Жалғыз қолды чемпион
Жапонияда бір баланың жалғыз ғана арманы болыпты – каратэден әлемге әйгілі чемпион болу. Бірақ Құдайдың құдіретіне қараңыз, күндердің бір күнінде сол бала көлік апатына ұшырайды да, сол қолынан айырылып қалады. Бала қатты мұңаяды. Жанын қоярға жер таппайды. «Енді қалай чемпион боламын? Бір қолы жоқ адамнан чемпион шыға ма?» деп өзін өзі жей бастайды.
Ата-анасы тіпті қатты қиналады. Сонда әкесі мен анасы ақылдаса отырып, балаларының көңілі үшін каратэден жеке бір тренер жалдап беруді жөн көреді.
Үйге келген тренер мән-жайды түсінген соң, балаға бірінші күні –ақ бір әдіс үйретеді. Бұл - қарсыластың оң қолын ұстап, шиіріп жібергенде, оны тоңқалаң асыратындай тәсіл еді. Бір қызығы, осы жаттығуды ертесіне де, одан кейінгі күні де, тіпті бір айдан кейін де үйрете берді. Бала да ақырындап бұл жаттығудан жалыға бастады.
- Ұстаз, бір әрекетті қайталай беруден шаршадым, енді басқа бір әдіс үйретсеңіз қалай болады?, - деді.
- Жоқ, - деді ұстазы, - дәл осы мен үйреткен әрекетті дүние жүзінде ең жылдам жасайтын адам болмағанша, жаттығуды тоқтатпаймыз.
Бала көнді, жаттығып, шыныға берді. Тіпті ұстазынан да озып кететін жағдайға жетті.
Бір күні ұстазы балаға ерекше қуанышпен келді. Қолында жас өспірімдер арасындағы чемпионатқа жолдамасы бар. Бала ә дегенде, таң қалды. Дегенмен, бағын бір сынауды да жек көрмеді.
Жарыс болатын күні: «Ұстаз, бұл қалай, менің білетінім жалғыз әдіс. Бір қолым болса тағы жоқ. Енді қалай жеңемін. Менің көңіліме бола әкелдіңіз бе жарысқа?» деп сұрақ қояды.
Ұстазы: «Сен әрекетіңді жасай бер, арғы жағын талайыңнан көресің, қарағым!» - деп баланың иығынан қағып қойды.
Енді міне, жарыс басталды. Бала үйреншікті әдетіне салып еді, қарсыласы топ ете қалды. Екіншісі де! Үшіншісі де! Осылайше финалға жетіп, еңгезердей біреумен шығатын болды. Бала шамалы жүрексінсе де, тағы да тәуекелге бел байлады. Міне, қызық! Тағы да жеңіс. Алып денелі қарсыласы да тілге келмей тоңқалаң асты.
Бала чемпион! Қуанышында шек жоқ. Жүгіріп ұстазына жетті: «Ұстаз, бұ қызық болды ғой. Білетінім бір ғана әдіс. Бір қолым тағы жоқ. Чемпион болғанымды көрмейсіз бе?» дейді шаттанып.
Сонда ұстазы баланың жүзіне бір күлді де: «Балақай, сен жасап жүрген әдіс каратэ спортындағы ең қиын әдістердің бірі саналады. Бұл әдіске тойтарыс беретін бір ғана қарымта тәсіл бар. Ол – қарсыластың сол қолын мықтап ұстау еді!»..
Міне, нағыз ұстаз деп осыны айтсақ керек. Әр балаға қабілетіне қарай тәрбие керек...
Асылбек Әуезханұлы