Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әйел деген ерекше қуат. Бос жерді толтыратын, үміт оятатын, сенім беретін күш. Ол жүректі жылытады, емдейді, шабыттандырады. Оның күші еркектікіне ұқсамайды. Ол ашу емес, көзге көріне бермейді. Тамұқтың түбіне түспейінше, не бұл фәнидің ең қараңғы қапасына тап болмайынша, әйелді тани алмайсың. Тіпті әйелді білген күннің өзінде оның күшін байқау мүмкін емес. Күштен гөрі ол таза ауаға, күннің нұрына көбірек ұқсайды. Әйелді керек еткенде ғана ол өзінің болмысын ашады. Бәрі басқаша болуы мүмкін екендігін сездіреді. Сонда ғана әйелдің күшін сезінесің. Бас иесің. Ол сендік болғанда ғана. Өзін керек сезінуінен әйел жоқтан бар жасайды. Өзінен басқа болмысты таниды. Бұған дейін болмаған ғажапты тудырады. Ол ең әлсіз бен әлжуазға жан бітіреді. Бар күшін сарп етіп, өзін бүтіндей соған арнайды. Кеудесін нық көтеріп, көзқарасын анық етіп, көз жасы кеуіп, езуінде жымиыс пайда болып, табандылық танытып, екі бетінің ұшы албырап балбұл жанғанда, туындының пішіні мен бөлшектері айқындала бастайды... Әйел туындысына ризашылықпен қарайды. Ол бақытты. Өмір бүтін әрі үйлесімді бола бастаған сәтте өзі әлсіз, қорғансыз жанға айналатынын көп адам байқай қоймайды... Енді оған сәл демалу керек. Оған қолдау мен қамқорлық қажет. Бәрі жақсы болса, күн шыққанда, жарқын күлкі естілгенде... Дәл сол сәтте ол бар күшін сарқып берген дүниеге мұқтаж болмақ...
Аударған Шынар Әбілдә