Әпкелі-сіңлілі үш қыз және тағдыр
Баяғыда бір үйдің үш қызы болыпты. Үлкені нағыз кержалқаудың өзі екен. Ортаншысы жүрегі жібімейтін қатыгез болыпты. Ал кенже қыз сондай сұлу, асқан ақылды, әрі қолынан бәрі келетін ісмер, өнерлі екен. Күндердің бір күні есіктерінің алдына атарба келіп тоқтапты. Қыздар сыртқа шығып қараса, егде тартқан әйел адам отыр екен. – Сіз кімсіз? – деп сұрады қыздар.
– Мен – Тағдырмын. Сендерді күйеуге беретін уақыт келді. Жиналыңдар, – деп ол қыздарды арбасына отырғызып алып жолға шығыпты.
Біраз жүріп, олар бір ауылға кіреді. Үлкен егістікте дамыл таппай еңбек етіп жүрген жігітті көреді. Шаршауды білмейтін бұл жігіт кез келген істі тап-тұйнақтай етеді екен. Ауыл адамдары әлденені жасай алмай жатса, бірден осы азаматқа жүгінеді. – Міне, бұл жігіт – сенің адамың, – дейді Тағдыр қыздардың үлкеніне және оны сол жерде түсіріп кетеді.
Тағы біраз жүрген жолаушылар екінші ауылға келеді. Мұнда ешкімнің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жігіт тұрады екен. Кез келгеннің бабын тауып, көмектесуге даяр тұратын бұл азаматқа ауылдастарының ризашылығы мол.
– Міне, бұл жігіт – сенің адамың, – дейді де Тағдыр ортаншы қызды арбадан түсіріп, ары қарай кетеді.
Көп жүрмей, жолаушылар үшінші ауылға келеді. Ауылдың шетінде құлағалы тұрған лашық. Айналасы шашылып жатыр. Қоқыс пен кірдің арасында ащы суға сылқия тойған мас адам жатыр.
– Міне, сенің адамың, – дейді тағдыр кенже қызға.
– Қалайша? Менің қолымнан бәрі келеді, сұлу десе сұлу, ақылды десе ақылдымын. Ал сіздің тапқан адамыңыз мынау. Әпкелерімді нағыз азаматтарға жолықтырып, мені қалай бұл маскүнемге қиясыз? Басқа адам жоқ па? – дейді шыр-пыр болып.
– Басқалар бар, – деп терең күрсінген Тағдыр:
– Бірақ бұл жігіт сенсіз құрдымға кетеді. Адам қатарына қосатын – сен, – деген екен.
Ал бұны атам қазақ «Жақсы әйел ерінің есіктегі басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің төрдегі басын көрге сүйрейді» деген ғой бір сөзбен.