Тектану: тектің күші – өмір қайнары
Тегіңе не жазылған? Біз кімбіз? Қандаймыз? Неге кей адамдар бай, бақытты, сүйікті, мықты бола алмайды? Неге өмірде бір көрген бейнет қайталана береді? Шеңбер бойымен жүре беру керек пе?
Адам өмірге жайдан жай келе салмайды. Олар тағдыр жазуымен өмірлері тоғысқан екі жанның табысуынан дүние есігін ашады. Біз оларды ата-ана дейміз. Олардың да өз әке-шешесі болған. Осылай жалғаса береді. Біздің дүниеге келуімізге себепші болған ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры бар. Олар біздің тегіміз. Адам өміріне тектің қаншалықты маңызды екендігін қаперге алмайтын болдық. Бірақ тек қуалаушылықтың әсері шаш етектен. Оны бағалау мүмкін бе екен?! Өткенін білмеген адам келешегіне сенімді бола ала ма?
Егер қайда барарыңды білмесең, тоқта да ойлан: қайдан келдің?
«Тегіне солай жазылған» деген сөз бар. Бабалар маңдайға жазылғаннан қашып құтыла алмайсың дегенге сенген. Алайда бүгінгі таңда көп нәрсе өзгерді. Тектану ғылымы бұған кері пікір айтуда: өз тағдырыңды өзгертуге болады – ол адамның тілегіне байланысты. Адам – тектің бір бөлігі. Ұрпақтар жалғастығының себепкері. Тізбектегі бір буын. Ол бабаларды ұрпағымен жалғап тұрады. Тек ата-бабадан келе жатқан байланысты бүгінгі ұрпақпен біріктіреді. Олардың айтылмаған тілектерімен, үкілеген үміттерімен, асыл армандарымен жалғайды. Қазіргі таңдағы шешімін таппай жүрген талай түйткілдің жауабын білу үшін әр адам өз өткеніне, бабалар өміріне тереңірек үңілуі керек. Сонда ғана «егер қайда барарыңды білмесең, тоқта да ойлан: қайдан келдің?» деген сөздің түп-тамыры түсінікті бола бастайды.
Тарих таңбалаған беттер
Батыста әр адамның өз тегін тануға, оның күшін сезінуге көмектесетін тәсіл бар. Оны «Берт Хеллингер бойынша отбасылық орнығу» деп атайды. Ресейде осы тектес тәсіл соңғы он бес жыл бойына дамып келеді. Оны Докучаевтар жұбы зерттеп жүр.
Тектану – тектің даму заңдылығы мен адамның қалыпты емес мінез-құлқын тиімді анықтайтын тәсіл туралы ғылым. Бабалар тарихын зерттеп балаларымыздың, немерелеріміздің, шөберелеріміздің келешегін анықтай аламыз. Тек қанмен берілетін туыстық. Оның бойында тек қуалаушылық жады, өте тұрақты мінез стереотиптері бар.
Тектану текті ашық биоәлеуметтік жүйе ретінде қарастырады. Ол жүйеде төмендегідей заңдылықтар жүзеге асады:
1. Тектің даму заңдылығы (Тапсырма – тек бағдарламасы — алгоритм) – құбылыстардың қайталанып келуінің тұрақты байланысы салдарынан адамның жеке сұранысының қанағаттануына кепіл болады.
2. Тек бағдарламасының жекелеген көрініс заңдылығы — адамның жеке сұранысының қанағаттану алгоритмі.
3. Табиғат о бастан Тапсырма мен Алгоритм арасына кереғарлық салып қойған. Осы кереғарлықты жеңу тектің дамуына жол ашады.
Тектанудың басты тәсілі — түсіну мен қабылдау. Біздің мінезіміз баяғыда дүниеден өткен бір ата-бабамыздың көрген қиындығының табы екенін сезінсек, сонда ғана өз санамызды тектің есте сақтау қабілетінен босатамыз.
Тектанудың кейбір ерекшеліктері:
— Отбасыдағы бірінші қыз нағашы әжесінің тағдырын көп қайталайды. Ал, бірінші ұл өз атасының тағдырын қайталағыш болады. Тектің бағдарламасын көбіне баласы емес, немерелері қайталайды.
— Содан кейінгі балалар тек бағдарламасын таңдауда еркін келеді. Екі рудың бірінің тегін таңдап алады екен. Өздері білмесе де.
— Жалпы әлеуметтік катаклизмдер тек бойында сақталады, ұрпаққа беріледі. Азаматтық соғыс, репрессия, табиғи апаттар. Соғыс кездерде көп адамның әжесі күйеусіз қалған. Содан кейін өз бала, немерелеріне сол қорқыныш, үрейді, «еркектің үйден кетуін» ғана мұра қылып қалдырып отырған. Репрессия мен итжеккенге айдалу трансформацияланып шеттетілу, карьералық жол болмаушылық, көшіп-қону және т.б. әкелуі мүмкін.
— Баланың атын атасының атымен атау да жақсылық емес. Сол адаммен ұқсастық ізделеді. Сол адамның тағдырын түйсік деңгейінде қайталауға орын беріледі.
— Адам тек бағдарламасын түйсініп, қабылдай алады. Сол бағдарламаны өзгерте отырып өзіміздің баламыздың, немереміздің тағдырына көмектесе аламыз.
Өз тегіңе қалай көмектесесің?
Егер қазақтар шежіресін жатқа білсе, олар оны тек әкесінің аталарын ғана санамалаумен шектелген. Қазіргі кезде тектану нағашы жұртын да терең білуді көздейді. Тек екіжақты қатар білсе ғана тектің картасын – генограммасын жасауға болады. Генограмма неге адам тағдырында өзгертуге тиесілі құбылыстар орын алатынын көрсетіп береді. Тектану Қазақстанда аз ғана уақыт бұрын келді.
Ақ параққа үшбұрыш, төртбұрыш, шеңберлерді бір сызықпен қосады. Төртбұрыш әке жағынан туыстар, шеңберлер ананың туыстары. Әрқайсының астында аты-жөні, туған жылы жазылған. Егер ол адам бақилық болса, өлген күні. Қалай өмір сүрем, қандай адамды жар еткім келеді, қандай мамандықты таңдаймын, айналамен қалай қарым-қатынас орнатамын, өзімді қаншалықты танимын – міне, осының барлығына генограмма жауап береді. Тектің тарихы бүгінгі заманда өмір сүріп отырған адамға қалай әсер етіп отырғанын көрсетіп береді. Осы әрекеттің барлығы ертеңгі күні бала мен немереге беріледі. Мұны қазақтар ежелден білсе керек. Әр әулеттің өзінің шежіресі болуы да сондықтан. Тектану енді анасы жағынан да туыстарды тану қажеттілігін көрсетіп отыр. «Сонда ғана мирасқорлардың өмір салты, ұстанымы толыққанды ашылады» дейді тектанушы ғалымдар. Тектану бұл өзіңнің ата-бабаңды тану ғана емес, сол текке жазылған бағдарламаны тануға, сол арқылы кемшіліктерді анықтап, олармен күресудің, жоюдың жолдарын да қарастырады.
Текке не жазылған?
Тектік жадыға осы әулет туралы барлық ақпарат жазылады. Барлық тұқым қуалаушылықтың белгілері көрініс табады: сыртқы әлпетінен дене бітіміне дейін, мінез-құлқы мен кей ауруларға бейімділігімен. Тектану бойынша әр адам өз тегінің айнасы. Ата-бабасының құмарлығы мен мақсаттарының жиынтығы. Ездік, ынжықтық, қорқақтық, жасықтық, айрылу туралы ақпараттар да сол күйі беріліп отырады, өкінішке қарай. Соғыс, айдалу, репрессия, кәмпеске дегеннің барлығы ұмытылмайды, эпидемияның да залалы тектік жадыға жазылады. Оның барлығын бүгінгі ұрпақтары жетімдік, әйелі тастап кету, қолынан түк келмейтін секілді әрекеттермен қабылдайды. Адам өзі түсінбесе де кейде уайым-қайғы маза бермейді. Ол бәлкім өткен замандарда бабаларының бірінің жанында туған дүмпу екенін бағамдамайды да. Ең бастысы ата-бабамыздан тек олардың қайғы-қасіретін ғана мұра етіп алмаймыз, тектің күшін де аламыз. Оны белсенді ете алған адам өмірде кемелдікке, жетістікке қол жеткізуі де мүмкін. Тектануда жағымды ұстаным текпен беріліп келген жағымсыздық бағдарламасын жоя алады деген сенім бар. «Мен көп ақша таба аламын», « Мен бақыттымын», «Мен өзіме сенемін, ең жақсыға лайықтымын» деген ұстанымдар ішкі энергетикалық күштің босап, сыртқа шығуына ықпал етеді. Қалай болғанда да өз тегімен байланыс орната алған адам ежелгі қуат көзіне есік ашады. «Тек деген болған, бар, бола беретін бақ».
Тектің күші – өмір қайнары
Адам жанының тепе-теңдігі, жетістікке жетуі, кәсіби және қаржылық қуаты оқығанымен, лауазымды қызметімен, жоғары жалақымен байланыстырылатын. Ал, шын мәнінде өмірде болып жататын әрбір оқиғаны түсініп, бағалауға тарих себепші. Әлемдік тарих емес. Әр әулеттің өзінің тарихы. Егер дағдарыс кезінде адам бар байлығынан, кәсібінен айырылып қалса, оған ол кінәлі емес. Бұл адам бар болғаны тау басындағы мұзарт қана. Оны ата-бабасы осындай етіп жетілдірді. Егер олар соғыс, репрессия, аштықты бастан кеше отырып өз тегін жоғалтпаса, онда ұрпағына тектің күш-қуатын мирас еткені. Көптеген мүмкіндіктерге жол ашқандары.
Әр адам тектің жадына жазылған ақпараттың бар-жоғы 3-5 пайызын ғана қолданады. Тектанушы клиенттің тегі туралы толыққанды ақпарат жинастырады. Қолына түскен мәліметтерге қарап тұқым қуалайтын аурулардан бастап барлық туыстарының өмірбаянына қарап сол адамның өмірді түсінуі мен қалыптасқан өмір салтын түсіндіруге болады. Содан кейін барып тектанушы генограмма жасайды. Мысалы, бір әйел өз кәсібін ашқысы келеді. Бірақ ылғи жолы болмайды. Кедергіден кедергі шыға береді. Генограмма жасалған соң бәрі түсінікті болады. Оның атасы кезінде кәмпескеге ұшыраған бай болып шығады. Коррекция жасаған тектанушы әлгі әйелдің мойнына зілмауыр болған ауыртпалықты алып тастайды. Атасы тарапынан болған ескертпені түсінетін болады. Неден қауіптену керектігін біледі. Тағы бір мысал, отыздан асқан келіншектің жеке өмірінде баянсыздық бар. Күйеуі мен баласы бар. Бірнеше рет ажырасып, қайтып қосылады. Қайталаудың құпиясы ол әйелдің тек тарихынан табылады. Генограмма жасалады. Әке-шешесінің, ата-әжесінің, басқа туыстарының қарым-қатынастары жеке-жеке талқыланады. Гәп мынада екен: ол әйелдің өмірінде махаббатпен басталып, соңы түсініксіз болған кездесулер көп болыпты. Жігіттері тастап кете беріпті. Ата-анасының, аталарының бақытсыз отбасы құруы соған себеп болған екен. Текте жақсы еркекпен неке мүмкін емес деген ұстаным қалыптасып қалған. Мұндай ұстаным адамның түйсігінде ғана болады. Бірақ ол үнемі бір нәтижеге әкеп тірейді. Мұны қалай өзгертуге болады? Ол үшін жаңа ұстаным таңдалады. Сүйіктіңмен бақытты ғұмыр кешуге рұқсат ететін ұстаным бәрін өзгертуге мүмкіндік береді. Клиентпен жұмыс істеп, оны осы ұстанымға сенетін ету керек.
Қорыта айтқанда: Әр адам өз тегінен жұлынып қалса, тамыры жоқ ағаштай күн көреді. Жалғыздық еңсесін басып тұрады. Ол өзінің ашыла алмағанын түсінеді. Сенімділікті сезінбейді. Жетістікке қол жеткізе алмайды. Тектің тарихын зерттеп, біліп, оның қандай заңдылыққа бағынышты екендігін түсінсе, өмірін түбегейлі өзгерте алады. Тек деген сол адам мен оның ата-бабасы салған сара жол. Олар қанмен беріліп, мәңгілікке бір жіпке тізбектелген. Сондықтан ұрпағы бабасының қателігін қайталайды. Озығын үлгі етеді.
Тектің тарихын зерделеген адам өзін де, өзінің туыстарын да жете түсіне бастайды. Сондықтанда тектанудың басты мақсаты адамның болмысын бүтіндеуге бастайтын отбасылық бақыт пен тектік жүйенің басымдығына мән береді.
Лариса Кавелина
Аударған Шынар Әбілдә