Сиқыршының сыйлығы
Бір доллар сексен жеті цент. Бары осы-ақ еді. Оның алпыс центі бір тиындықтар. Әр тиын үшін саудаласқан шектен тыс ықтияттылығы үшін бақалшы, көк сатушы, ет сатушының үнсіз жақтырмағандығынан құлағы талай рет өрттей боп қызарғаны тағы бар. Делла үш рет санап шықты. Бір доллар сексен жеті цент. Ал ертең Жаңа жыл.
Қолдан келер бар қайыр ескі тақтай төсекке жалп етіп жата кетіп, көз жасыңнан өш алу. Делла тура солай жасады. Бұдан шығар пәлсапалық қорытынды, өмір көз жасы, өксік және күлкіден тұрады, әрине, өксігі көптеу.
Үй иесі осы кезеңдерді басынан өткергенше, баспанасын адалап шығалық. Аптасына сегіз доллар төлейтін жиһазды пәтер. Көз алдыңызда шыңғырған жұтаңдық демей-ақ қоялық, бірақ тілін жұтып қойса да менмұндалап тұрған кедейлік. Төменде, сыртқы есікте хатқа арналған жәшік тұр. Тек тесігінен бірде-бір хат өтпейтіні болмаса, түрі жаман емес. Кеудесінде жаны бар пенде қанша басса да электрлі есік қоңырауынан үн шықпас еді. Оның астына «М-р Джеймс Диллингхем Юнг» деген ұзын-сонар жазуы бар қағаз жапсырылған. Сәл бұрынырақта, осы есімнің иесі аптасына отыз доллар тауып тұрған мамыражай заманда қыстырылып қалған жазу. Қазір табысы жиырма долларға дейін кеміп қалған соң «Диллингхем» деген сөздегі әріптер көмескі тартқандай. Бәлкім, қарапайым әрі күй талғамайтын «Д» болып қысқарсақ па екен деп ойланып тұрғандай. Алайда мистер Джеймс Диллингхем Юнг үйге келіп, өзінің жоғарғы қабатына көтерілгенде, оны «Джим» деген сыңғырлаған дауыс пен жаңа ғана Делла деп таныстырып өткен миссис Джеймс Диллингхем Юнг ыстық құшағын ашып қарсы алатын. Бұлары расында да ерекше жылы көрініс.
Делла жылап болды да, бетін опа жаққыш мамықпен сүртті. Ол терезеге таяу келіп, сұп-сұр ауладағы сұр шитада секеңдеп жүрген сұр мысыққа қарады. Ертең Жаңа жыл, ал оның қолында Джимге сыйлық алуға небәрі бір доллар сексен жеті цент қана бар. Неше айдан бері әр центін ұқыптап жинағанда, бар тапқаны осы болды. Табыс аптасына жиырма доллар болса, қатты шірене де алмайсың. Шығыны өзі күткеннен де асып кетті. Шығын деген шіркін ылғи солай. Джимге сыйлық алуға небәрі бір доллар сексен жеті цент. Оның Джиміне! Оған Жаңа жылға не сыйласам деген ойда жүргеніне қанша заман болды десеңші! Елде жоқ ерекше, сирек, қымбат, Джимдікі болуға лайық дерлік бір нәрсе алу керек!
Терезелердің ортасында трюмо айна тұр. Сіз сегіз долларлық жиһазды пәтердің трюмосына үңіліп көріп пе едіңіз? Өте арық әрі қимылы ширақ адам оның жіңішке бөліктерінен өзінің келбетін толық көрер еді. Делла өте нәзік болғандықтан бұл өнерді меңгеріп үлгерді.
Ол кенет терезенің тұсынан ытқып кетті де, айнаның алдына келді. Көзі от шашып тұр. Бірақ жиырма секундта өрекпіген көңілі басылды. Әбжіл қимылмен шашындағы түйреуіштерді шешіп, бұрымын жайып кеп жіберді. Джеймс Диллингхем Юнг жұбының мақтануға лайық екі заты барын айта кетелік. Бірі – Джимнің алтын сағаты, атасынан әкесіне, сосын оған бұйырған. Екіншісі – Делланың шашы. Саба патшайымы қарсы үйде тұрса, Делла шашын жуған соң міндетті түрде терезеден шығарып, жайып кептірер еді – сонда ұлы мәртебелімнің алтынмен апталған, күміспен күптелген көйлектері мен әшекейі бұл шаштың ғажаптығының алдында түкке тұрғысыз боп қалатыны сөзсіз. Егер сол үйде Сүлеймен патша есік ашушы боп қызмет етіп, жертөледе бүкіл байлығын сақтаса, Джим алтын сағатын алып қараған сайын патша қызғаныштан сақалын жұлар еді-ау.
Сөйтіп, Делланың әдемі шашы түрлі түске боялған сарқырама құсап төгіліп түсті. Тізеден төмен түсіп, Делланың құлын мүсінін орап алды. Бірақ ол асығып-аптығып, беймаза күйде шашын қайта жинады. Сосын бір сәт күмәнданып, қалт тына қалды. Екі-үш тамшы жас жердегі қызыл кілемге тамды.
Иығына көнетоз бешпетін іле сала, ескілеу қоңыр қалпағын киіп – етегімен жер сүзе, көзінің жасы кеппестен, төменге, көшеге қарай құстай ұшып бара жатты.
Ол тоқтап, оқи бастаған маңдайша жазуда «M-me Sophronie. Шаштан жасалатын кез келген бұйым». Делла екінші қабатқа жүгіріп шықты. Ентігігіп тұрып:
- Менің шашымды сатып алмас па екенсіз? – деп сұрады мадамнан.
- Мен шаш сатып аламын, - деді мадам. – Қалпағыңызды шешіңіз, тауарды дұрыстап қарап алу керек.
Әдемі сарқырама тағы да төгіліп түсті.
- Жиырма доллар, - деді мадам, қалың шашты қолымен ұстап, салмағын өлшеп тұрып.
- Тезірек, - деді Делла.
Келесі екі сағат көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Делла Джимге сыйлық іздеп, дүкеннен дүкен қоймай, табанынан тозды. Ақыры тапты. Бұл зат еш күмәнсіз тек Джим үшін ғана жасалғандай еді. Басқа дүкендердің бірде-бірінен мұндай зат кездеспеді. Ал Делла болса, сөреден сөре қоймай, бәрін ақтарып шыққан еді. Платинадан жасалған, өте қарапайым әрі келісті қалта сағатына арналған көркем бау. Сапалы бұйым алыстан көз тартты. Жылтырақ емес. Жақсы заттар көзге ыстық көрінгені абзал ғой. Бұл бауды сағатқа лайық деуге болады. Делла оны көрді де, осы бау Джимдікі болуы керек деп шешті. Бау тура Джим секілді еді. Қарапайым әрі өте қадірлі – екеуін де осы қасиеттер ерекшелеп тұрады. Кассаға жиырма бір доллар төлеп, Делла қалтасында қалған сексен жеті центін алақанына қысып, үйге қарай асықты. Мұндай баумен Джим кез келген ортада сағатын шығарып, уақыт неше болғанын көруге ұялмайтын болады. Сағаты қанша жерден әдемі болғанмен, жаман былғары бау тағылғандықтан ол көбіне ешкімге көрсетпей, ұрланып көз тастаушы еді.
Үйге жеткен соң Делланың өрекпіген көңілі басылып, мұқияттылық пен сақтыққа жол берді. Бұйралағыш қысқыштарын шығарып, газды жақты, ұлы махаббат пен мәрттіктен жапа шеккен қиянатты түзеуге кірісті. Бір істі түзету, құрметті достар, әрдайым орасан еңбекті талап етеді. Қырық минут өтпестен оның басы тұтамдап бұйраланған қысқа шашқа айналды. Бұл шаш оны сабақтан қашып кеткен бозбалаға ұқсатып жіберді. Ол айнадағы өзіне тесіле әрі сынай ұзақ қарады.
- Ал, - деді сосын өзіне өзі. – Егер Джим көре салысымен өлтіріп қоймаса, Кони-Айлендтегі хор айтқыштарға ұқсататыны анық. Қолдан келер қайыр болса, қанеки, қалтамда бір доллар сексен жеті цент қалғанда, басқа не істей аламын?
Сағат жетіде кофе даяр болды. Қой етінен жасалған котлетті күтіп, оттың үстінде таба қызып тұрды.
Джим ешқашан кешікпейтін. Делла платина бауды алақанында қыса түсті де үстелдің есік жақтағы шетіне отырды. Сәлден соң төмендегі баспалдақпен көтеріліп келе жатқан оның аяғының тырпылы естілді. Делла бір сәтке бозарып кетті. Әр түрлі өмірлік жағдайда Құдайға жалбарынып, дұға жасайтын әдеті бар еді. Ол тез-тез сыбырлай жөнелді:
- О, Құдай, ол мені ұнатпай қалмасын!
Есік ашылды да, Джим кірді, есікті жапты. Түрі сопиып, әбіржіп кетіпті. Жиырма екі жаста шаңырақ көтерген оңай деймісің. Жаңа пальто алатын кез баяғыда болып еді. Қолғапсыз қолы жаурап қапты.
Джим есіктің алдында бөдене көрген тазы құсап қатты да қалды. Көзі Деллаға түсті де, оның көзқарасын Делла не деп түсінерін білмей дал болды. Есі шығып кетті. Мұнысы ашу да емес, таңғалу да емес, зіл де емес, үрей де емес еді – ол күткен сезімнің бірде-бірі болмай шықты. Ол бұдан көзін алмай қарады. Әлпеті әлгіндей бір түрлі қалыптан айнымады.
Делла үстелден қарғып тұрды да оған қарай жүрді.
- Джим, жарығым, - деді ол, - маған бұлай қарамашы. Мен шашымды кесіп, сатып жібердім, себебі саған Жаңа жылдық сыйлық жасамасам, өзімді өзім кешпес едім. Шаш қайта өседі ғой. Сен ренжімейсің ғой, иә? Басқа амалым қалмады. Менің шашым өте жылдам өседі. Джим, мені Жаңа жылмен құттықтасаңшы, мейрамды мерекелейік те. Мен саған қандай тамаша, керемет сыйлық дайындағанымды білсең ғой!
- Сен шашыңды кесіп тастадың ба? – деп сұрады Джим қысыла, миы әлі де бұл жаңалықты қабылдай алмай тұрғандай.
- Иә, кесіп, сатып жібердім, - деді Делла, - Бірақ сен мені бәрібір жақсы көресің ғой? Шашым қысқа болса да, мен сол баяғы Делламын.
Джим таңқала бөлмеге көз салды.
- Сонда сенің бұрымың енді жоқ па? – деп қайталап сұрады ол еріксіз.
- Іздеме, енді таппайсың, - деді Делла. – Мен саған айттым ғой: мен шашымды сатып жібердім – кестім де саттым. Бүгін Жаңа жыл қарсаңы, Джим. Маған жылы қабақ танытсаң етті, мен мұны сен үшін жасадым ғой. Бәлкім, басымда қалған шашты қолмен санап шығуға болатын шығар, - деп еркеледі ол, осы сәтте оның дауысы байыпты шықты, - бірақ, ешкім, ешқашан менің саған деген сезімімді өлшей алмас! Котлетті қуыра берейін бе, Джим?
Сонда ғана Джим есін жиды. Ол Делласын құшағына қысты. Сәл сабыр танытып, бірнеше секунд бөтен заттарды қарай тұрайық, жарай ма? Аптасына сегіз доллар ма әлде жылына миллион көп пе? Қалай ойлайсыз? Бұл сұраққа математиктер мен көпті көрген данагөйлер теріс жауап береді. Сиқыршылар әрдайым қымбат сый әкеледі. Тек арасында бір ғана сый жоқ. Бұл күмәнді тұспалдың бәрі кейін түсінікті болады.
Джим пальтосының қалтасынан оралған түйіншекті алды да, үстел үстіне тастай салды.
- Мені басқаша түсініп қалма, Делл, - деді ол, - Ешқандай шаш пен шаш үлгісі сүйіктіме деген сезімімді өшіре алмайды. Мына орамды ашшы, сонда менің неге алғашқы сәтте сәл абыржып қалғанымды түсінерсің.
Аппақ сүйрік саусақтар орамның жібін шешіп, қағазын ашты. Шаттықтан шыңғырып жіберді де, сол сәтте – қап! – деп әр әйел істейтін істі істеді - жылап қалды, ал қожайын болса, оны сабасына түсіру үшін бәйек боп, жұбатып әуреге түсті.
Себебі, үстел үстінде тарақ жатты, Делланың көптен бері көзі түсіп жүрген Бродвей дүкендерінің біріндегі қымбат тарақ – бір артқы тісі, екі жиегінде екі түрлі тісі бар сүйкімді тарақ. Керемет тарақ. Тұтқасы тасбақадан жасалған. Жиектеріне жылтырақ тастар бедерленген. Оның сарғылт шашымен түстес еді. Бірақ қымбат тұратын. Делла қымбат екенін білетін. Сондықтан мұндай тараққа қолы жетпей, жүрегі қан жылайтын. Ал енді сол тарақ бұған бұйырған күні қолаң шаш қырқылды. Бұл тарақ шашының көркін кіргізер еді. Делла сонда да тарақты кеудесіне қысты. Ақырында жылап отырып басын көтерді де:
- Менің шашым тез өседі, Джим! – деді. Сол сәтте ыстық суға күйіп қалған марғау құсап орнынан атып тұрды да, айқай салды:
- Құдайым-ау!
Джим оның керемет сыйлығын әлі көрмеді ғой! Ол бауды ұстаған алақанын ашып, оған соза берді. Қымбат металдың күңгірт түсі оның шаттығы мен ыстық ықыласынан жарқырап кеткендей болды.
- Қарашы, қандай әдемі, Джим? Осыны тапқанша бүкіл қаланы шарлап шықтым. Енді күніне жүз рет сағат қанша болғанын қарай аласың. Маған сағатыңды берші, екеуін қосқанда қалай көрінер екен. Көргім кеп тұр.
Бірақ Джим оның айтқанын істеудің орнына тақтай төсекке жантайып, жастыққа қисая кетті. Екі қолын басына жастап, жымиды.
- Делл, - деді ол, - екеумізге әзірге сыйлықтарымызды тыға тұруға тура келеді-ау. Біраз күте тұрсын. Олар біз үшін қазір тым қымбат боп тұр. Саған тарақ сатып алу үшін сағатымды саттым. Меніңше, котлет қуырудың уақыты келген сияқты.
Бесікте жатқан сәбиге сый әкелген сиқыршылар шетінен дана, ерекше данагөй болған деседі. Жаңа жылға сый жасау солардан қалған ғұрып екен. Шетінен данышпан болған соң сыйлары да мәнді болыпты. Тіпті сыйлық жарамсыз болып қалса, қайтып ауыстырып беруге де келіседі екен.
Ал мен мұнда аптасына сегіз доллар төлейтін пәтердегі екі ақымақ баланың бір-біріне арнап дүниедегі ең құнды қазынасын қиғаны туралы баяндамақ болдым. Бүгінгі таңдағы парасат иелеріне арнап айтылған сөз болсын, бұл сыйлық жасаушы екеу әлемдегі ең парасатты жан болып тұр. Сый алатындар мен беретіндер арасында шын парасат тек осыларға ұқсағандардікі болмақ. Әрқашанда. Күллі әлемде солай. Сиқыршы деп осындайларды айтады.
О Генри
Аударған Шынар Әбілдә