізде жеткен жетістіктер көп, тек біз оларды тез ұмытамыз. Спортшылар үйінде мақтау қағаздары, медальдарын бекер іліп қоймайды. Күнде көріп өздерін сенімді, күштерін жоғары бағалауға ықпал етеді. Сол секілді...
5. Өзіңіз күнделікті үйреніп қалған «жайлылық аймағынан» шығыңыз. Көпшілік алдына шығып сөйлеп үйреніңіз. Барлық қорқынышты жеңіп, жаңадан бір іс бастап көріңіз. Сенімсіздікті жою жолында батыл істер жасап үйреніңіз. Сонда өзіңізге сенімділік артады.
6. Таудың биігін бағындыру үшін бақалар арасында жарыс ұйымдастырылыпты. Басталғаннан әрбір бақа құлаған сайын көрермендер «өй, бұл жеңе алмайды. Мынау әлсіз... Анау бақаның шамасы келмейді» деп керітартпа сөздер айтып күле береді. Ең соңында бір бақа ғана жеңіп шығыпты. Сонда барлығы таң қалып «қалайша жеңді?» деп сұрастырса, бақаның құлағы керең екен. Өмір де дәл солай. Ешқашан ешкімнің керітартпа сөздерін тыңдамаңыз. Сонда ғана жеңіске жетесіз. Сәттілік!
Г.САПАРАЛИЕВА,
№2 Шымкент қалалық емханасының психологы