Біржан Байтуов (Шымкент) пен Аспанбек Шұғатаевтың (Павлодар) сөз сайысы

Oinet.kz 30-03-2019 1194

Арнайы жоба: SMS-айтыс

Біржан Байтуов (Шымкент) пен Аспанбек Шұғатаевтың (Павлодар) сөз сайысы

Біржан Байтуов.jpg

Біржан:

Армысың Керекудің Аспанбегі,

Өмірі шым-шытырық дастан жолы.

Аманба Баянауыл, асау Ертіс,

Бұһар мен Абылайдың басқан жері.

Бабалары батыр боп,балалары,

Ел қаржысын оңды сол шашқан жері.

Экс-әкім шыршаға отыз сегіз

Миллион бөліп жаңалық ашқан жері.

Аспанбек:

Аманбыз Біржан ақын асқан шынар,

Сенің де хал-жайыңды Аспан сұрар.

Шыршаға отыз сегіз миллион бөлген,

Ерлан Арын тірлігі дастан шығар,

Сонша ақшаға тігіпті қандай шырша,

Біразын қалтасына басқан шығар.

Бұл жәй ғана біз білер бір ісі ғой,

Миллиондардың талайын шашқан шығар.

Отырсың кінә тауып жыр өрген боп,

Сол істі беретіндей түгел жөндеп.

Бюджеттің қаржысына шарша тіксе,

Ол қайта қаламызға ірең бермек.

Әйтеуір сендерге ұқсап жаңа жылда,

Салютпен мешітті өртеп жіберген жоқ.

Біржан:

Болғасын бұл заманда нарық бедел,

Қаңсығы әлдекімнің дәріптелер.

«Новый годтың» пайдасы сол болып тұр.

Салют атып, мешітті жағып берер.

Иманды азаматтар аман болса,

Оданда үлкен мешіт салып берер.

Тәуелсіздік дейтұғын думаным бар,

Ешқайсың оған мойын бұрмадыңдар.

Бір ай алдын қамданып шырша тігіп,

Соңында уладыңдар-шуладыңдар.

Егемендік мейрамы елеусіз қап,

Қайдағы-жайдағыны жырладыңдар.

Азаттықты тойлауды білмесеңдер,

Қазақы оңтүстіктен үлгі алыңдар.

Аспанбек:

Атымыз әлі күнге Павлодар,

Қит етсек «дәу аю» тұр қауып алар.

Ал сен бізге айтасың азаттықты.

Бұл сөздің айтшы қайдан мәні болар.

Атауымыз «азаттық» алмай тұрып,

Құр аттанда қаншалық мағына бар.

Лепіріп сөйлегенмен көп-көсемдер,

Опынып алдаспанын текке сермер,

Атымыз орыс болып тұрғаннан соң,

Затымыз орыстығын сөкпес ерлер.

Шымкенттен көшіп кеп біраз қазақ,

Осыны болады ғой реттесеңдер.

Амалымыз қалмай тұр одан өзге,

Өздерің кеп қазақ қып кетпесеңдер.

Біржан:

Тұлпар да бір күн жадау, бір күн жарау.

Қапыңды аңдып тұрған көп бұл күнде жау.

Қайда барсақ қаптаған «южандар» деп,

Шығарып жүруші еңдер бүлдірме дау.

«Алдыңнан-дау, артыңнан-жау қысқанда»,

Шымкенттің қадірін білдіңдер – ау.

Аспанбек:

Ібіліс тұр ылаңын іргемде сап,

Қырғындардан болмайды үлгі алмасақ.

Табаламай мұнымды бағалай біл,

Жол жоқ енді бірлікпен шыңдалмасақ.

Түбімізге жетеді, түгел қазақ-

Жұдырықтай жұмылып бір болмасақ.

Біржан:

Төңкеріс болып жатыр әлемде мың,

Осыны ұқпай жүр ғой сан ерлерің.

Соларға үлгі болып, бірлікті айтып,

Ұлтыңның тағдырына елеңдедің.

Бұһардай бабасының ізін басқан,

Ұрпағы бар екенін дәлелдедің.

«Халық жауының» қызы: Атымды әкем түрмеде азан шақырып қойған
Сериал көрудің соңы ажырасуға ұласа жаздады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу